- Негізгі бет
- Әлемтану
- Қарақу қандай құс?...
Қарақу қандай құс?
Аққу – құс падишасы.
Қазақ ұшқан құсты, жүйрік атты қастер тұтқан. Құс ішіндегі қыранды, қарлығашты, аққуды қасиетті құстар санаған. Үйіне ұя салған қарлығашты көрсе, “құт келді” деп қуанған. Ал қыранды аңға салып саятшылық құрған. Аққуды құстың сұлуы деп ерекше жақсы көрген. Пәктік пен сұлулықтың символы санаған. Ақындар мен суретшілер құс төресіне қаншама шығарма арнады. “Аққу мойын” немес “аққудайын сұңқылдап” деп неше түрлі теңеулер жазды. Жігіт пен қыздың махаббатын көріп, “аққудай айрылмайтын жұп болсын” деп тілек айтты.
Жалпы аққудың алты түрі бар. Біздің жерімізді қыстайтыны екеуі: сұңқылдақ аққу, сыбырлақ аққу. Қарақу (тек Аустралияда кездеседі), бұдан бөлек кішкентай аққу, америка аққуы бар. Бір қызығы аққу тек ақ болмайды Оның қарақу деп аталын түрі бар.
Табиғаттың ғажабы адамзат жамандық пен жақсылықты қара және ақ түстерге теңесе аққу мен қарақу да сондай қасиеттерге ие. Мысалы біз жоғарыда айтып кеткен теңеулер аққуға тән қасиеттер. Ал қарақу керісінше басқыншылдық мінезімен ерекшеленеді. Олар тіпті жаңадан туған балапандарды өлтіреді екен.
Қара аққу – үйректектестер отбасына жататын құс. Аустралиялықтардың ең сүйікті құстарының бірі саналады. Оларды бізге жақын таныс ақ қанатын сабалап, асыр салатын аққулармен салыстыруға болмайды.
Отаны – Аустралия мен Тасмания. ХІХ ғасырдың орта тұсында оларды Жаңа Зеландия жеріне жерсіндіреді.
Ал Солтүстік Америка мен Еуропада олар қорықтар мен саябақтарда өсіріледі екен. Қара аққулардың тағы да бір ерекшелігі, олар жыл құстарының қатарына жатпайды. Өздерінің дүниеге келген жерлерінде өсіп-өніп, сол жерде қартаяды. Ересектерінің ұзындығы 110 және 140 сантиметр аралығында болса, салмақтары 4-8 келі болып келеді. Қара аққудың мойнының ұзындығы басқаларға қарағанда ұзынырақ келеді. Олар 31-ге жуық мойыномыртқасының арқасында су астына терең бойлап, өзіне қажетті қорегін оп-оңай таба алады.
Қызығы, олардың қанаттарының астындағы жүні бұйра болып келеді екен. Тұмсығы қызыл түсті және оның айналасы ақ сақинамен безендірілген. Көздерінің түсі – ашық қоңыр, сарғылт келеді.
Қанаты қырқылған қарақу (Алматыдағы оқиға)
Жақында Алматы қаласындағы тұрғын үй аумағындағы арнайы көлшікте жүрген қанаты қырқылған қарақуды көрген жұрт оның аянышты жағдайына алаңдап, әлеуметтік желілерде наразылығын білдіріп жатыр. Қанаттары кесілген құс Назарбаев даңғылында орналасқан арнайы көлшікте жүзіп жүр.
Осыған байланысты Алматы облыстық орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Алматы зоологиялық паркі мен құстар бөлімінен арнайы комиссиясы барып анықтады.
"Ренессанс" ойын-сауық кешеніндегі қара аққу көлшікке заңды түрде жіберілген. Оның жұбы болған екен, бірақ жаз айында ауырып өліп қалған.
“2018 жылы Қазақстан Республикасына Өзбекстан Республикасының табиғатты қорғау жөніндегі мемлекеттік комитетінің рұқсаты және ветеринарлық анықтама негізінде екі қара аққу (аталық пен аналық) әкелінді. 2019 жылдың шілдесінде бір құс ауруып өлген. Патологиялық зерттеуден қорытынды бар. Құстарды жеке адам әкелген. Ресми келісім негізінде тұрғын үй кешеніне сыйлаған”, - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Сарапшылар қарақудың жағдайын зерттеп, өз пікірлерін білдірді.
“Ренессанс” тұрғын үй кешенінде жануарларды тұтқында және жартылай бос күйінде ұстау ережелеріне сәйкес, қара аққуды ұстауға қойылатын талаптар орындалған. Құсты азықтандыру "Айболит" ветеринарлық клиникасынан орнитолог ұсынған күнделікті рационға сәйкес жүзеге асырылады. Ветеринарлардың айтуынша, құстың қанаттары кәсіби түрде кесілмеген. Жағдайы қанағаттанарлық”, - дейді Сәкен Ділдахмет.
Т. Раушанұлы