- Негізгі бет
- Әлемтану
- Метеорит, метеор, комета...
Метеорит, метеор, комета мен астероидтың бір-бірінен айырмасы
Метеорит, метеор, комета мен астероидтың бір-бірінен қандай айырмасы бар екенін ойланып көрдіңіз бе? Иә, бұл терминдердің барлығы аспан денелеріне қатысты қолданылғанымен, мағынасы әртүрлі.
Жер бетінде табылған ең ірі метеорит – Гоба. Оны 1920 жылы Намибияда жер жыртып жатқан фермер иесі тауып алған
Метеорит дегеніміз не?
"Метеорит" сөзі грек тілінен алынған, ол "әуедегі тас" дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, метеорит дегеніміз – ғарыштан түскен аспан денесінің атмосферада соңына дейін жанбаған қалдығы. Метеорит Жер атмосферасына енген кезде температурасы бірнеше мың градусқа дейін көтеріліп, жанып, ыдырап кетеді. Ал жанып үлгермеген аспан денесі Жерге келіп соғылады. Тарихтан мәлім, оның салдарынан планетамызда бірнеше апат болған. Соның ең ірісі динозаврлардың жойылып кетуіне әкелді.
Динозаврлар жойылуының себебі астероид емес
Астрономдар метеориттерді химиялық құрамына қарай бірнеше түрге жіктейді. Бірінші түрі – темір. Ол 85% темірден және 12% никельден тұрады. Осы типтегі метеориттердің үлесі Жер бетінде кездесетін метеориттердің 5,7% құрайды.
Екінші түрі – темір-тас. Олардың құрамында никель темірі мен силикаттың тең мөлшері бар.
Жер бетіндегі ең ірі 6 метеорит
Үшінші түрі – жартасты, олар біздің планетамызда табылған метеориттердің абсолюттік көп мөлшерін құрайды, 92,8%. Бұл метеориттер кремний, магний, кальций, темір, алюминий және басқа химиялық элементтерден тұрады. Жартасты метеориттердің 90%-дан астамында хондра деп аталатын миллиметрлік силикат дәндері бар.
Метеор дегеніміз не?
"Метеор" сөзі де, "метеорит" сөзі сияқты грек тілінде бірдей мағынаға ие. Бірдей мағына ие екен деп, синоним сөз деп ойлап қалуыңыз мүмкін. Бірақ олар синоним сөздер емес. Метеор дегеніміз метеорит сынды Жерге құлап келе жатқан аспан денесі емес, ол атмосферадағы ұсақ метеориттердің тұтануы, яғни оқиғаның өзі.
Астрономияда атмосферада болатын кез келген аспан оқиғасы «метеор» деп аталады. Қазіргі кезде метеорология ғылымы бұл құбылыстарды зерттесе, метеориттерді метеоритика ғылымы зерттейді.
Астероид дегеніміз не?
"Астероид" термині ежелгі грек сөзінен шыққан (гр. ἀστεροειδής – жұлдызсияқтылар). 2006 жылдан кейін бұл термин "ергежейлі планета" ұғымына ауыстырылды.
Сонымен, Күнді айналып жүрген салыстырмалы түрде кіші аспан денелері «астероидтар» деп аталады.
Әдетте олардың диаметрі 1500 шақырымнан аспайды. Алайда астероидтың минимум диаметрі 30 метрден кем болмауы керек. Ал көлемі 30 метрден кіші аспан денелері метеороиттер деп аталады. Көлемі мен салмағы бойынша астероидтер Күн жүйесіндегі планеталарға қарағанда әлдеқайда кіші және олардың өзіндік атмосферасы жоқ, бірақ оларда серіктері болуы мүмкін.
Күн жүйесінде 1,1-1,9 миллион астереоидтар бар. Бірақ осы уақытқа дейін 794 832 астероид анықталған. Күн жүйесіндегі ең үлкен астероид бұған дейін диаметрі 933 шақырым Церера еді, бірақ 2006 жылдан бастап ол ергежейлі планета мәртебесіне ие болды.
Басқа ірі астероидтар – Паллада (диаметрі 524 км), Веста (520 км) және Юнона (133 км). Веста – бұл астероидтар отобындағы арнайы құралсыз бақыланатын жалғыз аспан денесі.
Комета деген не?
Комета (гр. kometes – құйрықты жұлдыз, дәл мағынасы ұзыншашты), яғни ірі құйрықты жұлдыздың Күнге қарама-қарсы жаққа шұбатылған бір не бірнеше жарқыраған құйрықтары болады.
Астероидтар сияқты, құйрықты жұлдыздар да Күннің айналасында айналады, бірақ олардың конус пішіні қатты созылған. Астероидтан тағы бір айырмашылығы – құйрықты жұлдыз Күнге жақындаған сайын бас тәрізді (шаң мен газдан тұрады) бұлт пен құйрықты құрайды.
Кометалар кішкентай ядродан – мөлшері бірнеше ондаған шақырымға жететін кішкентай мұзды денеден құрылады. Құйрықты жұлдыздардың көп бөлігі Күн жүйесінің шетінде орналасқан, бірақ ғалымдар олардың кейбіреулері бізге жұлдызаралық кеңістіктен келген деген болжамды жоққа шығармайды. Кометаның ядросы қандай да бір себептермен жүйенің центріне қарай жылжи бастағанда, ол қыза бастайды және оның мұзы баяу буланып, оның басы мен құйрығының пайда болуына әкеледі.
Құйрықты жұлдыз қысқа немесе ұзақ өмір сүруі мүмкін. Бірінші жағдайда, Күн жүйесінің орталығына келетін құйрықты жұлдыз үлкен планеталардың тартылыс күшіне ұшырайды, сондықтан ол Күн жүйесінің ішінде қалады және шамамен 200 жыл аралығында Күн айналасында айналады. Күнге бірнеше рет жақындағанда комета ақырындап эрозияға ұшырай бастайды.
Осы уақытқа дейін 4106 комета анықталған. Бұрын кометалар табылған жыл атауымен аталған, бірақ британиялық астроном Эдмунд Галлей 1531, 1607 және 1682 кометаларының барлығы бір аспан денесі екенін дәлелдеп, 1759 жылы қайтадан пайда болады деп болжағаннан кейін, бұл комета "Галлей" деп аталды.
Т. Раушанұлы