Уиттиер, Калифорния. Пуэнте-Хиллз қорығындағы күнге сүйген шыңнан қарағандағы көрініс Лос-Анджелес қаласының орталығындағы зәулім ғимараттар мен тұман тұтқан Тынық мұхитының шекарасына дейін созылады. Олардың арасында таулы жасыл және қоңыр төбелер арасында гүлдеген қара қыша сарғайып көрінеді. Бұл – Калифорнияда таралу қаупі ұлғайып келе жатқан инвазивті (бөтен) өсімдік.
Еуразияның тумасы, қара қыша өсімдігі жергілікті өсімдіктермен қорек үшін бәсекелеседі, осылай ол басқалардан биігірек өсіп, тамырларынан басқа өсімдік тұқымдарының өнуін тоқтататын биохимиялық заттар шығарады. Қара қышаның вегетациялық кезеңі ерекше қауіпті: өсімдік көктемде гүлдеп, биіктігі сегіз футқа дейін жетеді де жаздың басында қурап, қауіпті тамызыққа айналады.
Саябақтар мен шөлейтті жерлерде қураған өсімдіктердің жиналуы және климаттың өзгеруі Калифорниядағы жойқын орман өрттерінің шығуын жиілетті. 2021 жылы Америка Құрама Штаттары орман өрттерінен 2 млн акрдан астам жабайы табиғатты жоғалтты. Ал 100 000 акрдан астам аумақты жалмаған ірі өрттер жиі бола бастады. Метеорологтар тағы бір құрғақ қыс пен 1200 жылдағы ең алапат қуаңшылықтың жалғасуы 2022 жылы өрт маусымы өте апатты болуы мүмкін екендігін айтады.
Өрт қаупі жоғары маусымдарға дейін, өсімдіктер мен бұталарды жұқартып, өртке тамызық болатын материалдарды азайту үшін жер иелері дәстүрлі түрде гербицидтер мен адам еңбегін қолданатын. Бірақ Оңтүстік Калифорниядағы тауларды бұлай тазарту қиынға түседі әрі келесі жылы өніп шығатын тұқымдар қалып қояды.
Міне сондықтан да Калифорниядағы адамдар мәселенің төрт аяқты шешіміне – ешкілерге көбірек жүгіне бастады. Жерді өсімдіктерден тазарту үшін ешкіні пайдалану – ежелден бар тәжірибе. Бүкіл әлемде орман өрттері артқан сайын Грекия, Австралия және АҚШ-тың Аризона мен Колорадо сияқты штаттар әртүрлі шөп қоректілерді орман өртінің алдын алудың маңызды құралы ретінде қабылдай бастады.
Алисса Коптың Калифорниядағы компаниясы жерін қажетсіз және зиянды өсімдіктерден тазартқысы келетін клиенттер үшін ешкі баққандармен соңғы алты жыл ішінде келісімшартпен жұмыс істеп келеді.
Табиғи ресурстарға назар аудара отырып, қоршаған ортаны жоспарлауға мамандандырылған “Sage Environmental Group” компаниясының иесі Алисса Коп: “Біз бастаған кезде, арманымыз қоршаған ортаға барынша көмек беру еді, себебі өзім барлық жерге гербицидті галлондап төгуден шаршаған едім,” – дейді ол. – Ешкілер тұқымды жеген соң, ол ас қорыту жолдарынан өтеді де, топырақа түскен соң өсіп-өнуге жарамсыз болып қалады. Бұл шынымен таңданарлық жайт”.
Лос-Анджелес округіндегі “CAL FIRE” гранттарын ұйымдастыруға және үйлестіруге көмектесетін өрт сөндіру инженері Тревор Мур “бұл бағдарлама болашақ бастамалар үшін сәтті үлгі болады” деп үміттенеді.
"Біз қоршаған ортаға әсері аз, … бағдарламаның сәтті болғанын қалаймыз, сондықтан мен оны басқа қауымдастықтарға үлгі ретінде көрсете аламын. Бұл өмірді, мүлікті және қоршаған ортаны қорғауға шынымен көмектесе алады", - дейді Мур.
Калифорниядағы Лагуна-Бичтегі үйдің маңында жайылып жүрген Indacochea Sheep Ranch ранчосының ешкілері – қаланың өрт қаупін азайту стратегиясының бір бөлігі.
Оңтүстік Калифорнияда ешкілерді жайылымыммен қамтамасыз ететін он шақты компания бар. Әдетте, күніне жүз ешкі бір гектарды тазарта алады. Компаниялардың коммерциялық тарифтері әдетте бір акр үшін 800 доллардан 1,500 долларға дейін ауытқиды. Йорба Линда қаласы шамамен 13,000 доллар тұратын “Sage”-ге ұқсас бастапқы жобаға тапсырыс берген болатын. Көптеген компаниялар ешкілермен бірге көшпелі өмір сүру үшін адамдарды жалдаудың дәстүрлі тәжірибесін ұстануда.