Францияның мемлекет қайраткері Наполеон Бонапарт шынында да талантты қолбасшы еді. Император болған кезде Францияның гүлденуіне үлесін қосты. Өнеркәсіп пен сауданы дамытты. 1800 жылы француз банкін құрды. Мемлкет дамуының басты кілті өнеркәсіпті дамыту деп білді. Әскери өнер саласында ревелюция жасап, Франция әскерінде қалыптасқан жаңалықтарды одан әрі жетілдірді. Әскерін тактика, стратегия тұрысынан тиімді пайдалана білді. Оның әскери қағидасы "Сан жағынан осалдықты қимылдың жылдамдығымен толтыр" болды. Небәрі 28 жасында Рим папасы оны император деп мойындады. Санамалай берсек бұдан бөлек істері мен атақтары жетіп артылады.
Атақты адамның артынан еретін аңыздары да көп. Оның кейбірі қауесет болса, кейбірінің астарынан шындықтың ұшы шығып жатады. Назарларыңызға атақты қолбасшы туралы 7 аңызды ұсынамыз.
1. Наполеонның бойы қысқа болған ба?
Таптаурынның тамыр жайғаны сонша "Наполеон комплексі" деген тіркес пайда болды. Жігіттер арасында бойы қысқа адамның көшбасшы қабілеті жоғары болады деген түсінік қалыптасты.
Шындығында, Наполеонның бойы 169 сантиметр болған. Сол дәуірде француздардың орташа бойы 165 сантиметр еді. Қолбасшы өз заманында ұзын бойлы ерлердің қатарына жатқан. Ол Велингтон герцогынан 6 сантиметр кіші, адмирал Нельсоннан 7 сантиметр биік болған.
Черчил мен Пушкин Наполеонға қарағанда 3 сантиметр, ал Сталин 4 сантиметр кіші болған. Бірақ олар тарихта келте бойлы адам ретінде қалмаған.
Оған өмір бойы жабысқан "кішкентай капрал" лақап аты Италияға жасаған жорығы кезінде пайда болған. Сол кезде Наполеон 26 жаста еді. Жауынгерлер "кішкентай капрал" деген атты оның бойына емес, жасына байланысты қойған.
Наполеонның қысқа бойлы болды дейтінді дәлелдейтін тағы бір жағдай – оның маршал Пьер Ожеромен болған сұхбаты. Наполеон маршалға: "Сіз шынында да меннен ұзын екенсіз, бірақ батылдығыңызды маған көрсете берсеңіз, арадағы айырмашылықты жойып бойымызды бірдей етемін" деген екен. Ал Пьер Ожеро шынында да алып адам болған.
Аңыздың пайда болуының себебі неде?
Біріншіден, сол замандағы өлшем бірлігі арасындағы айырмашылықтар. Мысалы, француздардағы фут пен дюйм ағылшындардағы өлшем бірлігіне қарағанда ұзын болған. Яғни, Наполеонның бойы – 5 фут, 2 дюйм дегенді француздар өлшем бірлігімен өлшесе, ол 169 сантиметр болады. Бірақ ағылшындарда бұл көрсеткіш 157 сантиметр екен. Ал қалғанын карикатурашылар әрі қарай әсіре бейнелеген.
Екіншіден, ол өзін қорғайтын жеке әскердің бойы кем дегенде 5 фут, 10 дюйм (178 см) болсын деген бұйрық шығарып, бұл аңыздың таралуына өзі де себепші болған. Себебі оның жеке әскері алтынмен кестеленген, қауырсынмен безендірілген әшекейлі киім киіп жүрсе, өзі қарапайым сұр жейде мен үш бұрышты қалпақ киген. Бұл да қолбасшының бойын қысқа әрі қарапайым, ал киімі ерекше етіп көрсеткен.
2. Наполеон тегіндегі у дыбысын алып тастап, оны француз тіліне ыңғайлаған
Наполеон ешқашан "Буонапарт" болмаған, құдды Гитлердің "Шикльгрубер" болмағаны сияқты.
Оның корсикалық ата-бабасының тегі Bonaparte болды. Болашақ императордың туу туралы куәлігінде және өзі оқыған Брайен әскери мектебінің кадеттер тізімінде де тегі өзгермеген.
Наполеонның ата-анасы кей құжаттарда Buonaparte деп жазылған. Бірақ тегіне у дыбысын Наполеон емес, керісінше оның атасы Тоскани графтығының отбасына қатысты болу үшін қосқан.
