Климаттың өзгеруі, әсіресе, ысуы адамның сыртқы келбет-болмысына да қатты әсер етпек. Адамның денесі мен сүйегі шағын әрі шапшаң болса, соғұрлым ыстыққа тез бейімделетін көрінеді.
Мәселен, Шотландияның Эдинбург университетінің палеонтолог зерттеушісі Стивен Брусаттидің айтуынша, мұндай заңдылықты түсіну үшін алысқа барып қажет емес. Ыстық аймақта таралған жан-жануарлар мен суық аймақта кездесетін жануарлардың дене-тұрқы бірдей емес. Ыстық аймақтағылар кішілеу.
"Оның неге олай екенін атақты Бергман теориясымен-ақ түсіндіруге болады. Кішілеу жануардың денесіне "күн өте қоймайды" әрі ыстық өткен жағдайда, ағзасынан тез шығарып тастауға бейім тұрады. Ал ірі жануардың денесі үлкен болғасын, күн өтіп кетуі мүмкін. Кеміргіш ұсақ жәндік-жануардың ыстық аймақта қаптап кетуі де содан болса керек", - деп ойын тұжырымдайды Стивен Брусатти.
Палеонтологтың айтуынша, жер ғаламшары осыған дейін де бір ғаламдық жылынуды бастан өткерген. 55 млн жыл бұрын. Сол ғаламдық жылынуға дейін өмір сүрген жылқының археологиялық қазбадан табылған қалдықтарға қарап зерттеген, дене-тұрқы кейінгі жылқылардікінен екі есе үлкен болған екен.
"Осы заңдылықты ойласақ, жер шарында тағы ғаламдық жылыну болса, онда адамның да дене-тұрқы ұсақталуы мүмкін. Әзірше бұл – гипотеза ғана. Анық жасалған зерттеу жоқ", - дейді Брусатти.
Бұл ойға тәуелсіз сарапшылар сынмен қарайды. Олардың айтуынша, Homo Sapiens-тің ұрпағын бұл шеңберге, ол теорияға салуға келмейді.
"Бәрі ген мен популяцияға байланысты. Ірі денелі адамдар жер бетінен құрып кетсе, иә, адамзат ұсақталуы мүмкін деп ой қорытуға болар. Одан бөлек, адамзаттың қазіргі өзі ойлап тапқан технологиясы ыстықтан жақсы қорғайды. Мәселен, кондиционер", - дейді Лондондағы жаратылыстану тарихы мұражайының профессоры Адриан Листер.