Адамзат ежелден Жер бетінде теңдесі жоқ өнер туындысын мұра етіп қалдыруды өзіне міндет санаған. Рим заманындағы атақты Коллизей немесе Жаһаншахтың әйелі Мұмтаз Махалға арнап салдырған Тәж Махалды адам өз қолымен салғанын бәрі біледі. Бірақ жұмбағы көп Пирамидаларды адамзат тұрғызды дегенге қазір көпшілік күмәнмен қарайды. Алып пирамидаларды құруға ол кездегі адамдардың құрылыс саласындағы білімі аздығын алға тартады. Кей кәсіби құрылысшылардың өзі 40 тонналық тасты жаңа технологиямен кесіп, осындай алып пирамида салу қиын екенін айтады. Бірақ Левон Аракелянның өмір жолына қарап отырып, мұның барлығы рас екеніне көз жеткізесіз.
Армениядағы Ариндж ауылының тұрғыны Тося Гарибян күйеуі Левон Аракеляннан картоп қою үшін үйінен жертөле қазып беруді сұраған. 1985 жылы жасалған бұл өтініш құрылысшы Левон Аракелянның бүкіл өмірін өзгертті. Левон алғашында жертөле қазамын деп қолына балға мен қашау алғанымен, бұл ісін 23 жыл бойы жалғастырып, ақырында теңдесі жоқ ғибадатхана салып шыққан. Қазір мұражайға айналған Левонның ғибадатханасына әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді.
Әйелі Тосидің айтуынша, жертөле қазып жатқан Левон түс көрген. Түсінде оған: "Левон, сен әлемдегі теңдесі жоқ ғажайып ғибадатхана саласың. Жұмыстың қиындығынан ауырып қалатын кезің де болады, бірақ аурудан қорықпа. Түсіңде не көрсең, соны өңіңде қайтала", – деп аян берілген.
Барлығы 1985 жылы осы жерден басталған
Осыдан кейін шебер тек жертөле емес, үңгір қазуға шешім қабылдаған. Левон электротехниканы пайдаланудан бас тартып, тек қашау, балғамен жұмыс істеген. Жұмыс барысында оның алдынан топырақтың әртүрлі қабаты шығады, базальт тастар кездескенде күніне 7 сантиметр қазған кездері де болған. Бірақ күніне 18 сағат бойы жұмыс істеген Левонға бұл кедергі бола алмаған.
"Күн сайын күшім арта берді, 3-4 сағат ұйықтасам да, мүлдем шаршамадым. Қараңғы әрі суық болса да, жарық сөніп қалған кезде де жұмысымды тоқтатпадым. Түн ортасында түсініксіз күш мені төсектен тұрғызып, жұмыс істеуге мәжбүр ететін. Мен тасқа ғашық болдым, ол мені өзіне тартатын. Түсімде жұмысымның әрбір келесі қадамын, қабырғаны, барлық өткелдерді, қиылысу нүктелерін көрдім және өңімде дәл солай етіп жасадым", - дейді Левон.
Жерасты мұражайының тереңдігі 21 метр (яғни 7 қабатты үйге тең). Онда дәліздермен, баспалдақтармен байланысқан 7 бөлме бар. Үй мен ауланың астында орналасқан үңгірдің ауданы 280 ш.м. Тоси Гарибянның айтуынша, үңгірдегі температура жыл он екі ай 10 градус қалпын өзгертпейді. Левон тәулігіне 18 сағатты жер астында өткізіп, кең есіктері бар туннельдер, сонымен қатар тасқа қашалған готикалық бағандар мен баспалдақтар жасаған.
Левон тек қашаумен, балғамен бағандар, мүсіндер, баспалдақтар, холдар мен туннельдер ойып, оларды ою-өрнекпен безендірді. Электр қуаты өшіп қалса, шаммен жұмыс істеген. Қазылған тау жынысын жергілікті құрылыс компаниясы өзінің жобалары үшін алған. Үңгірден 450 жүк көлігімен топырақ шығарылған.
2005 жылға қарай бұл ерекше көріністі тек Армениядан ғана емес, АҚШ, Израиль және басқа елдерден 40 мың турист тамашалаған. Туристер бұл жерге келіп, шам жанып тұрған бөлмеде арман-тілегін айтады.
Левон 2008 жылы 67 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды, құрылысты аяқтауға үлгермеді. Оның 30 жылдық жоспарында тағы 70 бөлме салу міндеті болған.
Осы ғибадатхананы салып жатқанда күйеуінің денсаулығы сыр бергенін айтады Тося. Бірақ ол өмірлік жарының жұмысын қолдаған.
Қазір Тося туристерге ғибадатхананы көрсетеді. Ол жерде Левонды еске алуға арналған, шебердің киімдері, аяқ киімдері мен құралдары қойылған зал бар, .