«Кальмар ойынындағыдай» киім кигізді: Кореядағы қазақ қызының шытырман оқиғасы
Қазір әлеуметтік желілерде, тик-токта Оңтүстік Кореядағы еліміз азаматтарының жұмыс істеп, қомақты қаржы тауып жатқан видеолары көп таралып жүр. Олар корей еліндегі жұмыстың бел ауыртпайтынын, есесіне көп ақша табатынын айтып, мақтанып жатады. Оған қызыққан Қазақстан жастары шетелге қалай баруға болатынын сұрап, жиі комментарий жазады. Өзге елде жеңіл жұмыспен, миллиондап табуға бола ма? Барғандарды қандай жұмыс күтіп тұр?
Осының анық-қанығын білу мақсатында Массагет порталының тілшісі Арайлым Меңдіуәлиевамен сөйлесті. Ол корей еліне барып, жұмыс істеп, түрлі шытырман оқиғаны бастан кешірген.
Арайлым Меңдіуәлиева Оңтүстік Корея елінде © жеке архив
Бәрі де Түркияда жүргенде басталды. Байермін. Саудамен айналысамын. Сол жақта таныс апайым болатын. Бірде көріп қалып, табыс туралы сөз болды. «Қанша тауып жатырсың, осы айдағы табысың қанша?» деп сұрады. Мен бір айда миллион теңгедей табатынымды айттым. Ол: «Бұл аз, бала-шағаң бар, жас кезде көбірек ақша табу керек» деді. Сонымен, сөз арасында «Кореяда жақсы, жалақысы көп жұмыс бар. Соған кетейік. Жұмыс оңай, тек бір батырма басып отырасың» деп мені үгіттей бастады. Сосын ойландым. Үйге келгесін, анама, күйеуіме «Кореяда жақсы жұмыс бар екенін, адамдар кетіп жатқанын» айттым. Ақылдаса келе баратын болып шештік. Барып-келу билетіне, апайымыз екеумізге деп миллион теңгедей несие алдым. Кореяға визасыз болғанымен КЕТА (Кореяның саяхатқа электронды рұқсаты) тапсырасың. Мен шетелге шығып жүргендіктен бірден берді. Бірақ жеме-жемге келгенде мені осы іске итермелеген апайым бармады. Несиесі де менің мойнымда қалды. «Шешінген судан тайынбас» дегендей жалғыз ұшып кеттім. Алғашында құжат тапсырып жүріп те, тіпті ұшаққа мініп жатып та «өзге елге бара жатырмын-ау, қалай болады екен» деген сияқты қорқыныш ой болмаған еді. Мүмкін шетелге жиі шығып жүргеннен шығар. Бірақ ұшақта көрейлердің ортасында отырып, өзің түсінбейтін, басқа тілде сөйлеп жатқан адамдарды көргенде қандай іске тәуекелге барғанымды сезе бастадым.
Мен қалай жұмысқа орналастым?
Апайым қалып қойғасын, Сеулде өзім жұмыс іздей бастадым. Таныстың таныстарына хабарластым. Бір кісілер «көмектесеміз, Кванджуға кел, жұмыс бар» дегесін, сол қалаға бардым. Кванджу корейлердің өндірістік қаласы. Көбіне жұмыс іздеген ТМД елінің адамдары, этникалық корейлер осы қалаға келеді екен. Визасыз келгесін 5-6 жыл осында қалып қояды. Бірден пәтер қарай бастадым. Пәтерлер қымбат. Келісім-шарт 1 жылға жасалады. Ақшамен барған едім. 1 миллион вонға (341 мың теңге) келісімшартқа отырдық. Үйге керекті заттар алдым. 500 мың вондай жетпей қалды. Сол жердегі таныстар қарыздан «күнделікті жұмысқа 110 мың вон береді. 5 күнде құтыласың» деді. Кейін солай құтылдым.
Алғаш барғанда: «Оңай жұмыс жоқ. Қандай кімнен не батырма туралы естіп келе жатырсың? Өзің таласып жұмыс алмасаң, ешкім саған жұмыс бермейді!» деді. Мен машина немесе телефон зауытында бір батырманы басып қана 3-4 миллион табуға болатынын естігенімді айтып жатырмын. Ал, сол жердегі таныс әйел күліп «5-6 жылдан бері осында жүрміз. Ондай нәрсені көрген жоқпыз. Айтқан адам сені алдаған» деді. Бірінші күннен-ақ осындай «соққы» алдым. Сонымен, алғашқы жұмысты табу үшін самушильге (кеңсе) бардым. Ол жер агенттік сияқты. Шетелдік гастарбайтерлер барады. Ол жердегі адам «бүгін 10 адам алма тересіңдер, тағы бір топ алмұрт теруге барады» деген сияқты бөліп тастайды. Сөйтіп, саған жұмыс тауып бергені үшін күнделікті ақшаңның 10 пайызын алады. Корейдің жастары ауыр жұмыс істемейді. Мен бір жас корейді көрмедім. Барлығы қарттар. Ол жақта зейнетақы жоқ деп жатады ғой. Сондықтан болар корейлік қарттар жұмыс істеп жүрді.
