- Негізгі бет
- Әлемтану
- Хуатэн Джек Маны...
Хуатэн Джек Маны басып озып Қытайдың ең бай адамы атанды
Tencent Holdigs онлайн-ойын дистрибьюторы негізін қалаушы Ма Хуатэн Джек Маны басып озып Қытайдың ең бай адамы атанды. Бұл туралы Forbes хабарлады.
Қазіргі уақытта Джектің байлығы 40,7 миллиард доллар болса, Хуатэннің жалпы байлығы 48,3 миллиард доллар. Forbes-тің наурыз айындағы рейтингі бойынша 38,8 миллиард доллармен Джек Ма Қытайдың ең бай адамы атанған еді. Сол кезде Ма Хуатэн одан 700 миллион доллар аз ақшамен екінші орынды иеленген.
Джек Ма: "Біз мүмкіндіктер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз"
Ma Хуатэн байлығының күрт артуының себебі коронавирус кезінде үйге қамалған адамдардың онлайн ойынға деген сұранысының артуымен байланысты. Tencent акцияларының бағасы жыл басынан бері 14 пайызға қымбаттады. Осы жылдың бірінші тоқсанында Tencent-тің кірісі 26 пайызға артып, 108 миллиард юань (15 миллиард доллар) пайда түсірген.
"Адамдар үйде отырған себепті өнімдерімізге деген сұраныс дәл осылай ешқашан артпаған", - дейді Ма Хуатэн.
Алайда, Forbes Қытайда карантин шектеулері жойылғаннан кейін Tencent қызметтері мен өнімдеріне деген сұраныс төмендеуі мүмкін екенін жазады. Өйткені шектеулерді алып тастау адамдардың, оның ішінде жасөспірімдердің үйде аз уақыт өткізуіне себеп болады, ал экономикалық жағдайдың нашарлауы оларды ойындарға кететін шығынды азайтуға мәжбүр етеді.
Нәтижесінде Ма Хуатэн байлығы азайып, Джек Ма қайтадан Қытайдың ең бай адамы атануы мүмкін. Бұрын мұндай жағдайлар болған. Мысалы, Tencent-тің негізін қалаушысы 2019 жылғы наурыздағы рейтингте Маны басып озған болатын, бірақ Alibaba-ның негізін қалаушысы қараша айында көшбасшылықты қайтарып алған.
Алайда Bloomberg сарапшыларының пікірі бойынша Джек Ма әлі де қытайдың ең бай адамы. Bloomberg Billionaires индексіне сәйкес Джек Ма қазіргі уақытта 44,6 миллиард доллармен әлемдегі ең бай адамдардың арасында 19-орында, ал Ма Хуатэн одан 1 миллиард доллар аз байлықпен 20-орынды иеленген.
Т. Раушанұлы