Жұлдыздар классификациясы

Жұлдыз (латынша stella немесе astrum) – салмағы ерекше ауыр, өзегіндегі термоядролық реакция арқылы айналасына тұрақты жарық шығаратын, плазмалық газ күйдегі аспан денесі. Жарқылдағанды жұлдыз дегенімізбен, жұлдыздар да түрге тармақталады, үлкенді-кішілі, жарықты-жарықсыз, қозғалмалы-қозғалмайтын дегендей. Ендеше, назарыңызға жұлдыздардың толық классификациясын ұсынамыз.

Қоңыр ергежейлі

Қоңыр ергежейлі – Күннің 0,012-0,0767 массасын ғана құрайтын сүбжұлдызды нысандар, яғни, көлемі жағынан Есекқырғанмен шамалас немесе одан да кіші. Бойында жұлдыздарға тән термоядролық реакциялар болғанымен, жылу бөлу мөлшері әлсіз. Болашақта құрамындағы барлық ядролық елементтерді жағып бітіп, тез суып, планетаға айналуы мүмкін. Бізге белгілі қоңыр ергежейлі жұлдыздар: Gliese-229, Wolf 940В. 

Ақ ергежейлі

Жұлдыздың дені құрамындағы ядролық элементтерді жағып тауысқан соң, өзінің эволюциялық кезеңін ақ ергежейліге айналып аяқтайды. Бұл күйге түскен жұлдыздың көлемі 100 есе кішірейіп, тығыздығы артады да, суып кетеді, күңгірттеніп қарyсыз көзге көрінуден қалады. Бізге белгілі ақ ергежейлі жұлдыздар – Процион-A, ван Манен жұлдызы.

Қызыл ергежейлі

Гершпрун-Рассел диаграммасы бойынша, кішкентай және өзге жұлдыздарға қарағанда суықтау, М-К спектірлі кластарына жатады. Қызыл ергежейлілер басқаларға қарағанда едәуір өзгеше. Фотосфера температурасы 3500 кельвинге қызады, қанша жерден "қызыл" десек те, шығарар жарығы сары рең. Бұл түрге жататын жұлдыздар жылуға сараң, біздің дархан күнімізден 10 000 есе аз. Проксима Центавра, жылжымалы Барнард жұлдызы, Лаланд 21185, Lacaille 9352, Вольф 359, Trappist-1 секілді ең шулы жұлдыздардың барлығы "қызылдар".

Сары ергежейлі

0,8-1,2 Күн массасына тең, 3000-6000 кельвин температуралы жұлдыз түрлерін "сары ергежейлілер" дейміз. Күн – сары ергежейлі. Сондай-ақ, өзге де белгілі сары ергежейлілер: Тау Кита, Альфа Центавра А, Альфа Солтүстік сәулежиегі В және 51 Пегас.

Сарғылт ергежейлі

Астрофизиктердің, астрономдардың негізгі тізбек жұлдыздары ішінде сарғылт жұлдыздарға қызығушылығы басым. Сарғылттар 15-30 млрд жыл ғұмыр етеді, салмақты әм тұрақтылықты сүйеді. Сондықтан, жанына жиылған планеталарда тіршілік асықпай-тез қалыптасып үлгеруі де заңдылық.

Алып қызыл жұлдыздар

Беделді, атаулары аңыздарда қорқынышпен, үреймен жиі суреттеліп, тым жыраққа жайғасса да көбі қарусыз көзге көрінер жұлдыздар. Бұл жұлдыздардың қауызында сутек пен гелийдің қосылу процесі тоқтаусыз жүрсе, ядросында гелий-4 пен көміртегі-12 елементтерінің қосылуы белсенді. Арктур, Алдабаран, Гакрукс әм Мира-A сынды үрейлі жұлдыздардың барлығы осы түрге, "алып қызылға" жатпақ.

Америкалық Пионер-10 зонды бұғаусыз босағалы Алдабаранға қарай тартып барады. Егер, жолда опат болмай, осы бағытымен кете берсе, тура 2 миллион жылдан соң жұлдызға жетіп жығылады деп күтілуде.

Ғаламатжұлдыздар

Ғаламатжұлдыздар – эволюцияның шегіне жетіп, ядросының гравитация әсерінен коллапсқа түсуі салдарынан не жарылған, не жарылар алдында тұрған "алып қызылдардан да" үлкен жұлдыздар. SN1054 шаян тәріздес тұмандықтар осы сияқты жарылған ғаламатжұлдыздардың қалдықтары.

Гиперғаламатжұлдыздар

Құрамында термоядролық процестерді қолдайтын көздері әбден таусылып, гравитациялық тоқырау орнаған тым ауыр және аса үлкен жұлдыздар. Яғни, грекше "hyper" - шамадан тыс, нормадан тыс" дегенді білдіреді, әрі қарай логикалық түрде түп-түсінікті.

Нейтронды жұлдыздар

Нейтронды жұлдыздар – ғаламатжұлдыздар мен гиперғаламаттар жарылған соң пайда болатын жұлдыздардың эволюциялық түрі. Олар – секундына 100 немесе одан да көп айналып үлгеретінін, жан-жағына сәулесін шашып, асақуатты тартылысқа ие асау нысан. Сипаттамасына бұрылсақ: қауызы ион мен електроннан жұқалтаң қапталған, радиусы небәрі 10-20 километр, ішкі қыртысы электрондардан, еркін нейтрондар мен артық нейтронды атомдардан тұрады. Әзірше бізге Vela X-1, PSR J0348+0432, PSR J1614–2230 сынды жұлдыздар ғана белгілі.

Вольфа-Райе жұлдыздары

Вольфа-Райе – өзге жұлдыздардан тым жарықтығымен, жоғары температурасымен және сутек, гелийдің кең сәулеленуімен, сондай-ақ, азот, оттегі, көміртектің түрлі ионизациясымен өзгешеленеді. Бұл жұлдыз түрі W класына жатқызылады. Бізге белгілі Вольфа-Райе жұлдыздары: WR 124, WN5.

Ауыспалы/айнымалы жұлдыздар

Ауыспалы жұлдыздардың температурасы мен радиусының бірде ұлғаюы, бірде кішіреюі салдарынан жарығы құбылып тұрады. Астрофизикалық фактіге сенсек, жұлдыздың өзгеруі, жақын маңдардағы физикалық құбылыстарға тікелей байланысты. Бұл жұлдыз ішкі түрлерге де бөлінеді: эруптипті ауыспалы, пульсті ауыспалы, айналмалы, апаттық ауыспалы (жарылуы мүмкіндері), қосарлы-тұтылғандары, ренткенді ауыспалы, ауыспалының жаңа түрлері. Баршамызға белгілі Темірқазық ауыспалы жұлдыздың пульсті түріне жатады.

Кейбір аспан денелері 100% жұлдыз саналмайтындықтан, дара түр немесе гипотезалық жұлдыз болғандықтан тізімге кірмей қалды (Тельца – айнымалы жұлдыз класы, тымжарық/асажарық ренткен көздері, LBV, көк ергежейлі).