Алғашқы жұмысым «щиктаннан» басталды
Алғашқы күні «щиктан» дегеннен бәрі қашты. Бөлініп басқа жұмыстарды алды. Жергілікті корей «кім барады, щиктан?» деп айқайлайды. Ешкімнің барғысы келмейді. Ол маған келгенде «щиктан-щиктан» деп саусағымен көрсетті. Мен түсінбеймін, аз-маз ағылшыным бар «окей-окей» деп жатырмын. «Щиктан» дегеніміз асхана екен. Ол жерде тынымсыз жұмыс істейсің. Еден жуасың, ыдыс тазалайсың, терезе сүртесің дегендей... кеңседегі кісі «12:00-ден-14:00-ге дейін демаласың» деп айтқан болатын. Бәлкім, мен дұрыс түсінбеген шығармын. Бұндай асхананың өздеріне тән сасық исі болады екен. Әрең шыдап жүрмін. 12:00 болғанда қасымдағы қыздарға 2 сағат демалатынымды телефондағы аударма арқылы айттым. Олардың көздері бақырайып, түсінбей қарап қалды. Әжетханаға барып, қолымды жуып келе жатсам алдымнан, долданған асханадағы басшы әйел шықты. Дорамадағыдай «иль, чаңнаң я» деп бірдеңелерді айтып ұрсып жатыр. Түсінбеймін. Ол айқайлап, кет деп жатқанын, қолынның сермеуінен білдім. Телефонды ашып, аударма арқылы сөйлестік. Ол «бұл менің жерім, менің заңыммен жүресің, ұнамаса кет!» деп жатыр екен. Сөйтті де қалтасынан жарты күн істегенім үшін 60 мың вон берді. Ұялдым, бір жағынан бізде бір жұмыстан айрылсаң жұмыс таба алмай қаласың деген қорқыныш бар. Бұл жақта ондай емес екен. Мен түсінбестік болғанын, кеңседегі корей солай дегенін айтып, қайта-қайта кешірім сұрадым. Ол кісі түсінді. Жүзі жылып: «үнемі келіп тұр» деді. Бірақ 1 күннен соң қайтып бармадым.
Оңтүстік Кореяда жеңіл жұмыспен көп ақша табу миф
Кореяда тек ауыр жұмыс істейтінін көп жастарымыз білмейді. Әлеуметтік желідегі, тик-токтағы Кореяда жүрген қазақ жастарының түрлі видеоларын көріп, қызығады. Олар мұнда жеңіл жұмыспен көп ақша табатынын айтып жатады. Мұның бәрі ертегі. Мысалы, өзім көрген біздегі бір қыз рұхсатсыз әжетханаға барғаны үшін жұмыстан шығарып жіберді.
Корейдің дорамасындағыдай жұмсақ адамдарды көрмедім
Адамдары өте қатал. Берген ақшасын, маңдай теріңнен сығып алады. «Пали-пали» (тез-тез) деп тыным бермейді. Телефон қарап немесе тез жұмыс істемей жатқаныңды көрсе бірден жұмыстан шығарады. Аяушылық жоқ. Адамдары шаршамайды, робот сияқты. Күлмейді. Үнемі күйзелісте жүреді. Біз қазақ жайдарлымыз ғой. Арасында қалжыңдап тұрамыз. Оларда ондай нәрсе жоқ. Жұмыс бабымен ғана, «ананы істе, мынаны тазала!» деп бұйрық береді, болды. Одан артық байланысқа шыға алмайсың. Корейдің дорамасындағы адамдарды көрмедім. Түрлері басқаша, қабағын түйіп жүреді.
Ауыр жұмыста 50-60 жастағы қазақ апаларымыз жүрді. Бәрінікі күнкөріс қой. Мен оған шыдай алмадым. Өмірімде ондай ауыр жұмыс істеп көрмегем. Ғылым жолындағы адам едім. Түркияда 8 жыл оқып келген ғылым докторымын. Мысалы, құрылыста терезерлердегі ленталарды жұлдық. Тоқтамай істегеніміз соншалық, қолым ауырды. 1 ай бойы ауырғасын дәрі іздей бастадым. Тик-токтағы видеодағыдай асфальтты қырғызады. Оны оңай жұмыс десеңіз қателесесіз. Күні бойы жүрелеп отырып, жұмыс істеу жеңіл деп айта аласыз ба? Ешкіммен сөйлесуге, телефон қарауға болмайды. Құлағыңда құлаққап тұрса да болмайды.
