Иран елінің билігі алдағы деноминация жоспары және риал валютасы атауын өзгерту жайлы шешім қабылдады. Елдегі экономикалық жағдай және ақша есептеудің қиындығына байланысты осындай шешімге келген.
Жаңа заң жобасы бойынша Иранның валютасы түмен деп аталады. Осыған дейін ресми атауы риал болып келген.
Xinhua сайты хабарлағандай, 10 мың риал 1 түменге тең болады. Яғни, төрт нөлге қысқарады. Ал 1 түмен 100 парсехтан (екінші деңгейлі ақша бірлігі) тұрады.
Ирандағы валюта алмасу процесі біртіндеп жүзеге асады. Толықтай ауысу кезеңі 2 жылдан астам уақытты қамтымақ.
Иран билігі елдегі Орталық Банктің ақша реформасы жайлы жобасын 2016 жылы-ақ мақұлдаған. Одан бергі аралықта заң жобасының кемшін тұстары қаралып келген-ді.
Құнсыздану себебі неде?
2015 жылы шілдеде Иран мен алты мемлекет – АҚШ, Германия, Қытай, Ұлыбритания, Ресей және Франция арасында ядролық келісімге қол қойған. 2018 жылы Дональд Трамп арнайы мәлімдеме жасап, Вашингтон Иран келісімінен шығатынын мәлімдеді. "Иран терроризмді қолдап отыр" деп айыптады. Нәтижесінде Иранға қатаң санкциялар жарияланды. Осының әсерінен валютасы құнсыздана бастады.
Валюта құнсыздануына байланысты банк картасы жоқ ирандықтар өздерімен бума-бума ақшаны алып жүретін. Ал тиындардан бас тартуға тура келген.
"Түмен" ирандықтар үшін жаңа атау емес. 1932 жылғы ақша реформасына дейін де Иран валютасы осылай аталған. Ол кезде 1 түмен – 10 кран, 1 кран 1000 динарға тең болған.
Орталық банк купюралары мен дүкен сөресіндегі бағалар риал деп жазылғанмен, ирандықтар ақша бірлігін көбіне түмен деп атайды.
"Түмен" сөзі моңғол тілінде "10 000" деген мағынаға саяды. Моңғолдарда ертеде 10 мың әскерді түмен деп атаған.