- Негізгі бет
- Әлемтану
- Жер бетіндегі ең...
Жер бетіндегі ең суық мекендер
Жер – контрасттар планетасы. Оның бір нүктесінде адам төзгісіз ыстық болса, бір нүктесіне қақаған аяз орнаған. Экстремал температураға қарамастан кей жерлерде адам мекендейді. Назарыңызға Жер планетасындағы ең суық мекендер топтамасын ұсынамыз.
"Восток" станциясы, Антарктида
Жер бетіндегі ең суық жер Антарктидада орналасқан. 1983 жылы советтік "Восток" ғылыми станциясында -89.2 градус тіркелген. Мұнда тек зерттеушілер ғана келеді. Оның өзінде көп болмайды. Жергілікті тұрғындар, әлбетте, жоқ.
Станциядағы ең жылы мезгіл – желтоқсан айы. Бұл айда ауа-райы -30 градусқа дейін жылиды. 2002 жылы ең жоғары рекордтық температура, -12.2 градус тіркелген екен. Ең суық кезең тамыз айына тұспа-тұс келеді: ауа температурасы -70 градустан әрі түсіп кетеді. "Востокта" мұздың тастай қататыны сонша, оның қалыңдығы 3,5 километрге дейін жететін көрінеді.
Айсмитте, Гренландия
Жер бетінде Антарктида сияқты мұз құрсауында жатқан тағы бір мекен – Гренландия. 1930 жылы геофизик Альфред Вегенердің экспедициясы барысында "Айсмитте" полярлық станциясы пайда болды. Сол жылы экспедиция мүшелері -65 градус ауа температурасын тіркеген еді.
Оймякон, Ресей
Якутия Республикасындағы Оймякон елді мекені адамдар тұратын ең суық жер саналады. 1924 жылы мұнда -72.2 градус суық болған. Бірақ кей деректер бойынша бұл рекрод 1938 жылы бұзылған (-77 градус) деседі. Ал соңғы өлшеулерге сәйкес, бұл елді мекендегі орташа ауа температурасы -64.3 градус. Ал жаздыгүні Оймяконда ыстық болады. 2010 жылы сынап бағанасы 34.6 градус нөлден жоғары деп көрсеткен.
Верхоянск, Ресей
Якутияда Оймяконмен қатар Верхоянск қаласы да ең суық аймақтың бірі саналады. 1892 жылы Верхоянскіде -68 градус аяз болған. Қатал климатқа қарамастан мұнда шамамен бір мың адам тұрады.
Аймақтағы ортша температура – -18.6 градус. Оймякондағыдай мұнда да жаздыгүні өте ыстық. Ең ыстық ауа-райы +37.3 градус болған.
"Нортайс" полярлық станциясы, Гренландия
"Айсмитте" станциясынан бөлек Гренландияда да ең суық полярлық станция бар. Ағылшындар мен даттар 1952 жылы "Нортайс" станциясын құрды. Ол тек 2 жыл ғана жұмыс істеп, -66.1 градус тіркелген.
Massaget.kz