53 жастағы америкалық зерттеуші және инвестор Виктор Весково басшылық ететін Five Deeps экспедициясы әлемнің ең терең нүктесі саналатын Мариана шұңғымасына (11 мың шақырым) саяхаттап, күтпеген оқиғалардың куәсі болған.
Весковоның DSV Limiting Factor су асты кемесі 10928 метрлік тереңдікке дейін сүңгіген. 13 мамырда экспедиция мүшелері Мариана шұңғымасында жаңа рекорд орнатылғанын мәлімдеді. Бұрынғы рекорд 10912 метр тереңдікте болған, оны 1960 жылы Дон Уолш пен Жак Пикар “Триест” кемесінің көмегімен орнатқан еді. Осы рекордты орнатқан Уолш та Весково кемесінің экипаж мүшесі.
Экспедиция Мариана шұңғымасының Челленджер деп аталатын тереңдігінде зерттеулер жүргізген. Оны Discovery телеканалы көрерменге жеткізіп отырған.
Весково командасы шұңғымаға 5 рет саяхаттаған. Зерттеушілердің айтуынша, 8 шақырым тереңдікте қызғылт түсті ұлулар мен шаяндардың жаңа 4 түрін кездестірген. Бірақ таңғаларлық жаңалық су жәндіктері емес, дәл сол тереңдікте пластик пакеттер мен бірнеше конфет қағазы табылуы болды. Ғалымдар жаңадан кездескен су жәндіктері қаншалықты пластиктен зардап шеккендігін анықтау үшін зерттеу жүргізуде. Экспедиция мүшелері адамзаттың экологияға теріс әсері ғаламшарымыздың ең алыс һәм ең терең нүктелеріне де жетіп барғандығын айтып дабыл қағуда.
Дайвинг аяқталғаннан соң Весково: "Бұл суасты кемесі өзінің талантты экспедиция мүшелерімен бірге су техникасының жаңа деңгейін көрсетті. Біз өзімізді қазір ғана 90 пайызы әлі зерттелмеген мұхиттың кез келген жеріне алып баратын алып есікті ашқандай сезінудеміз", – деді.