Алатаудың арғы жағындағы қызыл байрақты елде тәуелсіздіктен бері 4 президент ауысып, қазіргі уақытта бесінші басшы өз қызметін атқаруда. Олар кімдер еді? Еске түсірейік.
Асқар Ақаев
Қырғыз Республикасының тұңғыш президенті. 1990 жылдың 27 желтоқсаны мен 2005 жылдың 11 сәуірі аралығында ел басқарған. 1944 жылы Қырғыстанның Шу облысы, Кемин ауданы, Қызыл байрақ ауылында дүниеге келген.
Асқар Ақаев 1990 жылдың қазан айында Қырғызстан Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс 2-сессиясында Қырғыз Республикасының Президенті болып сайланды. 1991 жылы бүкілхалықтық сайлауда және 1995 жылдарда өткізілген референдумда Қырғыз Республикасының Президенті өкілеттілігі қуатталды. 1995 жылдың 24 желтоқсанында екінші мерзімге, 2000 жылдың 29 қазанында үшінші мерзімге қайта сайланады. 2003 жылғы ақпанда референдум арқылы президенттік өкілеттігі ұзартылды. 2005 жылғы 24 наурызда Қырғызстанда орын алған "Қызғалдақ төңкерісі" нәтижесінде Асқар Ақаев елден кетті.
Құрманбек Бәкиев
Қырғыз Республикасының екінші президенті. 2005 жылдың 25 наурызы мен 2010 жылдың 15 сәуірі аралығында Қырғызстанды басқарды. 1949 жылдың 1 тамызында Қырғызстанның қазіргі Жалалабат облысы, Масадан ауылында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-электроник.
2005 жылдан бастап Қырғыз Республикасының президенті міндеттерін атқарады. 2005 жылдың 10 шілдесінде өткен президенттік сайлауда, ресми деректер бойынша сайлаушылардың 88% дауысын жинап, жеңіске жеткен. Бәкиев 2009 жылы екінші мерзімге қайта сайланды. Алайда, көп ұзамай 2010 жылы 7 сәуірде басталған қанды оқиғалардан кейін дәл Асқар Ақаев сияқты орнынан кетуге мәжбүр болды. Бішкектен қашып кеткен Бәкиев туған жері Жалалабат облысының Тейіт (Масадан) ауылына келіп, билігін сақтау үшін Қырғызстанның оңтүстігінде елдің қолдауын іздеді. Осы жылдың 15 сәуірінде Бәкиевті қолдайтын күштер Ош қаласында митинг ұйымдастырды. Алайда, жақтаушы мен қарсылас топтардың қақтығысынан кейін, митинг тарап, мақсатына жете алмаған Бәкиев Қырғыз елінен кетуге мәжбүр болды. Тараз қаласында биліктен бас тартатын қағазға қол қойып, ары қарай Беларусь астанасы Минск қаласына ұшып кетіп, сол жақтан пана тапты.
Роза Отынбаева
Құрманбек Бәкиев Қырғыстаннан аластатылғаннан кейін уақытша президент қызметін атқарған қырғыз саясаткері. Нақтырақ айтсақ, Отынбаева 2010 жылдың шілдесі – 2011 жылдың 1 желтоқсанын аралығында ел тізгінін ұстады. Ол 1950 жылдың 23 тамызында Қырғызстанның Ош қаласында дүниеге келген. Роза Отынбаева Орта Азия елдерінің арасында ел басқарған тұңғыш әйел.
Ол Ақаевтың режиміне қарсы күрескен оппозицияның қатарында болып, Қызғалдақ төңкерісіне қатысқан. 2007 жылы Социал-Демократиялық партиясының мүшесі ретінде елінің Жоғары Кеңесіне депутаттыққа сайланды. 2010 жылы сәуір айында орын алған оқиғалардан кейін елдің Уақытша үкіметін басқарған. 2010 жылдың 27 маусымында өткен референдум нәтижелері бойынша, бір жарым жылға президент болып сайланды.
Алмазбек Атамбаев
Қырғызстанның төртінші президенті. 2011 жылдың 1 желтоқсаны мен 2017 жылдың 24 қарашасы аралығында қырғыз елін басқарды. Ол 1956 жылдың 17 қыркүйегінде Шу облысы, Аламудун ауданы, Арашан ауылында дүниеге келген. Мамандығы – инженер-экономист.
2011 жылы қазанның 30-ы күні өткен бүкілхалықтық сайлауда 62,52% дауыс жинап жеңіске жеткен Алмазбек Атамбаев, Қырғызстан конституциясына сәйкес, алты жыл мерзімге президент болып сайланды.
Сауранбай Жиенбеков
Қырғыз Республикасының бесінші және қазіргі президенті. Ол өз қызметіне 2017 жылдың 24 қарашасынан бастап кірісті. Жиенбеков 1958 жылдың 16 қарашасында Ош облысына қарасты Қара-Құлжа ауылында дүниеге келген. Мамандығы – мұғалім, зооинженер, мал дәрігері, бухгалтер.
Қырғызстанда 2017 жылдың 15 қазанында президент сайлауы өтті. Президенттік қызметке үміткер Жиенбеков бұл сайлауда 54,76% дауыс жинап, жеңіске жетті. Сол жылдың 24 қарашасында ресми түрде қызметке тағайындалды. Ол "Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері", "Даңқ" медалі, "Ауыл шаруашылығының құрметті қызметкері" марапаттарына ие.