Заман дамыған сайын адамдар да жол қысқартып, уақыт үнемдеуге көшті. Бұрын елдің шығысынан батысына дейін айлап, апталап жетсе қазіргі уақытта екі-үш сағаттың ішінде керек жеріне жетіп алады. Тіпті күн өткізбей мұхит асып кетуіне де мүмкіндік бар. Сол себепті әуе көліктерінің дәурені жүріп тұр десек қателеспейміз.
Онымен қоса әлеуметтік желілер дамуының арқасында жақыныңыздың қайда жүргенін оңай білуге болады. Ол үшін тыңшылықтың түк қажеті жоқ. Себебі парақшасына кірсеңіз, барлығы көз алдыңызға шыға келеді. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен екінші тұсы тым қауіпті болатынын ескергеніңіз дұрыс. Таяқтың екі ұшы болатынын елей бермейтін жұртшылық сан соғып қалғанда маңдайын қабырғаға ұрып өкінеді. Осы орайда әуе жолаушысының билетін ғаламторға салғанда қандай қауіп бар екенін айта кетуді жөн көрдік.