Пасха аралындағы 900-ден астам мүсін – ғаламның осы күнге дейін ашылмаған сырларының бірі. АҚШ-тағы Бингемтон университеті ғалымдары тас мүсіндердің сырын ашқанын жазған едік. Олардың айтуынша, ежелгі мүсіндер жергілікті тайпалардың наным-сеніміне қатысты емес, тұщы су бар жерлерді таңбалау үшін белгі ретінде қойылған екен. Бірақ әлем ғалымдары тағы бір болжамның шетін шығарды.
Пасха аралы Рапа-Нуи және Исла де Паскуа деген атпен танымал. Ол Тынық мұхитының оңтүстік-шығыс бөлігінде Полинезия аралының жарты аймағында орналасқан. Ол Рапануи жұрты жасаған көлемді ірі мүсіндерімен атақты.
Мүсіндер Полинезия құдайлары мен жебеушілерін бейнелейді деген болжам бар, сондықтан жергілікті тұрғындар моаи мүсіндерінен ата-баба құдіретін сезеді. Аралдың ежелгі тұрғындары ескерткіштер жердің құнарлылығын сақтауға көмектеседі дегенді айтады. Бұл болжамды жақында АҚШ, Жаңа Зеландия және Чили археологтары дәлелдеді.
Халықаралық ғалымдар тобының зерттеу нәтижелері Phys.org ғылыми журналында жарияланды. Джоанна Ван Тилбур бастаған зерттеушілер Пасха аралының шығыс бөлігінде орналасқан 150 метрлік Рано Рараку жанартауының жанындағы екі мүсінді мұқият зерттеген. Аралда тұрғызылған мүсіндердің 95 пайызы дәл ежелгі тайпаның негізгі құрылыс материалы болған жанартау туфінен жасалған. Алайда, жанартау жанындағы топырақты зерттеу бұл жердің құнарлы ауылшаруашылық орталығы болғанын дәлелдеді.
Пасха аралының құпиясы
Топырақтан ауылшаруашылық өсімдіктер үшін өте маңызды фосфор мен кальцийдің жоғары концентрациясы тіркелген. Топырақ үлгілерін талдау кезінде жанартаудың етегінде ежелгі өркениеттер банан өсіргені анықталған. Сонымен бірге, топырақтан картоптың өзіндік түрі болып табылатын тәтті картоптың іздері де табылған.
Зерттеушілердің айтуынша, Рано Рараку жанартауының жанындағы топырақ аралдағы ең құнарлы жер болуы мүмкін. Байырғы тұрғындар бұл құнарлылықты мүмкіндігінше ұзақ сақтап қалғысы келгені түсінікті жағдай. Олар моаи мүсіндерінде құдайлардың, көсемдердің және ата-бабалардың табиғаттан тыс күштері бар деп сеніп, жергілікті халықтың азығы саналатын өсімдіктер құнарлы жерде жақсы өсуі үшін ескерткіштерді орнатқан деген болжам шындыққа жақын.
Алайда, ежелгі Рапануи халқына құдіретті мүсіндер көмектеспеген секілді. Бұл өркениет өкілдері және жұмбақ мүсіндерді жасаушылар Пасха аралынан жойылып кеткен. Өркениеттің құлдырауының себебі – ормандарды кесу мен су жетіспеушілігі болған. Сонымен қатар, аралда бірнеше тайпа өмір сүрген және олар табиғи ресурстар үшін тоқтаусыз соғысқан.
Әйтсе де, Пасха аралының әлі көптеген құпия сырлары ашыла қоймағаны белгілі. 2011 жылы зерттеушілер жергілікті жерден адамдардың қартаю үрдісін өзгертетін зат тапқан. Ол рапамицин деп аталады. Оған адамдар “Мәңгі жастықтың сиқырлы сусыны” деп ат қойған. Бұл препаратты іс жүзінде адамға қолданған сәтте ғалымдар рапамициннің денедегі зақымданған жасушаларды жойып, сау жасушаларға әсер етпейтінін байқаған.