“Ғажайыптар болмайды” кітабының авторы Ли Мёң Бак неге қамалды?

19 ақпан күні Сеул жоғарғы соты Оңтүстік Кореяның 10-президенті Ли Мёң Бакты 17 жылға бас бостандығынан мақрұм етті. Ол үлкен көлемде пара алумен айыпталған. 

“Ғажайыптар болмайды” кітабы арқылы танылған Ли Мёң Бак қандай адам еді?

Қамалу себебі

Сыбайлас жемқорлықпен айыпталған бұрынғы президент 2018 жылдың 5 қазанында қамауға алынды. Ол денсаулығына байланысты бір жылдан кейін кепілдікпен босатылды. Бірақ 2020 жылдың 19 ақпанында бұрынғы президентті 17 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шықты.

2008 жылдан 2013 жылға дейін Оңтүстік Кореяны басқарған Ли Мёң Бак ағасына тиесілі DAS компаниясының нағыз иесі екені дәлелденген. Ол компанияны дамыту кезінде билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды. Бұрынғы президент құжаттарында автокөлік бөлшектерін сатқаны туралы айтқан. Бірақ іс жүзінде DAS үлкен компаниялардан,  мысалы, Samsung Electronics-тен пара алу үшін пайдаланылды деген айып тағылған.

Қазіргі уақытта 78 жастағы бұрынғы президент 17 жыл түрме жазасынан бөлек, 15,7 миллион доллар айыппұл төлеуі қажет. 

“Өз уақытында бүкіл елдің басшысы болған тұлғаны пара алды деп айыптау ақиқатқа қаншалықты жақын. Бұл қарсыластарының кегі болуы мүмкін” деген сөздерді шетелдік БАҚ өкілдері жазып жатыр.

Ли Мёң Бактың президенттігі кезінде Солтүстік Кореямен қарым-қатынас едәуір салқындаған. Оның билігі кезінде Солтүстік пен Оңтүстік теңізшілерінің арасындағы қақтығыста 46 адам қаза тапты. Қазіргі президент Мун Дже Ин және оның жақтастары бірнеше рет Солтүстікпен қарым-қатынастың нашарлауының салдары ауыр болатынын ескерткен.  Сондықтан Ли Мёң Бактың көрші елмен нашар қарым-қатынасы оны түрмеден бір-ақ шығаруы мүмкін деген болжамдар айтылған.

Бұрынғы президентке тағылған айып 16 тармақтан тұрады. Олардың қатарында салықтан жалтару және барлау органдарының 9,3 миллион долларын жымқыру  сынды айғақтар бар.

“Мені ұстаздарым – анам мен кедейлік”

Ли Мёң Бакқа тағылып жатқан айыптаулар басқа мәселе. Біз оның өмірде қандай адам болғандығы туралы жазуды жөн көрдік. Елімізде Лидің “Ғажайыптар болмайды” кітабын оқығандар болса керек. 

Оңтүстік Кореяның болашақ президенті 1941 жылы 19 желтоқсанда Жапонияның Осака қаласында дүниеге келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Мёң Бактың ата-анасы Оңтүстік Кореядағы отанына оралды.

Корей есімдері бізге күрделі және мағынасыз болып көрінуі мүмкін. Бірақ олардың есімдері де мағынаға ие. Мысалы, Мёң Бак  анасы  оған жүкті кезінде түсінде айлы түнді көрген. Түсі арқылы ол өмірге ұл бала әкелетінін сезген. Сондықтан өзінің болашақ баласын Мёң Бак деп атайды. Кәрісше Мёң – жарық, Бак – таратушы деген мағынаны береді. Болашақ президент осылайша Мёң Бак атанады. Оның жапониялық есімі – Цукияма Акихиро.

Шаруа отбасында дүниеге келген Мёң Бак үш ұл мен үш қыздың арасындағы бесінші перзент еді. Болашақ президенттің отбасы Оңтүстік Кореяға оралғанда, олардың кемесі апатқа ұшырап, өздері әупірімдеп аман қалады.  Барлық мал-мүлкі суға кеткен олар өмірді басынан бастайды.

Отбасындағы екінші ұл болған Мёң Бак ағасымен бірге үй шаруашылығына көмектеседі. Көшеде сіріңке, нан мен жеңіл тағамдарды сататын Мёң мектепті жақсы бағамен аяқтайды, бірақ оқуын жалғастыра алмайды. Корей отбасында ата-аналар үлкен ұлға көп көңіл бөледі. Сондықтан болашақ президент көше бизнесін жалғастырып, үлкен ағасының білім алуына ақша жинауға көмектеседі.

