- Негізгі бет
- Әлемтану
- Мысыр елі жаңа...
Мысыр елі жаңа астанасының атауына байқау жариялады
Мысыр елі билігі жыл соңына дейін өз резиденцияларын жаңа астанаға көшірмек. Ал жаңа астана атауы белгісіз. Осыған байланысты байқау жариялап, үздігін таңдап алмақ, - деп жазады Ahram басылымы.
Жобаны жүзеге асыратын мемлекеттік инженерлік орган жаңа астананың атауы мен ұранын, сондай-ақ қаланың инновациялық логотипі мен визуалды сәйкестігін таңдау бойынша ұсыныстар жіберуге шақырды.
Билік жаңа атауға қатысты бір талап қойып отыр: ұсынылған тұжырымдама ғылым, инновация, тұрақты даму және заманауи технологиялар арқылы әлеуметтік прогресс идеясын көрсетуі керек.
Азаматтар жаңа астананың атауын 18 қарашаға дейін арнайы сайтта ұсына алады. Өтінімдерді зиялы қауым, жазушылар мен сарапшылардан құралған комитет қарайды.
Жаңа астана 5 жыл бұрын Каирден шығысқа қарай 40 шақырым жерде тұрғызыла бастаған еді. Қаланың ауданы – 700 шаршы шақырым, 6,5 миллион адамға арналған. Сондай-ақ министрліктер, парламент, мемлекеттік органдар, тұрғын үйлер мен барлық қызметтер жаңа астанаға көшеді.
Мысырдың қазіргі астанасы Каир әлемдегі алтыншы үлкен мегаполис. Онда 22 миллион адам тұрады. Ел халқының бестен бір бөлігін құрайды және күн санап тұрғындар саны артып келеді.
Н. Үсенова