Оңтүстік Кореяда қанша табасың?
Кореяда табыс жақсы дегенмен келісуге болады. Мысалы, қара жұмыста күніне 110 мың вон аласыз (37 мың теңге). Қара күшке негізделген жұмыс болғасын ер адамдар көптеу – 50-60 мың теңге алады. Ал, құрылыста ауыр жұмыс істейтіндер теңгемен есептегенде 70-80 мың алуы мүмкін. Бірақ бұл жерде біз денсаулық мәселесін естен шығармауымыз керек. Өзіне сенген, шымыр, қарулы жігіттер бармаса ондай жұмысқа анау-мынау адам шыдамайды. Азық-түлік қымбат екенін де айта кету керек.
Оңтүстік Корея елінде айлық жалақы мөлшері 2-4 млн вон, 800 мың -1.5млн теңгедей болғанымен, халықтың тұтынатын тауар бағасы Қазақстанға қарағанда өте қымбат. Айлығына сай деуге болады.
Қарапайым наннан бастар болсам, Корея елінде нанның ең арзаны 3000 вон. Ол дегеніңіз – 1000 теңге. Бір бөлке нан Қазақстаннан 10 есе қымбат.
Тізімдеп айтайын:
• 2-3 алма – 1000-1500 тг;
• 1 кг картоп – 1000 тг;
• Жұмыртқаның 10 данасы өлшеміне қарай – 800-1000 тг;
• Еттің килограммы – 4000-7000 тг.
• Кафе, ресторанда бір порция тамағыңыз 3000 теңгеден басталады;
• Шәй-пәй, кола қоссаңыз бір кісі 4000-8000 теңгеге тояды.
Қазақстанда 300-500 мың теңге айлық алатындар Оңтүстік Кореяны армандамаса да болады
Қазақстанда 300-500 мың теңге алатын қызметтегі адамның Кореяға барудың мүлдем қажеті жоқ. 500 мың теңге табатын адам, елімізде 1 миллионды да табады. Таппаса да сол 300-500 мыңның берекесі өз еліңде, отбасыңның жанында жүргенге жетпейді. Визасыз, заңсыз түрде кісі елінде екінші сорт адам болғанша, өз еліңде ұлтан да, сұлтан да болғаның артық. Тілің, дінің, жүрегің бір деп соғатын еліңе ештеңе де жетпейді.
100-150 мың теңгеге күн көріп, кредит төлеп, үйінің берекесін, ырыс, бірлігін арттырып отырған қаншама отбасы бар. Шектеу біздің миымызда. Ақша тек қиыншылықпен, шет елде ғана болады деген шектеуді миымыздан шығармайынша, сол ойымыздың құлы болып, жан-жағымызды темір тормен шектеп тастайтын сияқтымыз.
Мен қалай ұсталдым?
Мен заң бұзбай, 1 айда қайтамын дегенмін. Бірақ 1 жылға пәтерге депозит төлеп қойғасын, орныма келетін адам іздедім. Сөйтіп жүргенде дүкеннен бұршақ алдым. Екінші бұршақты тегін берді. Оның бәрі жол сөмкеме сыймайтын болғасын қайтып өткізіп, ақшасын алайын деген ой болды. Ортадағы аудармашы арқылы түсінісіп, дүкендегі бір хангук (корейлер өзін солай атайды) әйелге бардым. Ол бір банк картасын берді. Мен картаны сол дүкендікі, ішінде менің ақшам бар екен деп ойладым. Ұмыттып кеттім, арадан 1 ай өтіп кетті. Бір күні құрбыммен киім дүкеніне бардық. Сол картадағы ақшаны жұмсадым. Сондығысы 4 мың теңге. Картаның өзін дүкенге өткізейін деп қайта бардым. Сол хангук әйел тұр екен. Телефондағы аударма арқылы айттым. Ол басында күліп: «Бұл карта сіздікі емес пе?» деп сұрады. Мен менікі емес екенін айттым. Қысқасы, дүкендегілер маған басқа біреудің картасын шатасып, беріп жіберіпті. Ішіндегі ақшасын жұмсағандықтан, хангук әйел полиция шақырды. Ол құжаттарымды тексергенде бірден білді менің уақытым өтіп кеткенін. Қазір Кореяда заңсыз жүргендерді ұстауға қатты рейд жүріп жатыр. Негізі полиция турал сөз болғанда кетіп қалу керек екен. Мен оны да білмегенмін.
