Коронавирустан аман елдер

COVID-19 дерті жер бетін жайлап барады. Дамыған елдерден бастап, жердің бір қиырындағы аралдардан да ауырғандар табылуда. Анығын айтсақ, коронавирустың жаңа түрі шықпаған санаулы елдер ғана қалды.

Соңғы деректер бойынша әлемнің 181 елінде коронавируспен ауырғандар тіркелген. Жалпы жұқтырғандар саны миллионнан асты. Көз жұмғандар саны 50 мыңнан асты. Дәрігер мамандардың емі нәтижесінде жұмбақ дерттен айыққандар саны да артып келеді. 200 мыңнан астам адам емделіп шықты.

Коронавирус індетін жұқтырғандар саны бойынша АҚШ алда тұр. 230 мыңға жуық адам бұл кеселге шалдыққан. Одан кейінгі орында – Италия. 115 мың адам жұқтырған. Қаза болғандар саны бойынша (13 915 адам) - бірінші орында. Үштікке Испания енген. Қазір бұл елде 110 мың адам коронавирус жұқтырған.

Жер бетін жайлап бара жатқан дерт алғаш Қытайдың Ухань қаласынан шыққан. Аспан асты елі коронавирустың бетін қайтарғандарын хабарлап үлгерді. Бұл елде жалпы саны 82 мың адам ауырды.

Коронавирус Еуропаны толық жайлады. Африка мен Тынық мұхитындағы елдерден бірең-сараң ғана кездеседі. Ал ең көп тараған елдермен көршілес кей мемлекеттерде тіркелген жоқ. Ол қандай елдер?

Корей Халық Демократиялық Республикасы

REUTERS - Heo Ran

Уханьннан шыққан дерттен алғашқылардың бірі болып Оңтүстік Корея елі зардап шекті. Ал олардың көршісі Корей Халық Демократиялық Республикасы жұмбақ дерттің жолын бөгеуге жылдам кірісті. Анти-эпидемиялық шараларды қолға алған алғашқы елдердің бірі. Қаңтар айында-ақ ел шекарасын толықтай жауып тастады.

Ел басшылығы 10 мыңға жуық адамды 40 күн бақылауда ұстап, ешбірінен коронавирус белгісі анықталмағанын хабарлады. Қазіргі таңда бірде-бір науқас тіркелмеген елдердің бірі. Бірақ мамандардың көбі бұл елде коронавирустың жоқ болуына күмәнмен қарайды. Ел билігі жасырып отыр деген көзқараста. Себебі елдегі тауар айналымының 90%-ы Қытайдың Даньдун және Шэньян аймағы арқылы өтеді. Бұл өңірлерде коронавирус жұқтырғандар баршылық. КХДР 30 қаңтар күні шекарасын жапқанға дейін ары-бері қарым-қатынас болған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Корей Халық Демократиялық Республикасында эпидемия болса миллиардқа жуық доллар бөлуді жоспарлаған.

Түркіменстан

medialeaks.ru

Азияда коронавирус індеті тіркелмеген елдердің бірі – Түркіменстан. Ал бұлармен көршілес Иранда індет өршіп тұр. Қазақстан мен Өзбекстанда да жұқтырғандар аз емес.

Түркіменстан бұл дерттің алдын алуды ойламай жатқан жоқ. Бар шараларын жасауда. Тіпті ел басшылығы БАҚ-та «коронавирус» деген сөзді айтуға да тыйым салды. Жергілікті кей өнімдерді антивирустың қасиетке ие деп те жарнамалады.

Түркіменстан газға бай посткеңестік республикалардың бірі. Сондай-ақ әлемдегі жабық саясатты ұстанатын елдер қатарында. 2006 жылдан бері елді Гурбангулы Бердымухамедов басқарады. Ел басшысының әлемдегі жағдай мен коронавирусқа қатысты өз көзқарасы бар.

Тәжікстан

asiaplustj.info

Қазақстанмен шекаралас Тәжікстан елінде де коронавирус жұқтырғандар анықталған жоқ. Сонда да сапарлар шектеліп, көп адамның жиналуына тыйым салынған. Бірақ Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті.

Тәжікстан да жабық елдердің бірі. Жолаушылар көп аялдайтын тоғыз жолдың торабы да емес. Туристер де көп келетін елдер қатарына жатпайды. Сондықтан коронавирустың елге келу қаупі аз деп санайды.

