Динозауырлар дәуірінен бүгінге дейін жеткен жан-жануарлар мен жәндіктер өте сирек. Бірақ Еуропа, Таяу Шығыс пен Үндістанда әлі күнге дейін ең ежелгі тіршілік иелерін кездестіруге болады. Соның бірі – Triops cancriformis дулығары.
Triops cancriformis деп аталатын бұл жәндік түрі жер бетінде 200 миллион жылдан бері өмір сүріп келеді. Көп таралса да ғылымда толық зерттелмеген. Бірақ ғалымдар айтуынша, ұзақ өмір сүрмесе де тұқымын сақтап қалу бұл тіршілік иесінің басты мақсаты іспетті.
Дулығардың бұл түрі ең ежелгі тіршілік иесі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына да енген. Triops cancriformis пайда болғанда Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка да құрлық ретінде пайда болмаған. Ол кезде тұтас Пангея құрлығы болған.
Дулығарды алғаш рет 1801 жылы француз табиғаттанушысы Луи Боск ашты. Бастапқыда Apus cancriformis деген ат берген. Бірақ Apus деген құс аты бар болғандықтан талас туған. 1950 жылдары ғана нақты шешім қабылданып, ғылымда Triops cancriformis деп атала бастады.
200 миллион жыл өтсе де Triops cancriformis дулығарының түр-тұлғасы еш өзгермеген. Кішкентай шаянтәрізділер санатына жатады. Ұзындығы шамамен – 12 сантиметрдей.
Дулығардың тіршілік етуі де бір қызық. Олар арық, шалшық, тұщы су қоймаларында өмір сүреді. Ұрығын су астындағы жер қыртысына жасырады. Ал ол ұрығы су тартылып аптап құрғақшылық болса да, күн суып мұз қатса да жойылып кете қоймайды. Тіршілігіне қолайлы жағдай туғанда бірер күн ішінде жаңа дулығарлар пайда болады. Олар өзінен кішінің бәрімен қоректене береді. Сондықтан аш қалуы екіталай.
Ең ежелгі тіршілік иесінің жойылып кету қаупі де жоқ емес. Оған себеп – лас экология салдарынан дулығар өмір сүретін ортаның азаюы. Дегенмен ғалымдар бұл тіршілік иесі Еуропа, Таяу Шығыс және Үндістанда ғана емес, Антарктидадан басқа барлық аймақта кездесетінін айтады. Дулығарды үйде асырайтындар да бар.
Дулығардың кей түрлері Азия елдеріндегі күріш алқаптарында жәндіктер мен арамшөптерді жою үшін де пайдаланылады.