2064 жылы әлем халқының саны 9,7 млрд адамға жетеді. Ал ғасыр аяғына қарай 8,8 миллиардқа дейін азяды.
Мұндай мәліметтерді Вашингтон штатындағы денсаулық сақтау индикаторлары және бағалау институты (IHME) ғалымдарының болжамына негіздеп BBC News хабарлады.
Зерттеушілер бұл тұжырымға әлемдегі бала туу деңгейінің өзгеруін (бір әйелдің ғұмыр бойында босанатын балалар саны) талдау арқылы келді. 1950 жылы бұл көрсеткіш 4,7 болса, 2017 жылы ол 2,4-ке дейін төмендеді.
IHME сарапшылары 2100 жылға қарай туу коэффициенті 1,7-ге дейін төмендейді деп болжайды. Ғалымдар бұл коэффициент 2,1-ден төмен түссе, Жер халқы азая бастайды дейді.
Жапония халқы 2017 жылы ең жоғарғы шегі – 128 миллион адамға жеткені айтылған. IHME болжамына сәйкес, ғасырдың аяғында Жапония халқы 53 миллион адамға дейін қысқарады. Осы уақытта Италия халқы қазіргі 61 миллионнан 28 миллионға дейін қысқарады. Сондай-ақ, ғасырдың аяғында Испания, Португалия, Таиланд, Оңтүстік Корея және басқа да елдердің халқы екі есе азаяды.
Қазіргі уақытта әлемдегі ең көп халқы бар Қытай 2024 жылға қарай шегіне – 1,4 млрд адамға жетеді. Бірақ ғасырдың аяғында Қытай халқының саны 723 миллионға дейін азаяды. IHME болжамы бойынша 195 елдің 183-інде жалпы халық саны 2100 жылға қарай қысқарады.
Зерттеушілер бала туу деңгейінің төмендеуіне, ең алдымен, көптеген әйелдердің білім алуға және жұмысқа орналасуға көбірек қол жетімді болуымен және контрацептивтердің кеңінен қолданылатындығымен түсіндіреді.
Сонымен қатар, ХХІ ғасырдың аяғында қарт адамдар саны едәуір артып, балалар саны азаяды. Атап айтқанда, 5 жасқа дейінгі балалар саны 2017 жылы 681 миллион болса, олар 2100 жылы 401 миллионға дейін азаяды. Ал 80 жастан асқан қарттар саны 2017 жылы 141 миллион болса, келесі ғасырдың басында олардың саны 866 миллионға дейін артады.
Зерттеудің авторларының бірі, профессор Кристофер Мюррей әлем халқының жас құрылымындағы мұндай өзгерісті "үлкен әлеуметтік өзгеріс" деп атады. Ол мұның жаһандық экономикаға зиян болуы мүмкін екенін ескертті.