Миннеаполисте 46 жастағы афроамерикалық Джордж Флойдты тұтқындаудағы қатыгездік оның өліміне әкеп соқтырды. Полиция қызметкері ұсталған адамды мойнынан тізесімен басып өлтірді. ФБР полицияның заңсыз әрекеттері туралы іс қозғады, төрт полиция қызметкері жұмыстан босатылды. Бірақ бұл мыңдаған наразылық білдірушінің көшеге шығуына тосқауыл бола алмады.
Миннеаполистегі наразылық шеруі
Флойдтың қазасына жауап ретінде Миннеаполисте полицияның зорлық-зомбылық пен нәсілдік теңсіздікке қарсы наразылықтары басталды. Шерушілер полиция бөлімшесі ғимаратының алдына барып, "Мен тұншығып қалдым" деген жазылған бетперде киіп (Флойд қайтыс болғанға дейін осы сөзді қайталап айтқан) наразылық білдірген. Кейбір наразылық білдірушілер полиция көліктеріне граффити салып, полиция бөлімшесіне тас лақтырған. Полиция жиналғандарды тарату үшін түрлі-түсті бояу шашатын гранаттар мен көзден жас ағызатын газды қолданған.
Шерулер сәрсенбіде де тоқтамаған. Кешке наразылық білдірушілер полиция бөлімшесін қоршап алып, терезелерді сындырған. Полиция тағы да көзден жас ағызатын газ бен резеңке оқтарды қолданған. Сонымен қатар, қалада тәртіпсіздіктер, тонау басталған. Миннеаполистің орталығында бірнеше ірі өрт болып, көптеген дүкен толығымен өртеніп кеткен.
Миннеаполистегі демонстрациялар кезінде адамдар қайтыс болған. Наразылықтың екінші күні ломбард иесі дүкенді тонамақ болған агрессивті шерушілерге оқ атқан. Салдарынан бір адам жарақат алып, ауруханада қайтыс болды. Полиция күдіктілерді қамауға алған.
Үкімет әскерилерден көмек сұрады
Миннеаполис үкіметі АҚШ ұлттық гвардиясынан көмек сұрады. Миннесота үкіметі көмекке қалаға қосымша полиция жасақтарын жіберді, енді әскерилер де қалаға кіреді деп жоспарланып жатыр.
Қала әкімі Джейкоб Фрэй: "Миннеаполис тұрғындары, біз бұл трагедияның басқа трагедияға әкелуіне жол бермеуіміз керек. Сіздерден бейбітшілікті сақтауға көмектесулеріңізді сұраймыз", - деп көпшілікке үндеу жасады.
Лос-Анджелесте тәртіпсіздіктер қайталанды
27 мамырда Black Lives Matter (Қаралардың да өмірі маңызды) қозғалысының жақтаушылары қала көшелеріне шықты. Демонстрация бейбіт түрде басталып, күндіз тәртіпсіздіктерге ұласып, бірнеше адам полиция көліктеріне шабуыл жасап, терезелерді сындырды. Содан кейін наразылық білдірушілер қалалық полиция штабының ғимаратына жақындаған кезде жергілікті тұрғындар мен тәртіп сақшылары арасында үлкен қақтығыстар болды. Кейбір жерлерде АҚШ туын жаққан. Сонымен қатар, кейбір топтар тас жолдарды жауып тастады.
Джордж Флойд қалай қайтыс болды?
25 мамырда құқық қорғау органдарының қызметкерлері оқиға орнына жалған чек арқылы төлем жасауға әрекет туралы қоңырау түскеннен кейін келеді. Күдікті азық-түлік дүкенінің алдындағы көліктен табылған. Ол 46 жастағы афроамерикалық күзетші Джордж Флойд болған. Оны көліктен шығарып, қолын байлап полицияның көлігіне алып келген.
Құқық қорғау органдарының мәлімдемесіне сәйкес, ол тұтқындауға қарсылық көрсеткен. Бірақ оқиғаға куәгерлер жоқ. Офицерлердің денесінде камералар болған, ал жазбаларды тергеушілер тергеу үшін алып кеткен.
Миннеаполистегі жағдай туралы видео әлеуметтік желілерде тарады
Интернетте жарияланған видеода оқиғаның соңғы бөлігі көрсетілген, онда ақ нәсілді полиция қызметкері жерде жатқан адамды тізесімен басып тұрғаны көрінеді.
Адамдар айналасына жинала бастаған. Олар полицияға Флойдты тұншықтыруды тоқтатуды және оның жүрек соғысын тексеру керек екенін айтады.
Видеодан көрініп тұрғандай, Флойд бірнеше рет: "Мен тұншығып қалдым! Мен тұншығып қалдым!" деп полициядан өзін өлтірмеуін сұрайды. Ол дем алуға тырысады, бірақ полицей оған жол бермейді.
Куәгерлер Флойдтың мұрны қанай бастағанын айтады. Жиналғандар оны босатуды сұраған. Ұсталған адамға жедел жәрдем шақырғанына қарамастан, полиция қызметкері оның мойнынан аяғын алмайды. Бірнеше минуттан кейін жедел көмек келіп, есін жоғалтқан Флойдты зембілге салып ауруханаға алып кетеді. Ауруханада оның қайтыс болғаны анықталады.