Кейін ол кешкі білім беру мекемелерінің біріне (колледжге) оқуға түсіп, күндіз сауда саттықпен айналысып, түнде оқуын жалғастырады. Саудадан қатты ұялатын ол басына сабаннан тоқылған үлкен шляпа киіп алатын, таныстарын кезіктіруден қатты қорқатын. Мёң Бак кейін бұл туралы: “Жасөмпірім кезімде қыздар мектебінің алдында нан сатқан уақытта қатты ұялатынмын” деп есіне алады. 

Ли Мёң Бак өмірінде қатты қиналғаны туралы көп айта бермейді. Бірақ оның өмірбаяны бұдан көп дерек береді. Тіпті бірде ол: “Менің өмірдегі ұстаздарым – анам мен кедейлік” деп айтқан.

23  жасында түрмеге түскен демократия жақтаушысы

Мёң Бактың арманы бәрібір орындалды. Ағасының оқуы үшін отбасы Сеулге көшіп келеді. Мұны пайдаланған Мёң Бак та Коурё университетіне оқуға тапсырады. Оқудың ақшасын түнде базарда шаштараз болып жұмыс істеп табады. Уақыт өте Мёң Бакқа үздік студент болғаны үшін шәкіртақы тағайындалады. Бірақ ол спортшы достарын қолдау мақсатында оқу пәндерінің бірінің емтиханына байкот жариялайды да стпендиядан қағылады. 

1964 жылы Ли Мёң Бактың өмірінде үлкен өзгерістер болады. Ол Сеул студенттер ұйымының басшысы болып тағайындалып, мемлекеттің Жапониямен арадағы келісімі үшін митинг ұйымдастырады. Оған 12 мың студент қосылады. Нәтижесінде олар өз мақсаттарына жетеді. Белсенділер жетекшісі болған Мең Бак 6 ай түрмеде отырып шығады. Кейін оған университетте оқуын жалғастыруға мүмкіндік беріледі. 

Лақап аты  – “бульдозер”

Ли Мёң Бак еңбек жолын 1965 жылы қарапайым құрылыс компаниясы болған “Хёндэ Констракшннан” бастайды. Кәсіпорын Мёң Бактың бастамасымен Тайландтағы ірі магистраль құрылысын салу үшін тапсырыс алады. Бұл Хёндэ Констракшнның шетелдегі алғашқы ірі жобасы еді. Кәсіпорын Мёң Бакты Тайландтағы құрылыс компаниясына жетекші етіп жібереді. Бір күні жергілікті жұмысшылар наразылық білдіріп, компанияның Тайландтағы кеңсесіне шабуыл жасады. Мёң Бак өміріне қауіп төнсе де, құнды құжаттары бар кеңседегі сейфті  сақтап қалады.

Компанияға деген адалдығы үшін 29 жасында енді дамып жатқан “Хёндэ Констракшн” компаниясының директорлар кеңесіне мүше болады. 

Айтпақшы, Ли Мёң Бактың лақап аты “бульдозер” болған. Себебі ол бульдозермен жақсы жұмыс істеген екен. 

Мёң Бакқа 33 жасында бауыр ауруы деген диагноз қойылып, дәрігерлер жұмыс істеуге тыйым салады. Бірақ жұбайы өзеннен жылан аулап, оны жылан етімен емдейді. 

1977 жылы 35 жасында Ли Мёң Бак атқарушы директор болып тағайындалып Оңтүстік Кореядағы ең жас атқарушы директор атанады.

Ағасы парамен ұсталған сәттегі президент ретіндегі Ли Мёң Бактың халықтан кешірім сұрауы

“Горбачёв бір адам көп нәрсені өзгерте алатынын дәлелдеді”

47 жасында “Хёндэ” директорлар кеңесінің төрағасы болған ол, мансабын аяқтап саясатқа өтеді. Ол бұл шешімін: “Әлем бір адам – Горбачёв арқылы қаншалықты өзгергенін көрдім. Сондықтан мен де бір нәрсе істеуім керек” деп түсіндіреді. 

Ол құрылыс компаниясында білікті басшы бола алды. Мысалы, Ли  Мёң басшылыққа келгенде компанияда 98 адам жұмыс істесе, 1992 жылы Ли директорлар кеңесі төрағалығынан кеткенде фирмада 168 мың адам жұмыс істейтін еді.

