- Негізгі бет
- Әлемтану
- Пандемияға қарсылық ретінде...
Пандемияға қарсылық ретінде ең биік мүсін сатылып кете жаздаған
Үндістанда белгісіз біреулер әлемдегі ең биік мүсін Гуджараттағы "Ынтымақтастық" мүсінін ғаламтор арқылы коронавируспен күресуге қаражат жинау мақсатында сатпақшы болған.
Аталған мүсін Вадодора қаласының маңында Гуджарат штатындағы жасанды көлге елдің ұлт көсемдерінің бірі, қоғам қайраткері Валлабхаи Пательдің құрметіне арнап тұрғызылған.
Оның биіктігі – 182 метр. Астындағы тұғыртасымен қоса есептегенде биіктігі 240 метрді. Бұл Нью-Йорктағы "Азаттық" мүсінінен екі есе биік болса, ҚХР, Хэнань провинциясындағы 128 метрлік Буддадан 54 метр биік.
The Indian Express-тің хабарлауынша, 240 метрлік мүсін әр түрлі заттарды интернет арқылы сатуға арналған онлайн дүкен – OLX платформасында сатылымға қойылған.
“Төтенше жағдай! "Ынтымақтастық" мүсіні ауруханалар мен медициналық жабдықтарға қаражат қажет болғандықтан сатылатын болады. Мүсіннің бағасы 300 миллиард рупий (4 миллиард доллар)" делінген хабарламада. Жарнама алғаш жарияланған кезде ешкім оны алаяқтық деп ойламаған.
Мүсінді сату туралы ұсыныс 4 сәуірде OLX-те пайда болған. Бірақ Гуджарат әкімшілігі оны бір күннен кейін байқап, полицияға жүгінген. Содан кейін мүсіннің сатылымы туралы жарнама сайттан алынып тасталған.
"OLX онлайн платформасы сатылым туралы жарнаманы тіпті тексермеген", - делінген мемлекеттік әкімшілік хабарламасында.
Үнді БАҚ өкілдерінің жазуынша, белгісіз біреулер осы арқылы үкіметтің пандемиямен күресуге дайын емесін мазақ еткісі келген. Мемориалды кешен коронавирустың таралуына байланысты келушілер үшін 17 наурыздан бастап жабылған.
Қазіргі уақытта Үндістанда коронавирус жұқтырған адамдардың саны 4,3 мыңнан асады, ал қайтыс болғандар саны – 118.
Айта кетейік, Патель 1875 жылы 31 қазанда Үндістанның Надияад қаласында дүниеге келді. Жоғары мектепті бітіргеннен кейін заң факультетін тәмамдап, қорғаушы болып жұмыс істей бастады. 1900 жылдан бастап 1910 жылға дейін Годхра мен Балсад қалаларында қылмыстық істер бойынша қорғаушы болды, осы кезеңде Патель Үндістанның ең танымал және табысты адвокаттарының бірі еді. 1910 жылы Лондонға барды. 1913 жылы Валлохайма Үндістанға қайтып келіп, Ахмедабад қаласында заңгер қызметін атқарды.
Оның тұлға болып қалыптасуына Махатма Гандидің тигізген әсері өте зор. Патель Махатманың Үндістанның тәуелсіздікке жетуіне деген ұмтылысын қолдады және Гандидің адал ізбасары болды. Ағылшындардан Үндістан тәуелсіздік алғанан кейін Валлабхаи вице-министр қызметін атқарды. Патель Үндістанның шекараларын сақтап қалу жолында үлкен күш жұмсады. Халықты күшпен, қарумен емес, тыныш жолмен біріктірді.
Елдің алдындағы осындай қызметі үшін халық оны "Сардар" (жетекші, көшбасшы) деп атап кетті. Валлабхаи Патель 1950 жылы 15 желтоқсанда Бомбейде қайтыс болған.
Бұл мүсіннің құрылысына Үндістан үкіметі 430 миллион доллар жұмсаған. Үндістанның премьер-министрі Нарендра Модидің айтуынша, ескерткіш Үндістанның халықаралық беделін арттырып, туристерді Гуджарат штатына тартады. Нодидің өзі жобаға 34 миллион доллар қаржы бөлген. Құрылысқа 5700 тонна болат пайдаланылған. Мүсінде көрмелер залы, мұражай, 153 метр биіктікте тамашалау алаңы болады. Мүсін жағалауға 3,5 шақырым қашықтықта орналасқан.
Т. Раушанұлы