- Негізгі бет
- Әлемтану
- КСРО Германиядан қандай...
КСРО Германиядан қандай өтемақы алды?
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағы жеңіліске ұшыраған Германиядан бүгінгі бағамен 400 миллиард доллар өтемақы өндірген деген мәлімет бар.
***
Әлемдегі әр соғыс аяқталғаннан кейін жеңгендер өтемақы талап етіп, жеңілгендерді тонайды. Бұл – соғыстың жазылмаған заңы. ХХ ғасырда жеңімпаздарға өтемақы төлеудің халықаралық нормалары қабылданды және бұл ереже бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет қолданыла бастады. Содан бері жеңілгендер өтемақы төлеуін әлі де жалғастырып келеді.
ХХ ғасырда екі дүниежүзілік соғысы өтті. Осы екі соғыста да Германия жеңіліске ұшырап, жеңімпаздарға көп мөлшерде өтемақы төледі. Ресей империясы және кейінгі КСРО осы екі соғысқа да қатысты. Бірақ тек Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңісі үшін өтемақы алған.
Бірінші дүниежүзілік соғыстың аяқталу қарсаңында, 1917 жылы Ресейде қазан төңкерісі болды. Билік басына келген большевиктер Германиямен татуласып, соғыстан шықты. Соғысты соңына дейін жеткізген Ұлыбритания, Франция және Америка Құрама Штаттары 1919 жылы қол қойылған Версаль бейбітшілік шарты бойынша Германиядан өтемақы алуға келісіп, Ресей соғысты аяқтамағаны үшін өтемақысыз қалды. Ал Екінші дүниежүзілік соғыста, соғыс аяқталғаннан кейін, КСРО басты "құрбан" және жеңімпаз ретінде көп мөлшерде өтемақы өндірген.
Соғыста жеңілген Германия оған жүктелген өтемақыны ақша немесе алтын түрінде төлей алмайтыны айқын еді. Сондықтан КСРО өтемақының негізгі бөлігі ретінде Германиядан көптеген кәсіпорынды көшіріп алады.
Немістер мен оның одақтастары жеңілетіні айдан анық болған соң, КСРО және оның одақтастары Германиядағы байлықты бөліп алу туралы келісімшартты 1945 жылы ақпанда Ялта конференциясында талқылайды.
Ялта конференциясындағы Черчилль, Рузвельт және Сталин. ©russian.rt.com
Ялта конференциясы
Ялтадағы конференцияда Сталин Германияға жалпы 20 миллиард доллар өтемақы төлеуге міндетті екенін, ал КСРО соғыстың негізгі жәбірленушісі болғандықтан, сумманың тең жартысын алуы керек дейді. Бірақ тараптар бір келісімге келе алмайды.
Потсдам конференциясы
Соғыстан кейінгі Потсдам конференциясында одақтастар Сталиннің талабына көнеді. КСРО-ға Германияның шығысындағы барлық кәсіпорын мен Шығыс Еуропа елдеріндегі неміс активтері ұсынылады. Сонымен қатар, батыс Германиядағы кейбір кәсіпорын КСРО-ға беріледі. Ал, КСРО әртүрлі кәсіпорынды соғыс аяқталмай жатып-ақ, 1945 жылдың көктемінде көшіре бастайды. Мысалы, Бейттен карбид зауыты мен Аммендорф химиялық зауытындағы жабдықтар сол уақытта Сталинградтағы химиялық зауытқа толығымен көшіріледі.
Потсдам конференциясындағы Уинстон Черчилль, Гарри Трумэн және Иосиф Сталин. © the-morning-spb.livejournal.com
"Кеңес экономикасы: цифрлар, фактілер және адамдар" атты кітаптың авторы Михаил Семиряганың айтуынша, сол кезде Германиядан КСРО-ға барлығы 2885 түрлі кәсіпорын мен зауыт көшірілген.
Потсдам конференциясында қол жеткізген келісімге сәйкес, КСРО Германиядағы кәсіпорындарды ғана емес, сонымен қатар Шығыс Еуропаның бірқатар елдеріндегі немістікі делінген барлық зауытты да көшіріп алады.
Оның ішінде:
Польшадан – 1 137;
Аустриядан – 206;
Венгриядан – 11;
Чехословакиядан – 54.
90-жылдары Михаил Семирягаға мұрағатқа кіруге рұқсат етілгенде, КСРО-ға Германиядан және көршілес Шығыс Еуропа елдерінен жіберілген кәсіпорындар мен басқа да заттар туралы ақпарат алған.
© vk.com
Семиряга мен оның әріптесі Борис Кишевскийдің айтуынша, сол кезде Шығыс Германиядан КСРО-ға түрлі жабдық пен керек-жараққа толы 400 мың вагон жеткізілген.
