Бізді қоршаған орта, біздің өмір сүріп жатқан планетамыз – Жер. Бірақ біз ол жайында толыққанды ақпарат білеміз бе? Егер Жер планетасы туралы қызықты деректер қатарын іздеп жүрген болсаңыз, бұл ақпараттар сіз үшін. Бүгін назарыңызға Лайфхакер жазған Жер туралы бірнеше қызық дерек ұсынамыз. Бұл мақаладан уранды жұтатын микроорганизмдер, планетаның өзегіндегі алтын қоры, бақа жаңбырлары және вирустар туралы біле аласыз.
1. Жерде радиоактивті уран және мұнаймен тыныс алатын бактериялар бар
Әдетте адамдар "радиация" деген сөзді естігенде, олар көзге көрінбей барлық нәрсені өлтіретін күш деп есептейді. Шын мәнінде, иондаушы сәулелерді өз пайдасына асыратын организмдер бар.
Мысалы, АҚШ-тың Колорадо штатындағы Рифл қаласындағы ескі шахтада қандай да бір жолмен радиоактивті уранды сіңіретін Geobacter betaproteobacteria анықталды. Бұл бактериялар метаболизм реакцияларында адамдар оттегін қалай пайдаланса, олар уранды солай пайдаланады. Қысқаша айтқанда, уранмен дем алады. Теориялық тұрғыдан бактериялар затты инертті және зиянсыз етеді, осылайша радиоактивті қалдықтарды тазартады. Яғни, пайдалы. Геобактерияның басқа түрлері де бар. Олар мұнай қосылыстары мен темір оксидтерін, яғни тотты жейді.
Жалпы, егер сіз адамзат өзінің бейқам әрекеттерімен Жер экожүйесіне зиянын тигізіп, нәтижесінде барлық тіршілік иелері жойылып кетеді деп ойласаңыз, алаңдаудың қажеті жоқ екенін біліңіз.
Ғаламшарды радиоактивті жаңбыр және мұнай өнімдері "жаулап" алған күннің өзінде Жердегі тіршілік геобактерия түрінде сақталады. Олар өз кезегінде көп жасушалы организмдер түріне өзгеріп, соңында дөңгелекті ойлап табатын саналы тіршілік иелеріне айналуы мүмкін.
2. Жерге кейде бақалар мен балықтар жауады
Көбінесе аспаннан жерге әртүрлі заттар түседі. Адамдардың басына оғаш заттар түсетін кездер болады. Бұл тек метеориттерге қатысты емес. Мысалы, Сербияда 2005 жылы бұлттар кішкентай бақалардың жаңбырын әкелді. Осыған ұқсас жағдай 2007 жылы Испанияның Аликанте провинциясында болған. Метеорологиялық бақылау тарихында балық, шаян және қарға жаңбыры да байқалған.
Дәл осындай ерекше катаклизм 2007 жылы Аргентинаның Сальта провинциясында болған. Ол жерде өрмекшілер жаңбыры жауған.
Негізінде мұндай құбылыстарды ғылыми тұрғыдан түсіндіруге болады. Анда-санда күшті торнадо әртүрлі заттарды ауаға алып, бірнеше ондаған шақырымға дейін алып жүреді, содан кейін ол заттар жерге түседі. Әдетте олар тастар немесе тұз сияқты жансыз заттар болады. Бірақ кейде жел әртүрлі ұсақ жануарларды, құстар мен жәндіктерді ауаға ұшырып жібереді.
3. Стромболи жанартауы 13 000 жыл бойы үздіксіз атқылап тұр
Жанартау атқылауы әдетте апатты, сирек және қысқа мерзімді болып саналады. Бірақ үздіксіз атқылап тұратын жанартаулар да бар.
Сицилияның солтүстігіндегі Стромболи аралындағы жанартау 13 000 жыл бойы үздіксіз лава, күл және газды шығарып жатыр. Ол 15-20 минут сайын жарылып, бірнеше жүз метр биіктікте лава мен күлді шығарады. Оны "Жерорта теңізі шамы" деп атайды, өйткені оның ашық қызыл жарығы қараңғыда бірнеше шақырымнан көрінеді.
