Жақында кей елдер Жер бетінен жойылып кетуі мүмкін

Жер бетіндегі мәңгілік мұздар еріп жатыр. ХХ ғасырға қарағанда ауа-райының орташа температурасы 0,74 градусқа көтерілген. Қазіргі қолданылатын жеңіл шаралар (Өндіріс қоқыстарының азайтылуы, орман көлемінің артуы) жалғасын тапса, Жер шары бұрынғыдан 2 градусқа ғана ыстық болады, егер осындай шаралардың өзі қолданылмайтын болса, онда ауа-райының орташа температурасы 4 градусқа дейін артады. Соның нәтижесінде теңіз жағалауындағы қалалар су түбіне батып, адам өлімі жиілеп, табиғи апаттар күрт артады.

Ғалымдар мұздың еруі жылдан жылға жылдамдап бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. БҰҰ-ның мұздардың еруі бойынша жасаған есебіне сәйкес, 2005 жылдан бері теңіз деңгейі XX ғасырға қарағанда 2,5 есе тез көтеріліп келеді. Климат бойынша БҰҰ сарапшылары тобы көмірқышқыл газы қазіргідей деңгейде (CO2) шығарылатын болса, мұздың еруі 2100 жылға қарай төрт есе артатынын ескертті.

Жаһандық жылыну салдарынан Гавай аралдарының бірі су астына кетті

Жаһандық жылыну, мәңгілік мұздың еруі мен теңіз деңгейінің көтерілуі бірнеше аралдағы мемлекеттің жойылып кетуіне әкеледі.

Климаттың өзгеруі әсер етуі мүмкін аумақтарға Кирибати, Тувалу және Маршалл аралдары жатады.

Кирибатидегі үкіметтік емес экологиялық ұйым – Climate Action Network координаторы Пелениза Алофаның айтуынша, теңіз деңгейінің көтерілуі мен тропикалық дауылдардың күшеюі аймақтағы адамдардың өмірі мен ауыл шаруашылығына қауіп төндіреді.


"Біз бір реттік оқиғалар туралы айтып отырған жоқпыз. Біз үйлерімізді толық қирататын табиғи құбылыс туралы айтып отырмыз", - деп келтіреді оның сөзін Alofu Express газеті.

Басылымның мәліметінше, Кирибатидің бұрынғы президенті Аноте Тонг Глазгодағы COP26 саммитінде сөйлеген сөзінде климаттың өзгеруінен өз еліне төнетін қауіптер туралы айтты. Ол Аустралияның осы саладағы саясатын да сынға алды.

Ғалымдар жаһандық жылынудың жағымсыз әсерін азайту үшін Жердегі температураның көтерілуін Цельсий бойынша бір жарым-екі градус шегінде шектеу қажеттігін бірнеше рет атап өтті. 2015 жылы 190-нан астам мемлекет осы мақсатқа жету үшін нақты іс-қимыл жоспарын қарастыратын Париж келісіміне қол қойды. Құжат қазба отынынан толық бас тартуды білдірмейді, бірақ елдер парниктік газдар шығарындыларын азайту және жаңартылатын энергия көздеріне көшу шараларын қабылдауы керек.

Ғалымдар: жаһандық жылынудың алдын алу үшін жасанды қыс қажет

Айта кетейік, 2018 жылы Гавай архипелагына кіретін "Валака" аралы Жер бетінен жоқ болып, су астына кетті. Оның ені 120 метр, ұзындығы 1 шақырымды құрайды. Жоғалып кету қаупі төніп тұрған (ұзындығы 80 сантиметрден 1,4 м дейін жететін, салмағы 600 келі болатын) жасыл теңіз тасбақаларының дүние жүзі бойынша жартысынан астамы осы аралда өмір сүретін еді. Архипелаг 24 арал мен атоллдардан тұрады.