Нүкіс қаласы – Қарақалпақстан республикасының астанасы. 1932 жылы қала мәртебесі берілген. 2003 жылы 70 жылдығын, 2012 жылы 80 жылдығын тойлады. Қазір қалада 340 мыңға жуық адам тұрады. 1996 жылы 180 мыңнан аса тұрғыны болған екен.
Қала Әмудария өзенінің бойында орналасқан.
Тарихы
Қазіргі Нүкіс қаласынын түркі тайпалары ежелгі дәуірден мекендеген. Біздің заманымызға дейінгі IV ғасырда бұл жерде Шорша атты көне қалашық болған. Алайда археологтар көне қалашықтың орнын тапқанымен, зерттеуі біршама қиынырақ болып тұр. Өйткені қалашық зираттың астында жатыр.
Ортағасырларда оғыз тайпалары мекендеген. Өңірден 1000-нан астам археологиялық қазба ескерткіштері табылған.
Кейін бұл мекен Хорезм мемлекетінің қоластында болады. Әрі маңызды стратегиялық нысаны болған. Тарихшылардың айтуынша, Әмударияның дәл төсінде орналасқандықтан, Хорезм шахы оны қорғаныс қамалы әрі Әмудария өзенінің су жолын бақылап-қадағалаушы әкімшілік нүктесі болған. XII ғасырдағы деректерде қалашыққа әскери қорғаныс қамалы деп сипаттама берілген.
XIX ғасырдың 60-жылдары бұл мекенде Нүкіс ауылы құрылады. "Нүкіс" атауы да сол кезде кіріккен. Қарақалпақ құрамына енген рулардың бірі "нүкіс" деп аталған екен. Атау көне моңғол тілінен "нохос" деген сөзден шыққан. Нүкіс – көне рулардың бірі. Қала атауы да осы сөзден шыққан деседі.
Тағы бір уәжге сенсек, "нүкіс" сөзі көне оғыз тіліндегі "оксус" немесе "оғыз" сөзінен шығуы мүмкін. Әмудария өзені көне дәуірде "Оксус" аталған, ал оның маңында ауыл "Оғыз ауылы" дескен.
1874 жылдары қалашықтың орны қайта қалпына келтіріліп, енді әскери бекініс ретінде құрылып, Ресей империясының құрамына кіреді. Кейін империя құрамындағы Сырдария облысының Әмудария бөлімшесінің орталығы болады. Сол жылы қалашық маңында Әмударияның төменгі бөлігінде алғаш станция – гидрометеостанция салынады. 1887 жылы мектеп пен аурухана ашылады.
Бекіністің негізгі тұрғын халқы қарақалпақтар еді. Кейін басқа ұлттар да жиналады.
Астана атануы
1924 жылы Қарақалпақстан автономиялық облысы құрылады. 1925 жылдың 16 ақпан күні Қарақалпақстан АССР-ы Қазақ АССР-ның құрамына кіреді. Бірақ көп ұзамай ол 1930 жылы 20 шілде күні Қазақ АССР-ның құрамынан шығарылып, тікелей РСФСР басқаруына өтеді.
Сол тұста Қарақалпақстанның астанасы Төрткүл қаласы болды. Бірақ облыс орталығы, республика астанасы деген мәртебеге қаланың инфрақұрылымы мен бет-бейнесі сай келмесе керек әрі қаланың өзі Әмударияның етегінде орналасқандықтан, су алып кетуі мүмкін еді. Сондықтан ел астанасы ретінде басқа қалаға ауыстыру керек болды.
Кейін 1932 жылы жеке Қарақалпақстан АССР болып құрылып, 1933 жылы автономиялық аймақтың астанасы болып Нүкіс қаласы бекітіледі. 1939 жылы республика мекемелер Нүкіске көшірілді. Қалада 1934 жылы педогогикалық институты ашылды.
Кеңес кезінде Нүкіс қаласының маңында полигон мен зертхана болған. Зертханада әлемде қолдануға тыйым салынған "Новичок" улы препарат шығарылған. 1990 жылы зертхана жабылды.
2003 жылы 11 қыркүйекте Өзбекстан президентінің қаулысымен Нүкіс қаласына 70 жылдық мерейтойына орай "Достық" ордені беріледі.
Солтүстік астана
Қазіргі таңда Нүкіс қаласы – Өзбекстанның солтүстік астанасы деген жанама атауға ие болған. Өзбекстан елінің өндірістік аймақтарының бірі. Қалада маңызды өнеркәсіп орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелері орналасқан. Төрт жоғары оқу орны бар.
Қалада И.В.Савицкий атындағы мемлекеттік өнер музейі орналасқан. Мұнда орыс және кеңес суретшілерінің туындылары жиналған. Бұл жағынан музей Азиядағы ең ірі екі мұражайдың бірі саналады. Британияның "The Guardian" басылымы әлемдегі ең әдемі музейлердің бірі деп сипаттама берген.
Қала маңында Миздахкан зираты, көне дәуірде салынған Құяр-қала бекінісі, Шылпық зороастризм ғибадатханасы орналасқан.