Италияда әлемге танымал ортағасырлық бәйге өтті

Италияда әлемге танымал ортағасырлық бәйге өтті
Фото: daypic.ru

Италияның Сиен қаласында әлемге танымал ортағасырлық бәйге өтті. Жыл сайын осы уақытта дүбірлі доданы тамашалауға келетіндердің қатары көбейеді. Палио ойындарының дүниеге келгеніне 530 жыл өтсе де шарттары өзгермеген.

Жарыс басталмас бұрын қала көшелерінің бойында салтанатты марш өтеді. Тура орта ғасырдағыдай. Тұрғындар үшін Палио дәстүр ғана емес, өмір салтымен пара-пар. Сиена ерте заманнан бері 17 ауданға бөлінеді. Өздері ол аудандарды контрад деп атайды. Бәйге кезінде контрадтар бірі-бірімен бәсеке. Әр ауданның өз жалауы, өз бейнесі және өзіне тән аңызы бар.

«Палиода жеңіске жету үшін бабы келіскен сәйгүлігің болуы шарт. Әйтпесе, шаң қауып қалдым дей бер. Оған қоса шабандоздың батыл болғаны керек әрі ол аттың, аренаның қыр-сырына қанық болуы тиіс. Жалпы, жарыс кезінде шешім қабылдай алатын ойыншы түрлі қиын жағдайдың шешімін табатыны анық. Бұдан бөлек тұрғындардың қолдауы маңызды», - дейді «Керік» ауданының мүшесі Марио Финески.

Контрадқа мүше болу атадан балаға мирас. Өйткені қалада бәйгеге бей-жай қарайтын жан жоқ. Жыл сайын шілде, тамыз айларында Сиенадағы басты алаңда ине шаншар жер болмайды. 10 сәйгүлік аренада 3 үш айналымға шабуы тиіс. Қашықтық – шамамен 1 шақырым. Дәстүр бойынша шабандоздар ерсіз шабады. Бұрылыс, қиылыстарда құлайтындар көп. Кейінгі екі жыл қатарынан «Қасқыр қыз» ауданы бас жүлдені жеңіп алды.

«Қасқыр қыз» ауданының мүшесі болу – үлкен абырой. Мен өзіме жүктелген міндетті сеземін. Менің әкем осы ауданның мүшесі болған», - дейді ,«Қасқыр қыз» ауданының мүшесі Паола Челли.


Дереккөз: 24.kz

Е. Жұмабайұлы