- Негізгі бет
- Әлемтану
- Хот-дог пен пицца...
Хот-дог пен пицца саясатқа қалай араласты?
Халықаралық қарым-қатынас мәселелері тек жиындарда ғана емес, кешкі не түскі ас кезінде талқыланып, шешімін тауып жатады. Әсіресе, АҚШ және Еуропа елдерінде елшіні кешкі асқа арнайы шақыру дәстүрі кеңінен қолданылады. Франция дипломаты Шарль Морис де Талейран "Маған жақсы аспаздарыңды бер, мен саған пайдалы келісімшарттарға кепілдік беремін" деген екен. Кейде ұсынылатын астың міндетті түрде қымбат болуы маңызды емес. Өйткені фаст-фудтың өзі саясатқа айтарлықтай өзгеріс әкелген. Бүгін фаст-фудтың саяси келісімсөз жүргізуге қалай әсер еткенін бірге талқылаймыз.
Хот-дог қалай Екінші Дүниежүзілік соғыс нәтижесіне әсер етті?
Король Георг VI Гайд саябағындағы кездесу барысында (дереккөз: FDR Presidential Llibrary and Museum)
1939 жылы 11 маусымда Ұлыбритания королі Георг VI пен жары Елизавета патшайым АҚШ-қа ресми кездесуге келеді. Ол уақытта Америка Құрама Штаттарының президенті Франклин Делано Рузвельт болатын. Британтялықтар АҚШ-қа жай қонаққа келмеген еді. Әлем Екінші Дүниежүзілік соғыс алдында тұр еді. Нацисттік Германиядан жасқанған Біріккен Патшалық королі Георг VI жарымен бірге АҚШ сынды мықты елмен одақтас болу ниетін білдіріп келген еді.
Франклин Рузвельт қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Бірақ әдеттегідей Ақ Үйде емес, оларды Гайд саябағында қарсы алуға шешім қабылдайды. Саябақтағы серуенге шығу үшін өз аспаздарына арнайы менюді ұсынады. Онда классикалық америкалық тағамдар бар еді: қақталған түйеқұс еті, мүкжидек джемі, құлпынай шорткейкі, көк салат және хот-дог.
Бұны америка президентінің үздік PR әрекеттерінің бірі ретінде еске алады. Келесі күні-ақ жергілікті басылымдар, соның ішінде New York Times осы оқиғаны баяндап, оны "Король хот-догтың дәмін татып, тағы беруін сұрады" деген тақырыпта басып шығарды. Рузвельт соғыстың Еуропаға тигізер салдарын жақсы түсінді және Гитлер мен оның одақтастарына қарсы күресетін мемлекеттерге қолдау болуға тырысқанымен, көптеген азаматтар мен билік өкілдері АҚШ еуропа аймағындағы іске араласпауы керек деген тұжырымда еді. Сондықтан Рузвельттің басты мақсаты америкалықтардың британиялықтарға деген көзқарасын өзгерту болатын және оған қол жеткізе алды. Хот-дог оқиғасынан кейін америкалықтардың британиялықтарға жылы шырай таныта бастады. Америка Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде маңызды рөл атқарғаны бәрімізге тарихтан белгілі.
Трамптың бургерлері
Фаст-фуд мемлекеттік қабылдауларда тек алғашқы жылдары ғана ұсынылған жоқ. Мысалы 2019 жылы АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйде Clemson Tigers атты америкалық футболшылар командасы үшін мерекелік қабылдау ұйымдастырған болатын. Бұл шара үшін президент 300 гамбургерге тапсырыс берген. Сонымен қатар Трамп оған қосымша қуырылған картоп таяқшалары, пицца және тұздықтар алдыртқан.
Әрине, бұған АҚШ үкіметінің уақытша демалысы және Ақ үй қызметкерлерінің бір бөлігі ақысыз демалысқа кетуі әсер еткен болатын. Сондықтан Трамп фаст-фуд өнімдеріне тапсырыс беруге және төлеуге мәжбүр болды. Ойыншылармен кездесу кезінде ол "бірінші ханымға" бірнеше салат дайындауға тапсырыс бергенін, бірақ гамбургерді дұрыс көргенін әзілмен жеткізген болатын.
Фаст-фудты жақсы көретін тек Трамп қана емес, мысалы сенатор Линдон Джонсон түскі асқа жиі гамбургер тапсырыс берген, Билл Клинтон вегетариан болғанға дейін чили бұрышы қосылған чизбургерді жақсы көрген. Ал Джордж Буш болса өзінің "чизбургер пиццасы" атты фастфуд түрін менюге енгізген. Оны жасау үшін Маргарита пиццасының үстіне чизбургердің барлық ингредиенттерін қосқан.
"Горбачев пиццерияға келді..."
Ал КСРО-ның бірінші және соңғы президенті Михаил Горбачев фаст-фуд жарнамасына түскен. 1997 жылы ол америкалық пицца желісінің жарнамасында бас кейіпкер рөлін сомдайды. Жарнама сюжеті бойынша Горбачев пен оның немересі пиццерияға кіреді, оны тамақтанып отырған өзге қонақтар таниды. Соңында олар Горбачев болмаса, елде нағыз пицца болмас еді деп оған пиццадан "тост" көтереді.
Горбачев бұл түсірілімге өзінің "Әлеуметтік-экономикалық және саяси зерттеулердің халықаралық қоры" атты коммерциялық емес ұйымына ақша жинау үшін келіскен деседі. Ол қанша төленгенін ешкім білмейді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұл төлем қазіргі бағамен кемінде миллион доллар болуы мүмкін. Горбачев жарнама берушілерге бір ғана шарт қойған: ол түсірілім барысында пицца жемейді. Оның орнына 10 жасар немересі Анастасия пиццадан дәм татады.
Міне, фаст-фудқа байланысты саясаткерлердің осындай оқиғалары бар. Сіз қандай оқиғаны білесіз?
Т. Есқали