Ақырзаманның болатын-болмайтыны туралы көптеген теориялар бар. Кейбір ғалымдар метеорит құлағаннан жер бетіндегі тіршілік жойылады деп айтады. Ал Уилл Смит басты кейіпкерін сомдаған “Мен аңызбын” (I Am Legend) фильмінің авторлары вампирлердің шабуылынан адамдардың қырылып кететінін баяндады. Алайда, біздің өмірімізге қауіп төндіретін шындыққа жақын болжам – жаһандық жылынудан болатын өлім.
2050 жылы адамзаттың өліміне жол бермеу үшін ғалымдар көмірқышқыл газын сіңіріп, парник әсерінің қаупін төмендететін ағаш отырғызуды мүмкіндігінше қарастырып жатыр. Алайда жаһандық жылынумен күресу үшін 189 елге ақша бере алатын Халықаралық валюта қорының қызметкерлері жақында ағаш отырғызудың орнына адамдар киттің популяциясын қорғап, қалпына келтіруі керек деп мәлімдеді.
Time басылымы Ақша Қорының профессорлары жақында киттердің көмірқышқыл газын сіңіру қабілетінің бар екенін анықтағанын айтады. Олардың есептеулеріне сәйкес, үлкен кит түрлерінің әрқайсысы шамамен 100 жыл өмір сүру кезеңінде шамамен 30 тонна көмірқышқыл газын сіңіреді. Сонымен бірге бір ағаш бір жылда 22 келі көмірқышқыл газын бейтараптайды, яғни бір ғасырда 2,2 тоннадан аспайды. Осы көрсеткіштерді салыстыра отырып, киттердің ғаламдық жылынуға қарсы күресте өсімдіктерден гөрі едәуір маңызды рөл атқаратындығы белгілі болды.
Ғаламдық жылынудан қалай сақтану керек?
Киттердің көмірқышқыл газын сіңіретіндігіне қоса, суды азот пен темірге бай қалдықтармен қанықтырады. Олар көмірқышқыл газын тиімді сіңіретін фитопланктон – балдырлар мен микроскопиялық тіршілік иелерінің таралуы үшін қажет. Зерттеу авторларының бірі Ральф Чэмидің айтуынша, мұхиттардағы фитопланктон мөлшерін көбейту арқылы адамзат бірнеше жүз тонна көмірқышқыл газын өңдей алады. Бұл екі миллиард ағаш отырғызумен бірдей. Ғалымдар әрбір кит әлемдік экономикаға 2 миллион доллар көлемінде үлес қоса алады деп сенеді.
Айтпақшы, ағашты көптеп отырғызу арқылы біз жаһандық жылынудың алдын алмаймыз, керісінше, оның болуын тездетеді екенбіз.
Киттер неліктен қырылып жатыр?
Жоғарыда айтылғандардың бәріне қол жеткізу үшін адамдарға кит популяциясын арттыру өте маңызды. ХХ ғасырдың басында бұл алыптарды аулауға жаппай рұқсат берілген. Осылайша киттердің саны азайып кетті. Қазіргі уақытта ғалымдар шамамен 1,3 миллион кит бар, ал коммерциялық аң аулау басталғанға дейін олардың саны 5 миллионға жуық болғанын айтады. Бүгінде коммерциялық кит аулауға тыйым салынды және олардың саны біртіндеп көбейіп келеді. Бірақ соңғы уақытта олар басқа да себептермен өліп жатыр. Неліктен?
Мұның бәрі қоршаған ортаның ластануынан дейді ғалымдар. Көлемі Аустралия құрлығымен бірдей қоқыс аралы мұхиттағы тіршілік иелерін улап, қырып жатыр. Сонымен қатар, су сүтқоректілері жоғалған балық торларына түсіп өліп қалатын жағдайлар көп.
Жер бетіндегі қатты дыбыстар киттердің өліміне кінәлі екен. Кеме жасаған дыбыстар киттердің туыстарының дыбысын естуіне және мұхитта еркін жүзуіне кедергі келтіреді. Осыған байланысты олар бұрыс бағытта жүзіп, ақырында жағаға шығып қалады.