- Негізгі бет
- Әлемтану
- Плутон не себепті...
Плутон не себепті планета емес?
Күн жүйесіндегі ең жұмбақ және күннен ең алыста орналасқан планетаға, көне гректердің өлім және жер асты құдайы саналған Плутонның есімі берілген. Күннен алыс жатқасын өңі суық, әрі қараңғы болғандығынан да осы атау берілген.
Плутон 1930 жылы ашылды, содан бері кішкентай планетамыз тыныштық көрмеді. Бірі оны астероид деді, бірі планета деді. Сонау 20 ғасырда басталған талас-тыртысқа 2006 жылы нүкте қойылып, "саған да жоқ, маған да жоқ" дегендей астероид та емес, планета да емес, "ергежейлі планета" деген атау тағылды. Бірақ, бұл іс ғалымдарды тыныштандырып, жекісіп жүрмесі үшін жасалынды деп ойласаңыз қателесесіз, бұған үлкен себеп бар.
Плутонды 1930 жылы америкалық астроном Клайд Томбо, Аризона штатындағы Лоуэлл обсерваториясында ашты. Күн жүйесінде көзден таса жерде тоғызыншы планета бары математикалық есеп жүзінде анықталғанымен, оны іздестіруге Клайд мырза ғұмырының 15 жылын жұмсады. Табылды, зерттелді және көлемі өте кішкентай екендігі белгілі болды. Алайда, өзге планеталар секілді өз орбитасына ие екендігін, өзге планеталар секілді өз серіктеріне де ие екендігін тауып, "планета" деген атауға лайық деп шешті.
Сөйтіп, араға 76 жыл салып Плутоннның "планеталығы" қайта көтерілді. Себебі, 20 ғасырдың соңында, баршаға "Койпер жолағы" деген атпен танымал транснептундық аймақ табылды. Бұл аймақта қаптаған нысандар, астероидтар орналасқан. Осы кезде Плутон сол қаптаған транснептундық нысандардың бірі екендігі анықталды. Бірақ, "планеталығынан" айырылуға себеп Койпер жолағының табылғандығы емес, сол Койпер жолағында орналасқан Плутоннан да үлкен UB313 (Эрида) атты планетаның табылғандығы еді.
Ергежейлі планеталар
Америкалық астроном Майкл Браун Эриданы тапқаннан кейін Халықаралық астрономия одағына бағыттап, "не Эрида күн жүйесіндегі оныншы планета атанады, не Плутон планета болудан қалады" деп ресми түрде хат жазады. Әрине, бұл жайттан кейін Эриданы елемей қалу мүмкін болмады. Сондықтан, әлем астрономдары біріге отырып, "ергежейлі планета" атты су жаңа класс ойлап тапты да, құрамына Плутон, Эрида, Церера, Хаумеа және Макемакены кіргізеді. Сонымен, күн жүйесінде қазір 8 негізгі планета, 5 ергежейлі планета бар.
Massaget.kz