Расизм: АҚШ-та нәсілдік кемсіту қалай пайда болды?

Расизм – дін де сенім де емес, бұл ақыл-ойдың мүгедектігі.

Дэвид Айк

9 маусымда АҚШ полиция қызметкері Дерек Човиннің қолынан қаза тапқан Джордж Флойдты жерлеу рәсімі өтті. Оның қаза табуы АҚШ-та нәсілдік кемсітуге қарсы наразылықтың күшейуіне әкелді. Флойдтың қазасына жауап ретінде Миннеаполисте полицияның зорлық-зомбылық пен нәсілдік теңсіздікке қарсы наразылықтары басталды. Шерушілер полиция бөлімшесі ғимаратының алдына барып, "Мен демала алмай жатырмын" деген жазылған бетперде киіп (Флойд қайтыс болғанға дейін осы сөзді қайталап айтқан) наразылық білдірді.

"Мен демала алмай жатырмын" ұраны қалай пайда болды?

АҚШ президенттігіне үміткер Джо Байден сейсенбіде CBS-ке берген сұхбатында Флойдты "әлемді өзгерткен адам және оның қаза болуы – Америка тарихындағы ең үлкен бетбұрыс" деп атады.

Жерлеу рәсімне қатысқандар 8 минут тыныштық жариялады. Себебі Дерек Човин Джорджды осынша уақыт мойнынан тізесімен басып тұрған. Бұл АҚШ тарихындағы бірінші нәсілдік кемсіту салдарынан болған адам өлімі емес.

©golos-ameriki.ru

Африкалықтарды Америкаға алып келу және құлдыққа тарту

Жерорта теңізін түркілер толығымен жаулап алғаннан кейін Еуропа елдеріне тиесілі кемелер онымен емін еркін жүзе алмады, кәрі құрлыққа Үндістан, Қытай және Үндіқытайдан әкелінетін түрлі өнімдердің бағасы алтын бағасынан асып түсті. Бұл жағдайда еуропалық теңізшілер Үндістанға жетудің басқа жолдарын іздей бастайды.

Испан суретшісі Диоскор Пуэбло картинасы. "Колумбтың Америкаға аяқ басуы"

Атақты теңізші Христофер Колумб батысқа Атлант мұхиты арқылы жүзсе Үндістанға жетуге болады деген идеяны алға тартты және Испания Корольдігінің көмегімен Батыс экспедициясын ұйымдастырды. Осылайша, еуропалықтар Америка құрлығына тап болады. 1492 жылы Колумб Жаңа әлемге жеткеннен кейін бірнеше жыл өтіп, бұл құрлықты еуропалықтар жаулап ала бастады.

© dailymail.co.uk

Жергілікті халық жаңа территорияларды жаулап алу кезінде жойылғандықтан, құнарлы жерлерді игеру үшін көптеген жұмысшы қажет еді. Бұл мәселені шешу үшін еуропалықтар Африка құрлығының тұрғындарын Америка құрлығына мәжбүрлі түрде құлдыққа ала бастады. Құлдар кемелердің астындағы арнайы камераларға қамалып тасымалданатындықтан, олардың жартысынан көбі межелі жерге жеткенге дейін өліп кететін. Құл саудасымен айналысқан басқыншылар өлген құлдарды теңізге лақтырып, сапарын ары қарай жалғай беретін. Тарихшылардың есептеуінше, 300 жыл ішінде Африкадан жаңа құрлыққа 10 миллионнан астам құл тірідей тасымалданған. Батыс жарты шарда тұратын афроамерикалықтардың көпшілігі осы құлдардың ұрпақтары.

©pinterest.de

АҚШ-тағы құлдықты жою

ХІХ ғасырға қарай Америкада құлдыққа қарсы шыққан саналы адамдардың саны өсті. Әсіресе, аймақтағы ең қуатты елдердің бірі – АҚШ-та құлдыққа қарсы қозғалыс күшейді және бүкіл елде оны жоюға күш салынды. 1808 жылы АҚШ Конгресі Африкадан елге құлдарды әкелуге және сатуға тыйым салатын заң қабылдады.

