Киллер таулар: әлемдегі ең қауіпті 10 шың

Киллер таулар: әлемдегі ең қауіпті 10 шың
Фото: birdinflight.com

Әлемдегі биік таулар әрдайым адамдарды қызықтырады. Биік шыңдарды бағындыру қаншалықты шытырман оқиғалы болса да, оны бағындыруға аттанған адамдардың бәрі бірдей кері қайтпайды. Тау шыңдары жыл сайын ондаған адамның өмірін жалмайды. Бірақ сонда да алпинистердің биік шыңдарды бағындыруға деген ұмтылысы азайған емес.  Назарыңызға әлемдегі ең қауіпті 10 шыңның тізімін ұсынамыз.

Эверест (Джомолунгма)

Орналасқан жері: Непал, Қытай. Гималай

Биіктігі: 8,848 метр

Әрбір альпинистің арманы әлемдегі ең биік шың – Джомолунгманы бағындыру. Алайда Жер шарының ең биік нүктесін бағындыру оңай болмай тұр. Жыл сайын арман арқалап барғандардың кемінде он шақтысы қайтпай қалып жатады. Жыл сайын шыңға шығу құны қымбат болса да (шетелдіктер үшін 11 мың доллар) Эверестті бағындырғысы келетіндер азаймай тұр. 2018 жылы Непал үкіметі шыңға шығуға 347 лицензия берген болса, былтыр оның саны рекордтық 381 лицензияға өскен. Жалпы, 2019 жылы 807 адам шыңға шығуға мүмкіндік алған.

Осы уақытқа дейін Джомолунгма шыңын бағындырғысы келгендердің 280-і шың басында мәңгіге қалып қойған. Құрбан болғандардың жартысы көшкін астында қалып қойса, 16 пайызы тау ауруынан қайтыс болған. Қазір жарты ғасыр бұрын қайтыс болғандардың кейбірі қайтадан қар бетіне шығып жатса, оған жаңадан жыл сайын ондаған мүрде қосылып жатады. Джомолунгманы бағындыру жолында қайтыс болғандарды эвакуациялау қиын болғандықтан олардың мүрдесі шың басында қалып қояды.

Аннапурна шыңдары

Орналасқан жері: Непал. Гималай

Ең биік шыңы: 8,091 метр

Эверест ең қауіпті жалғыз шың емес. Эверестке шығу әрекеттерінің 1-2% ғана қайғылы аяқталады. Ең қауіпті шың Аннапурна тауларындағы 8 мың метрден биік Аннапурна саналады. Оған шығушылардың үштен бірі қайтыс болады. Шыңға шыққысы келетін альпинистердің 40 пайызы оның баурайында қалады.

Соған қарамастан, Аннапурна шыңдарын бағындыруға деген альпинистердің ұмтылысы тоқтаған емес. Алғаш рет бұл шыңды 1950 жылы француз экспедициясы сәтті бағындырды. 1990 жылдардың басынан бастап Аннапурна шыңына шығу кезіндегі өлім көрсеткіші азайып келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес 1990-2008 жылдар аралығында Аннапурнадағы өлім 19,7 пайыз болған. Бұл бірқатар басқа сегіз мыңдық шыңдардың қасында аз көрсеткіш. Мысалы, Канченджангада (8586) бұл көрсеткіш – 22 пайыз.

Монблан

Орналасқан жері: Франция, Италия. Альп

Биіктігі: 4695 метр

Монблан немесе Ақ тау – Еуропадағы ең биік тау. Монблан тәжірибелі альпинистер үшін аса қауіпті шың емес, бірақ тағдырдың қандай да бір ойынына байланысты өлімнің рекордтық деңгейі осында тіркелген. Екі ғасырдан астам тарихы бар Ақ таулар бірнеше мың альпинистің өмірін қиды.  Бұл жағынан ол Эверестті де артта қалдырады.