Қаңтар оқиғасын пайдаланып босқын мәртебесін алғандар да бар
Қасымдағы қызда босқын мәртебесі болғандықтан оны жіберді. Сөйтсем, Кореяда еліміздегі «қаңтар оқиғасын» пайдаланып босқын мәртебесін алатындар көп екен. Бұл жағдай олардың болашағына балта шабады деп ойлаймын. Мысалы, түрмеде «босқын мәртебесін сұрайсың ба?» деп қағаз берді. Сұрағандарға жақсы қарап, жағдайын жасайды екен. Ондайлар да бар. Бірақ мен оның сұрақтарын оқып-ақ қорқып кеттім. Бірден «жоқ, елге қайтам!» деп кесіп айттым.
Кальмар ойынындағыдай қылмыскерлердің киімін кигізді
Мені полияция қамап тастады. Телефон, киімім, заттарымның бәрін алды. Кальмар ойынындағыдай киімін кигізді. Номері бар. Мен не боп жатқанын түсінбеймін. Миым соққының үстіне соққы қабылдап жатыр. 5 күн бойы қамалып жаттым. Түрмеде телефон бермейді. 2 күн аш жаттым. Бұл елге деген өкеп-ренішім барған сайын арта берді.
Елге қалай қайттым?
Басында мені біреудің картасын пайдаланғаным үшін істі етпекші болды. 4 миллион вонға қорғаушы жалдауға ұсыныс білдірді. Сол жақтағы қазақтар «қорғаушы керек емес, өзіміз шешеміз» деп аудармашы жалдады. Кореядағы елшілікке хабарластым. Болған жайды баяндадым. Елшілік адамдары көп көмектесті. «Қарындасым, біз біліп отырмыз. Бармыз. Көмектесеміз» деді. Аты-жөнін де сұрамаппын. Солар маған: «Денсаулығыңызға қараңыз, тамақ жеңіз?» деп біраз жігерлендіру сөздерін айтты. Елшілік өкілдері араласқасын, болған жайды айтқасын, түсінді-ау деймін, іс жабылып, тек мені рұқсатсыз жүргенім үшін елге депортациялады. Ұшаққа дейін кәдімгідей кісенмен әкелді. Тек ұшаққа отырғасын ғана шешті. Ішіндегі адамдардан қатты ұялдым. Айтпақшы, қайтуға билетті өзің аласың.
Кореяға бара салып теріс жолға түсіп кететін қыздар да бар
Тағы да көргенімді айтайын. Бұл жерге келіп теріс жолға түсіп кететін өрімдей жас қыздар да бар. Мысалы, бір рет кафеде сондай қыздардың бірін көрдім. Қасымдағы құрбыларым бір қарт кісі мен келген жас қызды нұсқап көрсетті. Ол үлкен атаның тамағын беріп асты-үстіне түсіп отыр. Ол қызға телефонын әперіп, жағдайын жасап қойған. Менде бір жиіркеніш сезім пайда болды.
Жалпы, бұл мәселе шетелде ғана емес өз елімізде де бар. Бұған кейде қыздар мәжбүрліктен баратын сияқты. Егер елімізде зауыт, фабрикалар болса, жастарды жұмыспен қамтитын өндіріс орындары ашылса, қарагөздеріміз нәпақа іздеп шетел аспайтын еді деп ойлаймын. Бәрінің қамы үй алу, несие төлеу ғой. Бұрын өндіріс орындарында жұмыс істегендер үй алуға мүмкіндігі болатын. Қазір өз елімізде де көптеп өндіріс орындарын ашуға болады ғой. Сонда жастар басқа елге бармай, өз еліне қызмет ететін еді.
Мен Кореяда қанша таптым?
Бұл елдегі соншама шытырман оқиғадан соң ақша таптым деп айта алмаймын. Бірақ шығындалған да жоқпын. Бастысы маған бұл үлкен тәжірибе, сабақ болды. Екі ай саяхаттадым десем болады. Заңсыз түрде өзге елде жұмыс істеудің қажеті жоқ. Жеңіл ақша, қомақты қаржы деген елеске жастарымыз алданып қалмаса деймін. Өзіңнің ортаңда, тілін түсінетін адамдар арасында жүргенге жетпейді екен. Қазақстанда өз құқығың бар, тілің бар. Мен шетелде жүргенде осыған көзім жетті.
Т. Раушанұлы