- Негізгі бет
- Әлемтану
- Көпқабатты үйдің ішімен...
Көпқабатты үйдің ішімен өтетін Чунциндегі пойыз
Халық саны бойынша Қытайдың ең ірі қалаларының бірі Чунцинде монорельсті жолдардың бірі көпқабатты үйден өтеді. Ғимарат ішінде тұрғындарға арналған "Лизиба" станциясы бар.
Монорельс желісі 19 қабатты тұрғын үйдің ішінен өту үшін салынған. Пәтерлердің ең жақын қабырғалары пойызбен жанасады, ал бүйір және төменгі терезелерге дейінгі арақашықтық тіпті метрге жетпейді.
Жергілікті тұрғындар іс жүзінде адам көп жүретін станцияда өмір сүргенімен, пойыздан шыққан шу арнайы техниканың көмегімен басылады.
Daily Mail бұл дыбыс үйдегі ыдыс жуатын машинаның дыбысынан да төмен деп мәлімдеген.
Қала әкімшілігі мұндай шешімге бүкіл ғимаратты бұзбай монорельс желісін салу үшін келген. Жергілікті қалалық көлік департаментінің өкілі қаладағы ғимараттар өте тығыз салынғандықтан жаңа жол салу қиын екенін айтады.
Айта кетейік, Чунцин – Қытайдағы Янцзы мен Цзяльцзян өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан, орталықтандырылған төрт қаланың ішіндегі ең ірісі. Ол таулы-қыратты жерлері үшін "Таулы қала" деп аталады.
Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Чунцин қаласында 49 миллион адам 80 мың шаршы шақырым аумақта тұрады. Бұл аумаққа Нидерланд сынды екі мемлекет сияды.
Т. Раушанұлы