Нанга Парбат

Орналасқан жері: Пәкістан. Гималай

Биіктігі: 8,126 метр

Эверест альпинистер арасында танымал болғанға дейін, альпинистердің қаза болуының көшін бастаған Нанга Парбат болды, сондықтан ол "киллер тау" деген атқа ие болған. Бүгінде бұл тауда қаза тапқандар саны айтарлықтай (5,5 пайызға дейін) азайған.

Канченджанга

Орналасқан жері: Непал, Үндістан. Гималай

Биіктігі: 8,586 метр

Бұл әлемдегі үшінші биік шың. Канченджанга альпинистің қорқынышты түсіне ұқсайды, өйткені мұнда мезгіл-мезгіл қолайсыз ауа-райы басым болып, оның арты қар көшкініне жалғасады. Тек 190 ержүрек адам Канченджанга шыңын бағындыра алған. Альпинистер арасындағы өлім-жітім мұнда 22 пайызға жетеді.

K2

Орналасқан жері: Пәкістан, Қытай. Қарокурум

Биіктігі: 8,614 метр

К2 немесе Чогори шыңына шығу аса қауіпті. Бұл шың аяуды білмейді, қатені кешірмейді. Сондықтан оны бағындырғысы келетін әрбір төртінші альпинист құрбан болады. Алғаш рет бұл шың 1954 жылы бағындырылды. Чогори Эвересттен кейінгі екінші ең биік шың болғанына қарамастан, оған көтерілу ландшафт пен ауа райының тез өзгеретініне байланысты техникалық жағынан Эвересттен әлдеқайда қиын. 2008 жылдың ортасына дейін 284 адам Чогори шыңына көтерілген. Оның 66-сы қайтыс болған. Салыстыру үшін айтар болсақ, осы уақытта Эверестке 3,6 мың адам көтерілді. Чогори Аннапурна І-ден кейін ең қауіпті шың саналады.

Эйгер

Орналасқан жері: Швейцария, Альпі

Биіктігі: 3970 метр

Эйгер шыңдары онша биік болмаса да, олар әлемдегі ең қауіпті шыңдар қатарына жатады. Бұл шыңдар "каннибал" деген атпен де танымал. Үнемі өзгеріп отыратын ауа мен тау жыныстарының арасындағы үлкен айырмашылық бұрын-соңды болмаған проблема туғызады. Бір жарым ғасыр ішінде шың 65 адамның өмірін қиды.

Фицрой

Орналасқан жері: Аргентина, Чили. Патагония

Биіктігі: 3359 метр

Бұл керемет гранит шыңы әлемдегі ең аз бағындырылған және ең қауіпті шыңдардың бірі саналады. Бұл тау шыңын бағындырғысы келген альпинист бірден екі проблемаға тап болады: біріншіден, шыңға жету үшін 600 метр тік жартаспен көтерілуі керек, ал екіншіден, бірнеше аптаға созылатын жаңбыр жартастар бойымен қозғалуға деген құлшынысын жояды.

Винсон массивтері

Орналасқан жері: Антарктида

Биіктігі: 4892 метр

Антарктида тауларына шығу – бұл онша қиын емес. 1958 жылдан бастап оның шыңын 1500-дей адам бағындырды. Ең қиыны – массивтің өзіне жету. Антарктида – пингвиндер үшін қолайлы жер, бірақ массивті бағындырғысы келгендер қатты суық пен боранға төтеп бере алмайды.

Маттерхорн

Орналасқан жері: Швейцария, Италия. Альп

Биіктігі: 4 478 метр

Альпідегі бағындыруға болатын ең қиын шыңдардың бірі оның солтүстік жартасы – Маттерхорн шыңы. Оны бағындыру техникалық жағынан қиын. Жиі су тасқыны мен тастардың құлауы құзға көтерілуді қиындатады. Алайда, 1865 жылы Маттерхорн шыңы бірден екі рет бағындырылды. Бірақ арқанның үзілуінен төрт адамнан тұратын бірінші топтың мүшелері қайтыс болған.

Т. Раушанұлы