- Негізгі бет
- Әлемтану
- Пацифизм идеологиясы: Соғысқа...
Пацифизм идеологиясы: Соғысқа қарсы шығатындар кімдер?
Пацифистік қозғалыс тарихы бірнеше жылдарға жалғасады. Олар соғыстың адамзат үшін пайдасынан гөрі, зияны көп деп есептейді.
Пацифизм деген не?
Пацифизм — Оксфорд сөздігіне сәйкес соғыс пен зорлық-зомбылықты жоюға арналған идеология. Пацифистік қозғалысты бейбітшілікті жақтайтын, соғысқа бейбіт жолмен қарсы шығатын антисоғыстық қозғалыс деп атауға болады.
"Пацифизм" терминін ( латын тіліндегі pacificus — бітімгершілік, pax — бейбітшілік және facio — жасаймын) XIX—XX жылдары бейбітшілік үшін күрескерлердің бірі француз Эмиль Арно енгізді.
Пацифистер белгісі
Пацифисті қозғалыс белгісі — пацификті — 1958 жылы ағылшын суретшісі Джеральд Холтом отом соғысына қарсы тікелей әрекет комитетінің маршына арнап салған болатын. Пацификті жасау барысында ол семафор әліпбиінің көмегіне жүгінді. Ол N (ядро) және D (қарусаздандыру) әріптерін Жерді көрсететін дөңгелек ішіне орналастырды.
Кейін символ Ядролық қарусыздану қозғалысы (CND) қабылдап, 1960-жылдан бастап соғысқа қарсы қозғалыстың халықаралық эмблемасына айналды.
Пацифизм шығу тарихы
Алғаш рет біздің заманымызға дейінгі V ғасырда Ежелгі Қытайдан алғашқы пацифистік теория үлгісі қалыптасты. Оны ежелгі қытай данышпаны әрі әскери инженер Мо-цзы құдайдың ұлы махаббат заңының бар екендігі туралы теория арқылы жеткізген. Ол және оның ізінен ергендер "біз Аспан қалағанын істеуіміз керек, ал Аспан бір-бірімізді жақсы көргенімізді және бір-бірімізге зиян тигізбеуімізді қалайды" деп дәлелдеді. Оның ойынша, егер барлық мемлекет осы заңға назар аудара отырып, бір-біріне қарасса, онда соғыстар болмас еді.
Мо-цзы соғыс туралы мынадай маңызды ойын айтты: олар бұрыннан бар нәрсені береді, бірақ адам алғысы келетін нәрсені тартып алады. Сонымен қатар, жеңіске жеткен мемлекеттің өзі әлсірейді. Соңында, Мо-цзы соғыс салдарының қайшылығын да атап өтті: бір адам өлтірген жағдайда айып тағылып, қылмыс деп есептелсе, бірақ соғыс кезінде қырғын жасаған жағдайда оның батылдығы дәріптеледі.
Мо-цзы мәлімдемелерінің барлығында агрессивті және шабуыл соғыстарына мән береді. Қолға қару алу қажет болған кезде қорғаныс үшін әділетті соғыстар да болатынын түсіндірді.
Джайнизм біздің дәуірімізге дейінгі IX—VI ғасырларда Үндістанда пайда болды. Ол дүниедегі барлық тіршілік иелеріне зиян тигізбеуді уағыздайды. Джайндердің бірі Раичандрабхай Мехта Махатма Гандидің досы болды. Саяси тактика ретінде зорлық-зомбылық жасамауды пайдалану туралы идеяларын қалыптастыруда бұл достық маңызды рөл атқарды деп айтты.
Алғашқы христиандар арасында да зорлық-зомбылық жасамау идеялары кең таралған. Олардың ешқайсысы тарихи құжаттарға қарағанда, кем дегенде II ғасырдың соңына дейін Рим әскерінде қызмет еткен жоқ. Христиандық мемлекеттік идеямен қосыла бастаған сәтте бетбұрыс болды. Христиандар "әділ" зорлық-зомбылық идеясын негіздей бастады.
Бұл жолы соғысқа қарсы идеяларды ресми шіркеуді сынаушылар – катерлер, вальдендіктер, үшінші францискандар, сондай-ақ гуситтер қорғай бастады. Атақты христиандық гуманист Эразм Роттердамдық та осы көзқарастың жақтаушы болды.
"Әлем достарынан" пацифистерге дейін
Батыста, соның ішінде Ұлыбритания мен АҚШ-та соғысқа қарсы алғашқы ұйымдар Наполеон соғыстарынан кейін пайда болып, 1880 жылдардың соңы мен 1890 жылдардың басында кең тарады. Мұндай ұйымдардың халықаралық конгрестері соғыстарға тыйым салу, жалпы қарусыздануға шақырды. Нәтижесінде олардың қызметі көптеген елдердің заңнамасында мерзімді әскери қызметпен қатар оны баламалы азаматтық қызметке ауыстыру мүмкіндігі бекітілді.