3. Наполеонның түсі қоңыр болған
Оның көзі тірі кезінде фотоаппарат болмады. Кей суреттерде оны қара шашты қара көзді етіп бейнелеген. Корсика, Жерорта теңізі, оңтүстіктерге тән сырт келбет.
Анығында императордың шашы қарасұр, көзі көк болған. Бұл туралы маршал Жюноның герцогинясы д'Абрантес пен императорды Тильзитте Александр I-мен арадағы келіссөз кезінде көрген Денис Давидов өз естеліктерінде жазып қалдырған.
Давыдов Наполеонның мұрны үлкен емес, қыр мұрынды кішкентай болғанын айтқан.
Корсикада қарасұр мен қоңыр шаштылар аз емес. Ғалымдар мұны аралды оқшаулау кезінде ежелгі гендердің сақталуымен байланыстырады.
4. Наполеон Гизадағы Сфинкстың мұрнын зеңбірекпен атып сындырған
Бұл туралы Мысыр гидтері келген саяхатшыларға осылай айтады екен. Шындығында Сфинкстың мұрны Наполеон өмірге келгенге дейін біраз жыл бұрын жоқ болған. Бұл жел мен температураның тез өзгеруіне байланысты болуы мүмкін.
Наполеон мұндай бұйрық беруі мүмкін емес. Себебі ол Мысырдағы ежелгі жәдігерлерге құрметпен қараған. Жорық кезінде Франция академиясы тарапынан таңдап алынған бір топ ғалымдарды өзімен бірге алып жүрген.
5. Француз императоры француз тілінде еркін сөйлемеген
Бұл шындық болуы мүмкін. Себебі оның ата-анасы италян тілінде сөйлеген.
Наполеон 1769 жылы 15 тамызда Корсика аралында ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Ол уақыт Корсиканың Францияға қосылуының соңғы кезеңіне сәйкес келді. Болашақ императордың туған тілі итальян тілінің корсикалық диалекті болатын. Бонапарт француз тілін тек он жасында ғана үйрене бастаған. Себебі ол Бургундиядағы Отен қаласына Бриен әскери мектебіне дайындық жасау үшін аттанған болатын. Жас офицер әскери қызметін өтей бастаған кезде айқын акценттің кесірінен оның бұйрықтары түсініксіз естілетін. Ал Бонапарттың жазбаша бұйрықтары да үнемі қателерге тұнып тұратын. Император өмірінің соңына дейін туған-туыстарымен итальян тілінде сөйлескен.
Наполеон көптеген саладан хабары болған және жан-жақты дарынды, талантты адам болған. Оны гений деп атауға болады, бірақ тіл үйренуге келгенде қабілетсіз болған. Мектепте латын тілін жек көрген. Есейген соң неміс тілін үйренуге тырысқан. Сондай-ақ Елена аралында жатып ағылшын тілін үйренуді қолға алған, бірақ үлгермеген.
Ол әрине француз тілін жақсы білген, бірақ акценттен құтыла алмаған. Құдды Екеатерина ІІ мен Сталин сияқты.
6. Наполеонның "алтын керуені"
Аңыз бойынша, Наполеон Ресейден шегініп, Вязьма маңындағы Симлевский көліне қазыналарын жасырған. Ол жерде алтын монеталар мен құймалар, шіркеу ыдыстары, әшекей бұйымдар, тіпті Ұлы Иван қоңырау мұнарасындағы крест те бар.
Бұған сенгендер көл түбін бірнеше рет тексерген. 1979 жылы сүңгуірлер көл түбіне түсіп ештеңе таба алмаған.
Қазына туралы жалғыз ақпарат көзі – Наполеонның Уолтер Скотт өмірбаянынан көшірілген, 1824 жылы басылған генерал Филип де Сегюраның естелігі. Қазына іздеушілер әлі де көл түбін тінтуді қояр емес. Соның салдарынан Сёмлевский көлінің түбіндегі лай 16 метрге жетіп, судың құрамында күміс иондары көбейген.
7. Наполеонды ағылшындар улаған
Наполеон 51 жасында қайтыс болды. Оның шашында және бөлме қабырғаларында мышьяктың іздері табылған. Бұл жағдай Елена аралында атақты император тапсырыспен әдейі өлтірілді деген жорамалдың тууына себеп болған.
Бірақ Наполеон дәуірінде мышьяк қазіргі кездегіден гөрі медицина мен өнеркәсіпте кең қолданылған. Наполеонның шашындағы мышьяк мөлшерін қазіргі заманғы адамның шашындағы мышьякпен салыстырсаңыз жүз есе көп.
Император өлімін зерттеген медицина мамандары оның бауырдың қатерлі ісігінен қайтыс болғанын айтады.