Жапонияда өткен жылы туу көрсеткіші рекорд дәрежеде төмен болған. Күншығыс елі – әлемдегі ең жылдам қартайып бара жатқан ел. Жапония сияқты экономикасы тұрақты елдің тұрғындары неге балалы болғысы келмейді?
Жапонияда 2021 жылы туған сәбилер саны рекорд дәрежеде төмен болды. Нәтижесінде халықтың табиғи азаюы бойынша антирекорд тіркелді.
Өткен жылы елде 812 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Бұл көрсеткіш 1899 жылдан бергі ең төменгі туу көрсеткіш. Жыл сайынғы өлім саны шамамен 1,44 миллион. Бұл ел тұрғындарының өсудің орнына азайып бара жатқанын білдіреді.
© depositphotos.com
Еңбек нарығының тапшылығы
Жапония – қартайып бара жатыр. Халықтың 30 пайызы 65 жастан асқандар. Коронавирус пандемиясына байланысты еңбекке қабілетті халық санының төмендеуі одан әрі үдей түсті. Бұл еңбек нарығының қысқаруына әкеліп соғатыны да алаңдатады.
© businessrevisor
Отбасыдан гөрі мансап басым
Жапонияда ер адамдар кәсіби табысқа баса назар аударады. Нәтижесінде неке екінші орында қалады. Сондықтан некеге тұру саны да азайып барады.
Былтыр қатарынан екінші рет некеге тұрғандар саны 501,1 мыңға дейін азайды. Неке санының азаюы пандемия жылдарымен де сәйкес келеді.
Жапон зерттеу институтының сарапшысы Такуми Фуджинами: "Егер жастар үйленбесе немесе үйленгісі келмесе, туу көрсеткіші төмендей береді", - дейді.
Сонымен қатар, Жапонияда кейінгі жарты ғасырда жоғары білімі бар әйелдердің саны артқан. Қолжетімді бағамен бала күтіміне қол жеткізе алатын тәрбиешілерді табу қиын. Сондай-ақ жапон қоғамында әйелдер ерлерге қарағанда үй шаруасына көбірек жауапты деген пікір бар, мұндай жағдайда көптеген әйелдер өз мансабына көбірек көңіл бөлу үшін ана болудан бас тартады.
Жапония туу көрсеткіші төмендеп жатқан жалғыз шығыс елі емес. Оңтүстік Корея, Қытай, Тайвань және Сингапурде де туу көрсеткіші төмен. Бала туу көрсеткішінің төмен болуының себебі – тұрмыс құруға деген құлшынысының жоқтығы мен оқудың қымбаттығы.
© Itsuo Inouye / AP
Жапондар кеш үйленеді
Жапондар тым кеш үйленеді. Үйленгеннен кейін де балалы болуға асықпайды. Оның себебі бала үшін сатып алынатын заттардың, медицина т.б тым қымбаттығы.
© Reuters
Жұмысшы күшінінің орнын шетелдіктер толтырады
Жақында Tesla компаниясының негізін қалаушы Илон Маск Twitter-де Жапониядағы демографиялық тенденциялар өзгермесе, ел "біртіндеп жойылады" деп жазды. Бұл әлеуметтік желіде дау тудырды.
Комментаторлар Жапонияның жойылып кетпейтінін, бірақ елдің болашағы шетелдік мигранттарға көбірек байланысты болуы мүмкін екенін жазды.
Жапонияның көші-қон саясаты қатал. Ел босқын мәртебесін сирек береді. Миграция тақырыбы ондаған жылдар бойы саяси тыйымға айналды. Шетелдіктердің келуі этникалық бірегейлік пен мәдениетке нұқсан келтіреді деген пікір бар.
Бірақ көші-қон саясатын жұмсарту туралы шешімдер де басталды. 2019 жылы қытайлық жұмысшы ерекше біліктілігіне байланысты виза алған алғашқы шетелдік ретінде тіркелді, оның әйелі мен ұлына да Жапонияда тұруға рұқсат берілді. Енді үкімет құрылыс пен кеме жасаудан басқа кадрлар жетіспейтін салаларға қатысты ережелерді жұмсартуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде көбірек шетелдіктер резидентураны ала алады.
Жапонияның ұзақ мерзімді "жоғары өсу" сценарийіне сәйкес, орташа жылдық экономикалық өсімді 1,24% ұстап тұру үшін 2040 жылға қарай шетелдік жұмысшылар санын 6,74 миллионға арттыру қажет. Бұл қазір Жапонияда бар 1,72 миллион шетелдік жұмысшыдан 300 пайызға артық.