Бірақ бұл заң елдегі құл саудасын тоқтата алмады. Құл сатумен айналысатындар Африкадан адамдарды Америка Құрама Штаттарына бәрібір контрабанда жолымен әкеп сата берді. Осыдан кейін үкімет құлдықты жоймай нәтижеге қол жетпейтінін түсініп, АҚШ-тағы құлдық пен құлдықты жою туралы заң жобасын дайындайды.

Әрине, елдің барлық азамат құлдықтың жойылуын қаламады. Әсіресе Америка Құрама Штаттарының оңтүстігіндегі жер иелері. Өйткені, олар тегін жұмыс күшінен айырылып қалатынын түсінді. Сондықтан, құлдықты жою туралы хабарланған кезде, оңтүстік штаттар оған қарсы көтеріліп, 1861 жылы АҚШ Азаматтық соғысы басталды. 1865 жылы құлдыққа қарсы солтүстік оңтүстікті жеңді. Осылайша, елдің тұтастығын сақтай отырып, АҚШ құлдыққа қарсы заң қабылдады.

©stepankiskin.info

1861 жылы Америка Құрама Штаттарының Президенті болып сайланған Авраам Линкольннің елдегі құлдық пен құлдықты жоюға қосқан үлесі зор. Ол АҚШ-тағы құлдықты тоқтату туралы 1862 жылғы актіге қол қойды. 1863 жылы Америка Құрама Штаттарында сол заң бойынша құлдарға еркіндік беру хабарландыруы жарияланды. Линкольн қол қойған қарарды 1865 жылы Азаматтық соғыс аяқталғанға дейін және оңтүстік штаттар жеңіліске ұшырағанға дейін жүзеге асыру мүмкін болмады.

1865 жылы АҚШ Конституциясына 13 түзету енгізу туралы декларация қабылданды. Бұл өзгерістерде құлдықты жою АҚШ Конституциясында бекітілген. 1865 жылы оны алғаш рет төрт штат ратификациялады. Заң соңғы рет Миссисипи штатында 2013 жылы жүзеге асырылды.

©pikabu.ru

Америка Құрама Штаттарында нәсілшілдіктің өршуі және аяқталуы

АҚШ-та құлдық заңды түрде жойылса да, елде нәсілшілдікті азайту мүмкін болмады. АҚШ-тың ақ нәсілділері кеше өздері босатқан қара нәсілді экс-құлдарға деген көзқарасын өзгертпейді, ал елде нәсілшілдік жоғары деңгейде қалды.

Өз шығармасында қара нәсілді кейіпкерді жағымды образ ретінде бейнелеген алғашқы жазушы Марк Твен: "Құлдықтың жойылуы елдегі нәсілшілдікті жойған жоқ, керісінше күшейтті" деп жазды

Шын мәнінде, мемлекеттік саясаттың өзі нәсілшілдікке негізделген болатын. Елде қара нәсілді азаматтардың құқығын шектейтін көптеген жергілікті және федералды заңдар болды. Осы заңдардың кесірінен АҚШ-тағы қара нәсілділер, тіпті ХХ ғасырда да көптеген құқығынан айрылды.

Өзін әлемдік демократияның символы санайтын Америка Құрама Штаттарында қара нәсілді азаматтар түсінің қара болғаны үшін бүгінге дейін кемсітіліп келді. Автобустарда олар тек артқы есіктен шығып кіретін. Егер олар автобуста орындықта отырғанда ақ нәсілділерге қажет болған жағдайда өз орындарын босатуға мәжбүр болды. Сондай-ақ, олар ақтарға арналған кафелер мен мейрамханаларға кіре алмайтын, тіпті «қаралар» үшін бөлек дәретхана салынды.

Егер ақ нәсілділер бас сұғатын кафе не аумаққа қара нәсілділер кіріп кеткен жағдайда кем дегенде оларды қатты қорлап, сөгіп қуып шығатын. Мұндай жағдайда қара нәсілділер қарсы шықса, полиция оларды қамауға алатын. Жеке меншік кәсіпорындар, кафелер мен мейрамханалар ғана емес, сонымен бірге мемлекеттік органдарда да осындай рәсімдер болды. Мәселен, Пентагонның штаб-пәтерінде қара қызметкерлер 1970 жылға дейін ақ қызметкерлер кіретін дәретханалар мен асханаларға кіре алмады. Ақтарға "мистер", "миссис" немесе "мисс" деп сөйлеу қара нәсілділерге талап етілді. Ақтар оқитын мектеп немесе университетке қара нәсілділер оқи алмайтын.

