Қытайдың "Чанъэ-5" зонды Айдың күнгей бетіндегі "Дауылдар мұхиты" аймағынан топырақ сынамасын бұрғылап алды.
Айдың бетін бұрғылап, шамамен 2 келі топырақ сынамасын алуға 19 сағат уақыт кеткен. Модуль бұл миссиядан бөлек, Ай бетінің құрамын зерттеген. 8,2 тонналық зонд Айға қонуға, Айдың бетінде екі метр тереңдікте бұрғылауға, одан топырақ шығаруға, алынған топырақпен Ай бетінен жоғары көтерілуге және орбиталық модульге қосылуға арналған 4 модульден тұрады.
Топырақ сынамасын алған модуль орбитадағы модульге ұшып кеткен. 16 желтоқсанда орбиталық модуль Айдан алынған сынамамен бірге Жерге оралады. Ол Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия автономиялық ауданына қонады деп жоспарланған.
2019 жылы Израильдің SpaceIL жеке компаниясы мен Үндістан да өз құрылғыларын Айға жіберген еді. Алайда екі қондырғы да Айға қонған кезде апатқа ұшырады. Айдың күнгей бетіне тек Қытайдың Chan'e-4 зонды сәтті қона алды.
Егер бәрі сәтті аяқталса, Қытай 44 жылдан кейін Ай бетінен Жерге геологиялық үлгілерді жеткізген үшінші мемлекет атанады. Бұған дейін КСРО мен АҚШ топырақ сынамаларын әкелген еді. Кеңес Одағының "Луна" миссиясы 1970-1976 жылдар аралығында Жерге 326 грамм Ай топырағын алып келген, ал "Аполлон" миссиясында АҚШ-қа 391 грамм Ай топырағы жеткізілген.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Қытай өзінің ұлттық ғарыш бағдарламасын белсенді дамытып жатыр. Қытай кейінгі 2 жылда ғарышқа ұшу саны бойынша әлемде көшбасшы саналады. 2030 жылға дейін Айға ғарышкерлерді жіберіп, сонда өз базасын құруды жоспарлап отыр.