Флойдтың достары мен таныстары оның заңға бағынған және жауапкершілігі бар азамат екенін айтады.
"Ол ешкімді ренжітпейтін мейрімді адам еді", - дейді Флойдтың ағасы. Марқұмның әпкесі көптеген наразылық білдірушілер сияқты, полиция қызметкерлері кісі өлтіргені үшін заң алдында жауап беруі керек деп санайды.
Полицейлер жұмыстан шығарылды
Флойдты мойнынан басып тұншықтырған полиция қызметкері Дерек Шовин 19 жылдан бері қызметте. Оқиға орнында тағы үш полиция қызметкері болған. Олардың бәрі жұмыстан шығарылды. ФБР Флойдтың өліміне қатысты тергеуді бастады, ал азаматтық құқықтардың бұзылу белгілерін зерттеп жатыр.
Кейбір мәліметтер бойынша, полиция қызметкерлері Флойдтың есірткі қолданғанын айтқан. Олардың айтуынша, Флойд қамауға алынған кезде белсенді түрде қарсылық көрсеткен, бірақ бұл интернетте таралған видеода дәлелденбеген. Полиция сонымен қатар Флойдтың денсаулығына байланысты проблемалар болғанын да айтқан.
Миннеаполис федералды полициясының хабарлауынша, оқиғаға қатысқандардың бәрі тергеумен бірлесе жұмыс істейді.
Миннеаполис мэрі Джейкоб Фрэй полиция қызметкерлерін жұмыстан шығару шешімін қолдап, Флойдтың отбасы мен қаладағы барлық қара нәсілді азаматтардан кешірім сұраған.
Баспасөз мәслихаты кезінде ол оқиғаны масқаралық деп атаған.
Қала мэрі полиция қызметкерлері Флойдқа мұндай қатыгездік жасауына ешқандай себеп жоқ болғанын айтады.
"Бұл жағдай қай жағынан алып қарасақ та дұрыс емес іс болған. Америкада қара нәсілді азамат болу, оны бірден өлім жазасына кесу керек дегенді білдірмейді", - дейді Фрей.
Полиция қызметкерлері жұмыстан шығарылу жазасымен құтылмайды. ФБР оқиғаға қатысқан полиция қызметкерлеріне қарсы іс қозғаған.
Дәл осындай жағдай 6 жыл бұрын болған
Оқиға тағы бір афраамерикалық Эрик Гарнердің ісін еске түсіреді. 2014 жылдың 17 шілдесінде Нью-Йоркте ақ нәсілді полиция қызметкері Даниэль Панталео қара нәсілді Эрик Гарнерді ұстау кезінде тұншықтұру әдісін қолданған. Бұл оқиға да видеоға түсірілген. Демікпемен ауыратын 43 жастағы Гарнер өзінің соңғы сөзінде: "Мен дем ала алмай жатырмын" деп 11 рет айтқан.
Гарнерді тұтқындауға оның бірнеше рет көшеде өтіп бара жатқан адамдарға темекіні заңсыз сатқаны себеп болған. Бірақ Панталео қылмыстық айыптаулардан құтылды. Ол 2019 жылдың тамызында жұмыстан босатылды. Кейіннен мұндай шешім үшін ол қала шенділерін сотқа берген.
"Мен тұншығып қалдым" деген сөз 2014 жылы Эрик Гарнер қайтыс болғаннан кейін полицияның қара нәсілділерге көрсеткен зорлық-зомбылығына қарсы күресінде жаппай ұранға айналды.
Бұл полицияның афроамерикалықтарға қатысты соңғы уақыттағы алғашқы қатыгездік емес. Бұған дейін Мэриленд штатында офицер қара нәсілді азаматты атып тастағаны дау-дамай болған еді.
Тізе арқылы тұншықтыру әдісі – Миннеаполис полициясында рұқсат етілген әдістердің бірі. Сейсенбі күні полиция бастығы Медария Аррадондо полицияның тұтқындағанда қолданатын әдістері қайта қаралады деп мәлімдеді. ФБР бұл мәселеге әлі түсінік берген жоқ.
Миннесота сенаторы Эми Клобушар барлық тараптарды мұқият тәуелсіз тергеу жүргізуге шақырды.
"Біздің мемлекетіміз бен біздің қоғам атынан әділеттілік осы адамға және оның отбасына жасалуы керек", - деді сенатор өз мәлімдемесінде.
Қара нәсілді жасөспірімнің өлімі Фергюсонда да наразылық тудырған еді
2014 жылғы тамызда ақ нәсілді полиция қызметкері Даррен Уилсон Фергюсон қалашығында қара нәсілді жасөспірім Майкл Браунды атып өлтірді. Оқиға жаппай наразылық туғызды, ал кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалмағаны наразылық білдірушілер мен полиция арасындағы қақтығысқа әкелді. Наразылық акциялары 2015 жылы "Уилсон кінәлі емес" деп ақталғаннан кейін тағы жалғасты. Сондай-ақ, 2016 жылы Браун қайтыс болғанына екі жыл толғанда оны еске алу үшін белсенділер шеруге шыққан. Жаппай тәртіпсіздік нәтижесінде үкімет бұл округте төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болған еді.