Майя өркениеті неліктен жойылды?

Біздің заманымызға дейінгі 2000 жылдар мен біздің заманымыздағы 150 жылдар аралығында өмір сүрген, архетиктура, астрономия және математика ғылымдары өркендеген ежелгі Майя тайпасы ғұмыр кешті деп саналды. Ғалымдар олардың жойылып кетуіне батыстан келген жаулап алушы испандар мен құрғақшылық себеп болды деп тұжырымдап келді. Жаңа археологиялық қазбалар мұның бәрін теріске шығарды.

Осыған дейін майялықтар кино, әдебиетте "мейірімді" болып бейнеліп келді. Жақында Калифорния университетінің археологтары ашқан жаңалық майялықтардың барлығы да "мейірімді" еместігін дәлелдеді. Бейбіт болып көрінетін халық біз ойлағандай болмай шықты. Кез келген жаңалық ашылғасын мұқият зерттеуді қажет етеді, бірақ анықталған айғақтар бізді әйгілі күнтізбені ойлап тапқан адамдарға дұрыстап үңілуге мәжбүрлеп отыр.  

Ежелгі Майя тайпасы деген кімдер?

Майялардың негiзiнен ата қонысы болып саналатын жер — Мексиканың, Гватемаланың, Белиз бен Гондурастың, Сальвадордың шалғай қалың орманды өлкелерi едi. Ал бүгiнде ол аймақты соңғы бiр-екi ғасырда көшiп барған ұлты мен тегi алуан түрлі америкаланған жұрттар мекен етуде.

Майя өркениетінің біртіндеп құлдырауы солтүстік елдімекендердегі тайпалардың біртіндеп оңтүстіктегі  тайпаларға үстемдік етуінен басталды. Мұның бәрі өзара қақтығыстарға себеп болған.

Майя тайпасының математиктері уақыт, күн және айды есептеген. Сол кездің өзін­де-ақ астрономиялық күнтізбе жасаған. Майялықтар күнтізбесінде бір жылда 365,2421 тәулік бар. Олар Шолпанның күнді айналу уақытын да аса дәл­дікпен анықтаған.

Мәдени даму Майя халықтарында да болған. Бұдан шамамен 2000 жыл бұрын өмiр сүрген Сиваль қаласының орнын зерттегенде археологтар бұл жердегi мұрағаттарға қарап, қала классикалық дәуiрдi бастан кешкен деген тоқтамға келген.

Қала көлемi бес-алты метрден асатын сарай қабырғалары және алып мүсiндермен, сонымен қатар күрделi жазбалармен өрнектелген. Бiрақ осынау жазбалардың жұмбағы көп уақытқа дейін шешілмей келді.

Әлем кiтап оқуға бет бұрған кездiң басы саналатын ХVII ғасырда Еуропада шiркеу мен дiнбасылар тарапынан мұндай түсiнiксiз және мистикалық құдiретке ие жазуларды оқуға мүлдем тыйым салынды. Сондай кедергiлердiң салдарынан Сиваль қаласындағы жазбаларды оқуға мүмкiндiк 1950 жылдарда ғана туды.

Майялардың iшiндегi жиi-жиi болатын шабуыл олардың даму мүмкiндiгiне кедергi келтiрдi. Зерттеушiлер тiптi Майя халқының ыдырап кетуіне олардың  соғысқұмарлығы себеп болған дейді.

Мысалы, ежелгі Пакбитун қаласының маңынан табылған жауынгерлердің моласын айтуға болады. Бұл Майяның орташа ауқатты қаласы Караколден солтүстік-шығысқа қарай 40 шақырым  жердегі Белиздегі Кайо аумағында орналасқан.

Жауынгерлердің денесі мен қаруы бас сүйектермен безендірілген. Сірә, бұлар өздері өлтірген жаудың бас сүйегі және олардың басты міндеті басқа қарсыластарды қорқыту болған. Бұған қосымша дәлел ретінде олардың денесіндегі суреттерді айтуға болады.

©rock-cafe.info

Майялықтар өте соғысқұмар  халық болған

Дэвид Вал бастаған археологтар тобы ашқан жаңалықтар шайқастардың қалай болғанын анықтады. Қазба жұмыстары кезінде  тау жыныстарының арасынан көмір қалдықтары табылған. Бұл осы жерде орналасқан елдімекен бірнеше рет өртенді дегенді білдіреді.

"Біз Витцна аймағында орналасқан шөгінді жыныстарды зерттедік және көмірдің қалдықтарын таптық. Зерттеулер, соңғы он бес жарым мың жылдың ішінде бұл жерде бірнеше мәрте қатты өрт шыққанын көрсетті. Қазба жұмыстары Витцендегі барлық негізгі ғимараттардың 650-800 жылдар аралығында бірнеше рет өртеніп кеткенін анықтады.  Содан кейін осы аймақтағы антропогендік белсенділік азайған", - дейді Вал.

Бұрын тайпалар арасындағы қақтығыстар жергілікті сипатта және дәстүрлі мақсаттар немесе тұтқындалған ақсүйек өкілін құтқару үшін болды деген пікір қалыптасқан еді. Дэвид Вал тобы оған күмәнмен қарайды.

Жаңалықтың маңызын бағаламауға болмайды

Бір жағынан бұл соншалықты маңызды жаңалық емес және барлық тайпалар бір-бірімен ұдайы соғысып отырған деп те айта аламыз. Шындығында, бұл жаңалық  өркениеттердің қалай жойылғанын білдіретін болжамды түбегейлі өзгертті. 

Майя өркениетінің түпкілікті жойылу уақыты – ХVІІІ-ХІХ ғасырлар. Ежелгі майя өркениетінің соңғы нүктесін испан жаулап алушылары қойған. 

"Енді өркениеттің құлдырауы сыртқы факторлардан емес, керісінше ішкі факторлар: зорлық-зомбылық пен бітпейтін соғыс бейбіт тұрғындардың жойылуына себепші болған деп қорытынды жасауға болады", – дейді ғалымдар.

Бұл жаңалық сол кездегі ең дамыған өркениеттің ұлылығын жоғалтудың басты себебі болды ма, жоқ па, қосымша зерттеулер көрсетеді, бірақ бізде ойлануға негіз бар.