Саяси мансабында да көптеген қарсылықтарға ұшыраған ол 2002 жылы Сеул мэрі етіп тағайындалады. 

Ол бұл лауазымда өте жақсы жұмыс істейді. Мәселен, орталық көшелердің біріндегі автобус маршруттарында өзгерістер енгізеді. Мёң Бактың ұсынысы бойынша көшедегі автобус жолы ортаға ауыстырлады. Жолдың екі жағын бөліп тұрған тосқауыл алынып, орны автобус жолына айналдырылады Нәтижесінде жол бойында қиылыспайтын автобустар бұрынғыға қарағанда шамамен үш есе жылдам жүреді, бұл қала шетінен қала орталығына жетуді жеңілдетеді.

Мёң Бактың астана басшысы ретінде тағы бір игі ісі Чхонгечхон өзенінің бұрынғы тарихи арнасын қалыпқа келтіруі болды. ХХ ғасырдың 50-жылдарында ірі құбырлар арқылы қала шетіне шығарылып жіберілген өзен ластанып, инфекция тарататын суға айналған болатын. Ли Мёң Бак миллиондаған доллар жұмсалған жоба арқылы өзенді тарихи арнасына қайта бұрып, қала ортасынан ағып өтуін қамтамасыз етеді. 

Басында адамдар бұл жобаға қарсылық көрсетеді. Кейін өзен жағасы демалатын орынға айналғасын, бұл істің дұрыстығына көпшіліктің көзі жетеді. 

2005 жылы Ли Мёң Бак тағы бір жобаны бастайды. Ол Нью-Йорк пен Лондондағыдай Сеулдің орталығында орман шаруашылығы жобасын бастайды және бір жылдан кейін мұны аяқтап ашылу рәсімін өткізеді. Орманда 400 мыңға жуық ағаш отырғызылады, 100-ге жуық жануар түрлері  әкелінеді. Содан кейін Time журналына Чхонгечхон өзенінде түскен Ли Мёң Бактың суреті бар мақала шығады.

Ли Мёң Бак Сеулде  бір қарыс жер де бос тұрмауы керек деп санайды, ал қалалық әкімшілік алдындағы үлкен бетон алаңы көгалға айналадырылады. Кейін әншілер мұнда концерттерін өткізу үшін ақы төлей бастайды, ал қыста алаң табиғи ұшу-қону жолағына айналады. Мёң Бак әкімшілігі кезінде Сеул заманауи технологияны пайдаланатын әкімшілікке айналады.

Президенттік

Ли Мёң Бак 2007 жылы желтоқсанда Оңтүстік Кореядағы президент сайлауында 48,7 пайыз дауыс жинап, жеңіске жетеді. Бірақ президенттіктің алғашқы жылдарында оның рейтингі күрт төмендейді. Америка Құрама Штаттарынан Оңтүстік Кореяға сиыр етін әкелуге салынған тыйымды алып тастауы халық наразылығын тудырады. 2 айға созылған наразылықтың нәтижесінде ел бюджеті қатты шығынға ұшырайды.

Ли Мёң Бактың президенттік бағдарламасы ерекше “Корея 7-4-7” деп аталды. Бағдарлама бойынша елде ЖІӨ-нің 7 пайыздық өсімі – жан басына шаққандағы 40 мың доллар  және ЖІӨ жағынан Оңтүстік Кореяның экономикасы әлем бойыынша 7 орынға шығу керек болды.

Ли Мёң Бак президенттігі кезінде ғылымға үлкен мән берілді. Дәл осы кезеңде білім алу үшін “ақы төлеудің” арнайы жүйесі енгізілді. Бұл дегеніміз, оқуын уақытылы төлей алмағандар кейінірек төлеу мүмкіндігін алды. Бәлкім, президенттің  мұндай қарарға келуі жас кезінде оқи алмай қиналғандығынан болар.

Ли Мёң Бак президенттік мерзімі аяқталғанға дейін, яғни,  2013 жылдың 25 ақпанына дейін қызметінде қалады. Кейін ел басшысы болып оның орнына алдыңғы сайлауда жеңілген Пак Кин Хе тағайындалады. 2018 жылдың наурызында Ли Мёң Бакқа қатысты іс  қозғалады. Бұрынғы президент өзін ақтап, мұның барлығы қарсыластарының айласы екенін айтады.