Бұл ел шығысында Қытаймен шекарасын жылдам жапты. Қазақстан арқылы келетін транзит қауіпсіздігін күшейтті.

Тәжікстанда коронавирус болмауының түрлі факторлары айтылуда. Тіпті сол елдегі басылымдар да жазуда. Бірқатарын атап өтуге болады.

Жоғарыда айта кеткендей, туристер көп келмейді. Ал тәжіктердің өзі өзге елге көп шыға бермейді. Оған себеп – табыстың аз болуы. Өзге елде жұмыс жасайтындардың өзі еліне айында-жылында бір келеді.

Елдің Денсаулық сақтау министрлігі Қытайда коронавирус шыққан сәттен бастап келушілерді бақылауға алды. Мыңдаған адамды карантинге жатқызды. Кейіннен шекараны жапты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деректері бойынша коронавирустың жаңа түрі егде адамдар мен созылмалы дерті бар жандарға қауіпті. Ал Тәжікстан халқы жас саналады. Демографиялық статистикасы бойынша елде жастар мен балалар көп. Бала туу көрсеткіші жоғары.

Тәжікстанда желтоқсан және қаңтар айларында тұмаумен халық көп ауырған. «Ол коронавирус болуы мүмкін де» деп жазады бұл елдегі басылымдар. Халықтың осы кезде жаңа дертке иммунитеті қалыптасты деп санайды. Ал кей елдің мамандары бұл елде коронавирустың жоқтығын медицина саласы кенже қалуымен де түсіндіруде.

Йемен

ЕРА

Йемен – Араб елдері арасындағы ең кедей мемлекет. Бұл елде әзірге коронавируспен ауырғандар тіркелген жоқ. Бірақ саяси ахуал мен тұрақтылық бірқалыпты емес. Елде соңғы 5 жылда азаматтық соғыстан 100 мыңға жуық адам көз жұмған.

Біріккен Ұлттар Ұйымы хабарлағандай, әлемдегі ең қиын дағдарысты бастан кешіп жатқан елдердің бірі. Оның үстіне, жақында АҚШ Мемлекеттік департаменті көтерілісшілер қолына өткен аудандар мен ел астанасы Санаға көмек беруді тоқтатынын ескертті. Егер Йеменде эпидемия басталса, онда миллиондаған адамға қауіп төнбек.

Оңтүстік Судан

trend.az

11,1 миллион халқы бар Оңтүстік Суданның тәуелсіздік алғанына 9 жылдың жүзі болды. Әлемдегі «жас» мемлекеттердің бірі саналады. Ел билігі өзге елдермен әуе қатынасын тоқтатқан. Азаматтық соғыс елде өткен айда ғана тоқтап, жауласушы тараптар өзара келісімге келді. Алайда елде босқындар көп. Олардың көбі лагерлерде тұрып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, мұндай тар шатырларда коронавирус тез өршуі мүмкін екенін ескертуде.

Африканың кей елдерінде

REUTERS/Cooper Inveen

Қара құрлықта да COVID-19 дерті тіркелмеген елдер қатары азайып барады. Бірер күн ішінде осыған дейін болмаған Ботсвана, Малави, Сьерра-Леона, Бурунди елдерінде де анықталып үлгерді.

Қазір Африкада Оңтүстік Суданнан өзге Лесото және Батыс Африкадағы Комор, Сан-Томе және Принсип аралдарында тіркелген жоқ.

Мұхит аралдарындағы мемлекеттер

shutterstock

Коронавирус Тынық мұхиттың оңтүстігіндегі аралдарға жете қойған жоқ. Кук және Маршалл аралдарында, Микронезия, Науру, Палау, Самоа, Соломон аралдары, Киривати, Тувалу мен Вануатуда науқастар тіркелген жоқ.

Мұхит аралдарындағы елдер үшін материктерден алыс болу қиындық саналатын. Ал қазір қайта пайдалу болуда. Бірақ тағы қауіп-қатер бар. Себебі бұл шағын елдердің денсаулық сақтау жүйесі коронавируспен бетпе-бет келетін болса өте әлсіз болады. Ал туристердің келмеуі – мұхиттағы аралдық мемлекеттер үшін экономикалық құлдырау болмақ.