Tesla және SpaceX басшысы Илон Маск әлемдегі ең бай адам атанды. Оның байлығы 188 миллиард доллардан асып жығылып, Amazon компаниясын құрған Джефф Безосты басып озды. Бұл туралы The Verge басылымы Bloomberg Billionaires Index-ке сілтеме жасап хабарлады.
CNBC дерегі бойынша, Илон Маскта 2020 жыл басында 27 миллиард доллар болған. Әлемдегі ең бай адамдардың елулігіне әрең еніп тұрған. Бір жыл ішінде Tesla акциясы 9 есе шарықтап, асығы алшысынан түсе бастады. Шілде айында миллиардерлер рейтингінде Уоррен Баффетті басып озса, қарашада екінші орында тұрған Билл Гейтсті төмен сырғытты.
Әзірге Forbes және Bloomberg рейтингі әлі жаңарған жоқ. Онда Илон Маск екінші орында тұр.
Әлемдегі ең бай атанғаны жайлы кәсіпкерге ең бірінші Twitter желісінде хабарланды. Илон оған екі твитпен жауап қатты. Алдымен "қандай таңғаларлық", сосын "жақсы, жұмысқа қайта кірісеміз" деп жазды.