1899 жылы Гаагада Бірінші Бейбітшілік конференциясы өтті, онда қатысушылар қарусыздану мәселелерін талқылады. Осындай айқын табысқа қарамастан, бейбітшілік қозғалысы Аустрия мен Германияда көзге ілінбей қалды. Олар бұл қозғалыстан радикалды буржуазиялық әйелдер қозғалысының қатысуына байланысты бас тартты.
1901 жылдан бастап бейбітшілік қозғалысының жақтастары өздерін "пацифистер" деп атай бастады. Бұрынғы «әлем достары» деген атаулар ақыры жойылды. Жаһандық жүйедегі дағдарысының күшеюі халықаралық бейбітшілік қозғалысы мен пацифист авторларын жаңа концепциялар мен теориялар жасауға итермеледі.
Осылайша, аустриялық философ және болашақ Нобель бейбітшілік сыйлығының лауреаты Альфред Фрид дүниежүзілік соғысты жоққа шығарған "ұйымдық пацифизм" деп атаған бейбітшілік теориясын жасады. Фридтің теориясы Норман Ангеллдің "Еуропаның оптикалық иллюзиясы" (1909) еңбегінде қолдау тапты, ол ұлттық экономикалық мүдделердің өзара тәуелділігіне байланысты болашақ соғыстарды экономикалық тұрғыдан түкке тұрғысыз деп санады.
1918 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін бейбітшілік қозғалыстары біртіндеп жас еуропалықтардың арасында таныла бастады. Осы кезеңде "Халықаралық соғысқа қарсыластар", "Бейбітшілік пен еркіндік үшін әйелдердің халықаралық лигасы", "Соғысқа жол жоқ" қозғалысы, "Мемлекеттік қызмет халықаралық" және "Бейбітшілік кепілі одағы" сияқты ұйымдар құрылды. Ұлттар Лигасы соғыс кезінде бірнеше қарусыздану конференцияларын ұйымдастырды.
Лондонның Трафальгар алаңынан Беркшир ядролық қаруды зерттеу мекемесіне дейінгі наурыз, 1958 жыл
Соғыстан кейінгі пацифистік идея ядролық соғысқа жол бермеуге бағытталды. Олар 1958 жылы британдық ядролық қарусыздану қозғалысының мүшелері CND (Campaign for Nuclear Disarmament) Лондондағы Трафальгар алаңынан Беркширдегі Олдермастондағы Ядролық қаруды зерттеу мекемесіне (AWRE) дейін 50 шақырым жерді жүріп өтіп, өз талаптарын айқындады.
1960 және 1970 жылдары пацифистер Вьетнам соғысына белсенді түрде наразылық білдірді. Осылайша, 1969 жылы 15 қарашада Америка тарихындағы ең ірі соғысқа қарсы митинг Вашингтонда өтті, онда 250 000-нан астам адам Вьетнамнан америкалық әскерлерді шығаруға шақыру үшін бейбіт түрде жиналды.
Пацифист идеологиясы
Екі пацифистік көзқарас бар. Біріншісі пацифизмді насиғахттауға және соғысты саясат ретінде мүлдем жоққа шығаруға негізделген. Екіншісі жеке адамдар мен топтардың кез келген соғыс актісіне, мүмкін кез келген зорлық-зомбылық әрекетіне қатысу этикалық сенімінен туындайды.
Тәсілге байланысты пацифизмнің бірнеше түрі бар:
Абсолютті. Бұл көзқарасты ұстанушылар ешқашан соғысқа, тіпті өзін-өзі қорғауға да қатысуға болмайды деп санайды. Олардың пікірінше, адам өмірінің құндылығы соншалық, адамды қасақана өлтіруді ештеңе ақтай алмайды. Сондай-ақ, бұл принципті жақтаушылар шабуылға ұшыраған және өлтірілуі мүмкін жазықсыз адамды құтқару үшін зорлық-зомбылық қолдануды әдепсіз деп санайды. Абсолютті пацифистер зорлық-зомбылық әрқашан ең жағымсыз жайттардың себепшісі болады деп есептейді.
Шартты. Бұл тәсілді жақтаушылар негізінен соғыс пен зорлық-зомбылыққа қарсы, бірақ олар соғыс оның баламасынан гөрі қорқыныштырақ болатын жағдайлардың болуы мүмкін екенін мойындайды. Мұндай пацифистердің соғыстарға деген көзқарасы көбірек жинақы еді. Олардың пікірінше, соғыс көмегі арқылы мәселені шешудің басты себебі - олардың салдары.
Таңдамалы. Бұл тәсілді жақтаушылар зорлық-зомбылық қолданудың негізгі мәселесі оның дәрежесінде деп есептейді және жаппай қырып-жоятын қаруды (ядролық, химиялық және биологиялық) қолдану арқылы соғыстарға қарсы.
Белсенді. Бұл тәсілді жақтаушылар бейбітшілікті нығайту және нақты соғыстарға қарсы тұру үшін саяси әрекеттерге белсенді қатысады.
Пацифистердің басым бөлігі толық соғысты жою идеясын іске асыр үшін халықтың басым бөлігі білімді болу керек деп есептейді.
Т. Есқали