Бірақ адамдар жанартау қаупінен сескенбей сол аралдағы тау етегіндегі тұрады. Мұнда нағыз өлімге әкелетін апат сирек орын алады. Соңғы рет мұндай жағдай 1930 жылы орын алып, нәтижесінде тастар көшіп, бірнеше үйлердің қирауына және алты адамның өліміне себеп болды. 2002 жылы дәл осындай жағдайға байланысты тұрғындарды көшіруге тура келді. Соған қарамастан арал тұрғындары үйлеріне қайта оралды.
4. Жер шарындағы алтын қорының 99% оның өзегінде
Алтын сирек кездесетін металл болғандықтан қымбат. Геологтар алтын кен орындарын табу үшін көп уақыт пен күш жұмсайды.
Бристоль университетінің зерттеушілері планетадағы алтын мен платинаның көп бөлігі оның қабығында емес, ең тереңінде, ядроның жанында екенін анықтады. Жер өзегінде кем дегенде 1,6 квадриллион (бұл 15 нөл) сары алтын бар. Егер ядродан алтын мен платинаны алсақ, планетаның бетін биіктігі төрт метрлік қабатпен жабуға жететін еді.
Баяғыда, шамамен 4,5 миллиард жыл бұрын, Жер енді ғана пайда болған кезде бағалы металл сұйық күйде болған. Ғалымдар барлық алтын Жердің өзегіне және оның айналасындағы қабықшаға ағып кетті деп санайды. Содан кейін планета салқындап, ең қатты кремний шарына айналған.
Шамамен 3,9 миллиард жыл бұрын планетамызға астероид соғылған. Бұның әсері Айға да тиген. Сондықтанда оның бетінде әлі де кратерлер іздері бар. Дәл осы астероидтар Жерге біз қолданатын алтынды әкелген екен. Яғни біздің қымбат әшекейлеріміз бен алтынннан салынған сәнді ою-өрнектеріміз басқа планетадан келген.
Бірақ планетамыздағы кейбір кен орындарының алтыны "өзіміздікі". Мысалы, Аргентинадағы Десеадо тауындағы кендегі бағалы металл планетадағы мантия жыныстарының қозғалысы салдарынан Жер бетіне жақындаған.
5. Жердің магниттік полюстері өзгеріп отырады
Планетаның магнит өрісінің полюстері өзгеріп отырады. Сіздің қолыңызға компас беріліп, уақытты 800 000 жылға кері айналдырса, экватордың орнында Солтүстік Мұзды мұхитты көретін едіңіз.
Бұл құбылыс "Жердің магнит өрісінің инверсиясы" деп аталады. Процесс кездейсоқ орын алады, оның себебі әлі белгісіз. Дегенмен, инверсия жиі болмайды – ол үшін орта есеппен жүз мың жыл қажет. Кейінгі 83 миллион жылда полюстер шамамен 183 рет өзгерген.
Процесстің салдары адамзат үшін қауіпті деген болжамдар бар. Өйткені, полюстер өзгерген кезде Жерге ғарыштан радиация түседі.
6. Жер бетіндегі вирустар ғарыштағы жұлдыздарға қарағанда көбірек
Мұнда таңғаларлық ештеңе жоқ, тек ойланатын қызықты сан. Егер сіз Жерді адамдар басқарады деп ойласаңыз, қателесесіз. Біз планетаның нағыз қожайындарымен салыстырғанда сан жағынан азбыз.
Жер бетінде шамамен 19 нониллион (30 нөлден тұратын сан) нақты вирус бар. Олар біз көріп отырған ғарыштағы жұлдыздардан 100 миллион есе көп.
Бүкіл әлемде жинақталған СПИД вирусы бір ас қасықтай ғана болады. Адам ағзасында өмір сүретін микроорганизмдер бірнеше ондаған баррель мұнай бөшкесіне сияды.
Жалпы, планетадағы барлық вирусты бір жерге жинасақ, олар шағын тауды құрайды.