Британия азаматы Рассел Жонс кейінгі кезде аяғы ақсай бастаған Билл деген итін емдету үшін 300 фунт жұмсаған. Аяғын рентгенге түсірген, анализ тапсыртқан. Содан ветеринарлар иттің еш жері жарақаттанбағанын, еш жері ауырмайтынын айтыпты.
Сөйтсе, Билл иесіне жаны ашып, соған еліктеп өзі де ақсақ ит құсап жүре бастаған екен. Себебі иттің иесі Расселдің аяғында гипс болғандықтан, балдақпен ақсап жүрген. Ал Билл сап-сау аяғымен қасында имитация жасап жүрген.
Бұл оқиға әлеуметтік желілерде тез тарап, көбі сенбей, таңғалып жатыр. Бірақ бұл құбылысты 2010 жылы Вена және Оксфорд университеттерінің ғалымдары зерттеп, дәлелдеп шыққан.
Ғалымдар зерттеуде адамдар ғана емес, иттер де автоматты имитацияға, еліктеуге бейім екеніне көз жеткізген. Мұндай қабілет осыған дейін тотықұстарда анықталған екен.