©russian.rt.com

Қара нәсілділердің қаһарманы Мартин Лютер Кинг

1954 жылы Алабама штатының Монтгомери қаласындағы 42 жастағы қара нәсілді әйел Роза Паркс автобуста заң бойынша орын босатуды сұраған ақ нәсілді адамға орын бермегені үшін қамауға алынды. Мұнан кейін жас жазушы Мартин Лютер Кинг басқаратын қара нәсілділер тобы қалалық автобустарға бойкот жариялайды.

Нәтижесінде қалалық көлік қатты зардап шегеді. Содан кейін қалалық шенеуніктер Мартинмен келіссөздер жүргізуге тырысады. Бірақ ол бас тартады. Қала шенеуніктері қара нәсілділерді автобусқа мәжбүрлеп отырғыза бастайды. Қарсы шыққандарға 1921 жылғы заңды алға тартады. Қара нәсілділер қоғамдық көлікте жүрмегені үшін қамауға алынады.

Біртіндеп қара нәсілділердің құқығы Америка Құрама Штаттарында басты мәселеге айналады және көптеген зиялы қауым қара нәсілділердің құқығын қорғай бастайды. Мартин Лютер болса шерушілердің көшбасшысына айналады. 1963 жылы наурыз айында 200 мыңнан аса адам, негізінен, афроамерикалықтар Вашингтон көшелерінде демонстрация жасады. Олардың алдында Кинг өзінің әйгілі “Менің арманым бар” атты сөзін сөйледі. Оған бірнеше рет қастандық ұйымдастырылады. Әупірімдеп ажалдан амал қалған Мартинге 1964 жылы Нобель сыйлығы беріледі.

1965 жылы АҚШ Конгресі "Сайлаушылар туралы" заңға мемлекеттерге өз азаматтарына сайлау құқығын беру туралы тәуелсіз шешім қабылдауға мүмкіндік беретін түзетулер енгізеді. Сондай-ақ, штаттарда қара нәсілділерге дауыс беру құқығын береді, ал оларға қойылған түрлі шектеулер мен тыйымдар алынып тастала бастайды.

1968 жылы Мартин Лютер Мемфистегі қонақ үйде нәсілшілдер ұйымдастырған қастандықтан қаза тапқанда 39 жаста еді. Оның өлтірілуі туралы көптеген болжам бар. Мартин қара нәсілділер құқыққа ие болғаннан кейін ғасырлар бойы оларға жасалынған әділетсіздіктер үшін 50 миллиард доллар өтемақы талап еткен.

Оның жоспарына сәйкес, бұл ақшаны АҚШ-тағы әрбір қара нәсілді азаматқа тең үлестіру керек еді. Мартинді өлтіргеннен кейін бұл талап күн тәртібінен түседі. Мартин Лютерді атқан Джеймс Эрл Рэй 99 жылға бас бостандығынан айырылады.

Мартинді ақтық сапарға шығарып салуға 100 мың адам жиналған. ©gazeta.ru

Бүгінгі таңда Мартин Лютердің есімі Америка Құрама Штаттарында қара нәсілділердің құқығы үшін күрескен батыр ретінде есте қалды.

Афроамерикалықтардың азаматтық құқығы қалпына келтірілгеннен кейін жағдай қалай болды?

Америка Құрама Штаттарында өмір сүретін қара нәсілділердің құқығы қалпына келгенмен оларды кемсітетіндер әлі де бар. Әсіресе ақ нәсілді полиция қызметкерлері мүмкіндік болғанда қара нәсілділерге қарсы қарсы зорлық-зомбылық жасайды.

Кейбіреулер өздерінің жек көрушілігін Америка Құрама Штаттарында жасалған қылмыстардың көпшілігі (есірткі және қару-жарақтың заңсыз айналымы) қара нәсілділер тарапынан жасалады. Сондықтан біз бейбіт өмір сүре алмаймыз деп түсіндіреді. Шындап келгенде олар қара нәсілділердің түсі басқа болғаны үшін жек көретінін мойындағысы келмейді.