Оның ішінде:
72 000 вагон құрылыс материалы;
2885 түрлі кәсіпорын;
96 электр станциясы;
340 000 түрлі станок;
200 000 электр қозғалтқышы;
1 млн 335 000 ірі қара мал;
2,3 млн тонна астық;
1 миллион тонна картоп;
0,5 млн тонна май және қант;
20 миллион литр спирт;
16 тонна тауық еті.
Өтемақы ретінде қайтарылған мүліктен басқа көптеген әскери кеме мен круиздік лайнер, сонымен қатар Гумбольдт университеті астрономиялық обсерваториясы толықтай көшірілді. Краснодар компрессорлық зауыты Германиядан жеткізілген қондырғылармен толық жабдықталған.
Вьетнам соғысы: АҚШ-тың КСРО-дан жеңілуі
Кемероводағы "Азот" зауыты 1947 жылы немістің Schwarzkopf компаниясы шығарған және компенсация ретінде алынған компрессорлармен жабдықталды.
Гитлердің жеке телефоны © uapress.info
Соғыс кезінде Гитлер әкімшілігі қолданған телефон станциясы Мәскеу орталық телефон станциясында орнатылды, ал 222-ден басталатын сан 1980 жылдарға дейін KПСС Орталық комитетінде қолданылды. Орыс тарихшысы Гаврил Попов соғыстан кейін КСРО қауіпсіздік қызметі қолданған жасырын есту аппараттары да немістерден тәркіленгенін жазған.
Соғыстан кейін КСРО Германиядан неміс әскеріне тиесілі барлық қажетті әскери техника мен құрылғыны алып келді. Зымыран жүйелері, реактивті ұшақтар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері солардың қатарындағы техникалар еді.
Зымыран-ғарыш саласының ардагері Б.Четрок сол кезде Германиядан тек әскери техникалар ғана емес, олардың суреттері, конструкциялары және көптеген неміс маманы зымыран құрылысында пайдалану үшін КСРО-ға мәжбүрлі түрде әкелінгенін айтқан.
Калашников автоматы 1945 жылдан кейін КСРО-ға мәжбүрлеп жер аударған неміс конструкторы Хуго Шмайссердікі деген қауесеттер де бар.
"Калашников" және Хуго Шмайссердің StG44 автоматы. © vk.com
КСРО әскери және НКВД офицерлері Шығыс Германияның оккупацияланған территорияларынан әртүрлі кәсіпорынды эвакуациялап қана қоймай, тұрғындарды тонап, үйлерінен түрлі киімдер мен тұрмыстық заттарды тәркілеп, оларды КСРО-ға жібереді.
Оның ішінде:
60 мың рояль;
460 мың радиоаппараты;
190 мың кілем;
940 мың түрлі жиһаз бұйымы;
265 000 түрлі сағат;
1,2 миллион әйелдер мен ерлерге арналған пальто;
1 миллион шляпа тәркіленіп, КСРО-ға жіберілген.
Одақтастармен келісім бойынша, Германияның батысындағы Opel AG зауыты соғыстан кейін Мәскеуге көшіріліп, одан "Москвич-400" маркалы машина құрастырылған.
Жоғарыдағы көлік – "Opel Kadett K38", төмендігісі "Москвич-400". © vk.com
АвтоВАЗ қалай құрылды? Кеңес Одағындағы автоөндіріс тарихына шолу
Неміс тарапының айтуынша, бүгінде Германияға тиесілі бұрынғы КСРО елдеріне экспортталған 200 000-нан астам мұражай экспонаты мен 2 миллионнан астам кітап бар.
Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО 20 миллион азаматынан айрылды және мұндай уақытта елді қайта құру үшін жұмысшылар қажет болатыны заңды еді. Содан кейін КСРО адам жетіспеуінің орнын толтыруы үшін әскери тұтқындар мен қатар Германиядан қарапайым жұмысшыларды да алып келді.
© vk.com
Мәселен, соғыс кезінде толығымен жойылған Сталинградты негізінен неміс әскери тұтқындары мен жұмысшылары қалпына келтірді. Сталин Германиядан 10 миллиард долларлық өтемақы алуға тырысқанымен, іс жүзінде алынған өтемақы мөлшері айтарлықтай көп еді.
КСРО Германияның "өзіне тиесілі" аумағынан алған заттардың жалпы құны 15,8 млрд АҚШ доллары немесе 14 мың 41 тонна алтын еді. Бұл доллардың бүгінгі құнымен есептегенде 400 млрд доллар болады.
Алтын қорлары ең көп елдер: Қазақстан қай орында?
Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2018 жылғы мәлімет бойынша Қазақстанда 326,4 тонна, ал Америка Құрама Штаттарында 8133,5 тонна алтын қоры болған.
P.S. Германияны тонау ГДР-мен келісім жасалған кезде 1954 жылы аяқталды.
Т. Раушанұлы