Әр елдің өз заңы, өз ережесі, өз әскері бар. Отан алдындағы борышын өтеуге барған сарбаз үшін әскери тәртіптің маңызы жоғары. Ережелерді естен шығармай, қызметіне адал болу – басты міндет. Ал әскер – елдің қорғаны. Бүгін біз Израиль елінің әскері жайлы аз-кем қызықты ақпарат ұсынбақпыз.
Алдымен әскері жайлы айтпай тұрып, Израиль елінің тарихына бір үңіле кетсек. Еврейлер елі 1948 жылдың 14 мамырында өз тәуелсіздігін жариялады. Егемендігін алғанмен, бейбіт күн кешті деп айту қиын. Израиль мемлекеті жарияланғаннан кейін араб мемлекеттері БҰҰ-ның Палестина аумағын бөлу туралы қарарымен келіспей, Израильге қарсы соғыс жариялады. 1948–1949 ж.ж. бірінші Араб-Израиль соғысында Израиль жеңіске жетіп, Иерусалимнің батыс бөлігін және араб мемлекетінің бір бөлігін басып алды. Осылайша әскери қақтығыс басталды. Бұл Араб-Израиль соғысының тұтануы еді... Әскери қақтығыстар 1982 жылға дейін жалғасты. Әлі күнге дейін Палестинамен арақатынасы тұрақты емес. Жалпы бұл ел тарихы талай қилы оқиғаларға толы. Арыдан алсақ арабтардың жаулап алуы, Наполеон жорығы бар. Тәуелсіздік жолында Ұлыбритания, Франция және Египетке қарсы шайқасты.
Қазіргі таңда Израиль жер көлемі бойынша (20 770–22 072 км²) әлемде 147-ші орында. Халық саны бойынша (8 972 000) 97-ші орында тұрған ел. Географиялық орналасуына келсек, Азия мен Африканы қосып тұрған мемлекет. Солтүстік шығысында – Сирия, Иордания, оңтүстігінде Египетпен шектессе, батысын Жерорта теңізі шайып жатыр.
Global Firepower жыл сайын әр елдің әскери қуатын бағамдайтын рейтинг жариялап тұрады. Израиль елі бұл рейтингте жоғары тұр. Нақтырақ айтсақ, биыл жарияланған тізімде 17-орынға жайғасқан. Танк техникасы бойынша, тіпті 8-орында. Өзге де қызықты статистиканы Global Firepower рейтингінен қарауға болады. Осы тұстан тақырыпқа оралып, Израиль сарбаздары жадында ұстайтын 7 ережені бастап кетсек:
1. Суретке түсуге болмайды
Интернеттен "Израиль сарбаздары" немесе "Израильдағы әскери маман", болмаса "әскерде қызмет ететін еврей аруы" деген секілді ақпаратпен жарияланған суреттерді көптеп табуға болады. Негізі олардың көпшілігін әскери журналистер түсіріп, қорғаныс күшінің (ивр. צבא הגנה לישראל — Цва хагана́ ле-исраэ́ль) мақұлдауымен жарияланған. Офицер мен сарбаздарға суретке түсуге тыйым салынған. Сондай-ақ әскери жаттығу кезіндегі суреттерін жариялауға рұқсат бермейді. Ереже сақтамаған жағдайда қызметтен босатылады.
2. Кисе де ескеру керек
Еврейлердің ерлері басына кипа деген бас киім киеді. Біздегі тақия секілді. Бірақ жұқа әрі кішкентай келеді. Сондықтан олар өзге бас киімдерінің ішінен киіп те жүре береді. Кей жағдайларда әскерде киюге рұқсат бермейді. Бірақ сарбаздың дінге деген көзқарасына құрметпен қарап, рұқсат та береді. Тек ескеретін ережесі бар: кипа – қарапайым болу керек. Яки, бас киімде ешқандай жазу немесе сурет болмау керек.
3. Саясат жайлы сөз қозғауға болмайды
Сарбаз әскери борышын өтеп жүргенде елдің саясаты жайлы өз көзқарасын айтпауы керек. Саяси тақырыпта, партия жайлы, саясаткерлер туралы сөз қозғауға болмайды. Тіпті саяси тақырыптардағы жазбаларға лайк қоюға да тыйым салынған. Сарбаз бейтарап болу керек.
4. Құмар ойыннан аулақ болу керек
Сарбаз құмар ойынға әуестенбеу керек. Мұндай тыйым өзге елдердің де әскерінде бар екені рас. Бірақ мұнда жазасы ауыр. Оның орнына ойды дамытатын, логиканы шыңдайтын ойындарға баса мән беріледі.
5. Құлаққаптың бір жағын ғана тағуға болады
Израиль сарбаздары бос уақытында музыка тыңдап, фильм көре алады. Оған тыйым жоқ. Бірақ құлаққаптың екі жағын да тағуға болмайды. Әскери тәртіп бойынша сарбаздың бір құлағы ашық болу керек. Яғни, айналада не болып жатқанынан хабардар болуы тиіс.
6. Көрінген көлікке мінбеу керек
Әскери қызметкерлер мен сарбаздарға көшеде қол көтеріп, көлік тоқтатып, барар жеріне жетіп алуға тыйым салынған. Себебі елде лаңкестік топтар осылай бірнеше рет әскери қызметкерлерді өз құрығына түсірген. Қорғаныс күші осы оқиғалардан кейін әскери қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін осындай ереже қабылдаған.
7. Бірінші түйме ашық болу керек
Бұл ереже қызық-ақ. Сарбаз болсын, әскери қызметкер болсын, жоғарғы түймесі ашық болу керек. Ауа райына еш қатысы жоқ. Бірінші түйме тек төтенше жағдайда ғана түймеленеді. Мысалы, айтуға мүмкіндік болмай қалған сәтте. Мұндайда ең жоғарғы түймесін түймелеу арқылы жағдайды жеткізеді. Өзара түсінісу құралына айналған. Сондай-ақ қызметтестерінің бірі көз жұмып, жерлеу кезінде бірінші түймелерін түймелейді.
Израиль әскерінде қыздар неге көп?
Израиль елінде қыздардың әскерге баруы қалыпты жағдай саналады. Себебі кәмелет жасына толып тұрмысқа шықпаған және бала-шағасы жоқ қыздар әскерге баруы міндетті.
Әскерде борышын өтеушілер қатарында бұрымды арулар аз емес. Кей деректер бойынша әрбір бесінші борышын өтеуші – қыздар. Сондай-ақ елдегі офицерлер құрамының 25%-ын құрайды.
Әскердегі қызмет ерлердікі және қыздардікі болып бөлінбейді. Ерлер жасаған істі қыздар да істеуі міндетті. Бір ғана айырмашылық – әскери борыш уақытында. Ерлер үшін 36 ай болса, әйелдер 21 ай әскерде болады.
Израильда сарбаздар үшін бар жағдай жасалған. Мемлекет бар шығынын көтереді. Тұрғын үй, тамағы, білім және бірінші деңгейлі медициналық қызмет тегін көрсетіледі. Одан өзге әскерге барғандар кез келген оқу орнына тегін қабылданады. Сондықтан жастар әскерге баруды отандық алдындағы борыш және үлкен өмірге жол деп біледі.