Израильде екі жасөспірім 425 алтын монетадан тұратын қазына тапты. Қыш құмыраның ішінен табылған қазынаның салмағы 845 грамм, барлығы 24 карат таза алтыннан соғылған. Теңгелер ІХ ғасырда билік еткен Аббасид халифатына тиесілі.
Аббас ибн Абдул-Мутталиб негізін қалаған Аббасит халифаты (750-1258 жж.) қазіргі Алжирден бастап Ауғанстанға дейінгі аумақты билеген.
"Мен жерді қазып жатып, жұқа жапырақтарға ұқсайтын бір нәрсені көрдім. Мұқият қарап, олардың алтын монеталар екенін түсіндім. Мұндай ежелгі және маңызды қазынаны табу өте қызықты болды", - дейді жасөспірімдердің бірі Оз Коэн.
"Мысалы, осы алтын теңгеге Мысырдың сол кездегі бай астанасы Фустаттың ең жақсы аудандарының бірінен сәнді үй сатып алуға болар еді", - дейді Израильдің Антикалық ескерткіштер басқармасының өкілі Роберт Кул.
Шамасы, алтынды мың жыл бұрын жасырған адам оны кейінірек алып кетуді ойлаған. Себебі құмыра орнынан жылжып кетпеуі үшін шегелермен мықтап бекітілген.
"Мұндай алтын монеталар сирек кездеседі. Біз оларды археологиялық қазба жұмыстары кезінде таба алмаймыз. Себебі алтын әрқашан бағаланып, қайта-қайта балқытылып, қолданылған. Таза алтыннан жасалған монеталар тот баспайды. Олар бір күн бұрын көмілгендей жарқырап тұр", - дейді сарапшылардың бірі.