Көшелердің тарихы ұзақ. Әлемдегі ең алғашқы көшенің қайда және қашан пайда болғанын дөп басып айту қиын. 1807 жылы Лондонда газ шамдарына негізделіп көшелерді жарықтандырды. 1832 жылы Париж көшелері асфальттала бастады. 1914 жылы Кливлендте алғашқы қызыл және жасыл бағдаршам пайда болды
Әлемде жүздеген мың кең және әдемі көшелер бар. Олар барлық жерде кездеседі. Өйткені, кез келген елдің әр қаласында өзінің ең әдемі көшесі болады. Олар Гиннестің рекордтар кітабына өздерінің ерекшелігімен енгізілген.
Массагет порталы осындай ерекше көшелерді – әлемдегі ең тар, ең тік, ең ұзын және ең қысқа көшелерді ұсынады.
Әлемдегі ең тар көше
Үндістанның қасиетті орталығы болып саналатын Варанаси қаласының өте тар, иір-қиыр, дөңгелек көшелері бар: ғибадатханаларға баратын өткелдердегі бұл көшелердің маңызды бөлігі қысқа, сондықтан көлікпен өту мүмкін емес. Мотоцикл және кейде екі адам сол жолда кездессе, біреуі екіншісіне жол беруге мәжбүр болады.
Бірақ екі адам оңай өтетін бұл үнді көшелері Германияның Рейтлинген қаласындағы Шпройерхофштрассемен салыстырғанда аллеяға ұқсайды.
Шпройерхофштрассе ені 50 сантиметрден аспайды. Көшенің ең қысқа ені – 31 сантиметр. Бұл көшеден ары қарай өткісі келетіндердің бәрі ол жерден өте алмайды.
Көше 1727 жылы өрттен толығымен дерлік жойылған Рейтлинген қаласын қалпына келтіру нәтижесінде пайда болды. Бастапқыда бұл жай ғана үйлер арасындағы қуыс болды, ал 1820 жылы Шпройерхофштрассе көшесі ресми түрде қала карталарында пайда болды.
Ең тік көше
Гиннестің рекордтар кітабына сәйкес, әлемдегі ең тік көше – Жаңа Зеландияның Данидин қаласындағы Болдуин көшесі. Көшенің ұзындығы 359 метр, ал деңгей айырмашылығы 80 метр.
Көшенің ерекшелігі 35 градусқа иіліп салынған. Ал көшенің бұлай салынуына басты себеп, оның сызбасы ағылшын жерінде салынып осы елге жіберілген. Басты жобалаушы Жаңа Зеландияда мүлде болып көрмеген. Көшені салуға тек географиялық картаны пайдаланған. Меншікті жердің орналасу жүйесіне мүлде назар аударылмаған.
Болдуин көшесі бетоннан жасалған. Әйтпесе асфальт Жаңа Зеландиядағы күн ыстығына шыдамай ағып кетер еді.
Ең қысқа көше
Ebenezer Place — Шотландиядағы Уик қаласындағы көше. 2006 жылы ол әлемдегі ең қысқа көше ретінде Гиннестің рекордтар кітабына ресми түрде енгізілді. Көшенің ұзындығы 2 метр 6 сантиметр.
Бұл көше McKay қонақүйінің құрамына кіретін №1 бистроға кіреберіс. Қонақ үй 1883 жылы салынған, сол кезде Эбенезер-Плейс көшесі пайда болды.
Эбенезер – иврит сөзі, мейірімді, қамқор дегенді білдіреді. Көше қонақ үй иесінің есімімен аталды. Міне, әлемдегі ең мейірімді және ең қысқа көше осылай салынған.
Ең ұзын көше
Әлемдегі ең ұзын көше Торонтода (Канада) салынған – Янг-стрит. Оның ұзындығы 56 шақырым. 1999 жылы көше ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабында әлемдегі ең ұзын көше ретінде енді. Кейбір деректерде оны 56 шақырымнан соң 11-ші магистральға айналуын ескерілмей 1896 шақырым деп көрсетеді. Тағы бір айта кететін жайт елімізде де ең ұзын көше бар. Ол тек елімізде ғана емес, ТМД елдері арасындағы ең ұзын көше болып тіркелген. Д.Қонаев атындағы көше Текелі қаласында орналасқан. Ұзындығы - 35 км.