Жаңа жыл табалдырығын аттағалы тұрмыз. Массагет порталы назарыңызға 2022 жылы өтетін 5 маңызды оқиғаны ұсынады.
©REUTERS
Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары
Бейжіңде 4-20 ақпан аралығында Қысқы Олимпиада ойындары және 4-13 наурыз аралығында қысқы Паралимпиада ойындары пандемияға байланысты спорттық іс-шаралардың кейбір қатаң ережелерін сақтай отырып өтеді. Барлық қатысушылар, соның ішінде спортшылар, толықтай вакцинациялануы немесе 21 күндік карантиннен өтуі керек. Токио Олимпиадасынан айырмашылығы, бұл іс-шараға көрермендер қатысады, бірақ билеттер сатылымы Қытай азаматтарымен ғана шектеледі.
Кейбір елдер Қытайдағы адам құқықтары бұзылды деген айыппен Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялап жатыр. АҚШ бірінші болып Қытайдағы Олимпиадаға дипломатиялық бойкот жариялады. Одан дейін Аустралия, Жаңа Зеландия, Канада, Ұлыбритания және Жапония ойындарға қатысушыларын жібермеу туралы шешім қабылдаған болатын.
Бұған жауап ретінде Қытай билігі америкалық саясаткерлер Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялауға шақыруды тоқтатуы керек, әйтпесе Қытай түбегейлі "қарсы шаралар" қабылдайды деп мәлімдеді.
© Андрей Улинкин/ТАСС
Рио карнавалы оралады
Рио-де-Жанейродағы 2022 жылғы көше карнавалы 25 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді. Осы кезеңде қалада 500-ге жуық көше карнавалы шерулері, қойылымдары өтеді деп жоспарланған. Оларды ұйымдастыруға бюджеттен 650 мың долларға жуық қаражат бөлінген. Риодағы самба мектептері жаппай шеруге дайындықты қайта жалғастырып жатқаны және 500-ден астам топ көше фестиваліне тіркеліп қойғаны мәлімдеді.
COVID-19 пандемиясынан қатты зардап шеккен Бразилияда өлім-жітім азайған және елдегі 213 миллион адамның 62 пайызынан астамы қазір толықтай вакцинацияланған. Рио-де-Жанейро мэрі Эдуардо Паес 2022 жылғы карнавал қазіргі әлеуметтік қашықтық талаптарынсыз және басқа шектеу шараларынсыз өтетінін айтты.
Ал, биыл Рио-де-Жанейро коронавирус пандемиясына байланысты әйгілі карнавалдан бас тартқан еді.
Eurovision ән байқауы
66-шы Eurovision ән байқауы 10-14 мамыр аралығында Италияның Турин қаласында өтеді. Италия былтыр Maneskin тобының Zitti e buoni әнімен жеңіске жетіп, жарыстың қожайыны атанды. Айтпақшы, Италияда жарыс үшінші рет өткізіледі. Алғаш рет 1965 жылы Неапольде, содан кейін 1991 жылы Римде өтті. 2022 жылы ауқымды шараға 41 мемлекет қатысады. Жартылай финал 10 және 12 мамырда өтсе, финалды көрермендер 14 мамырда тамашалай алады.
© REUTERS
Гластонбери фестивалі
Ұлыбританиядағы Гластонбери маңында 1970 жылдан бері өткізіліп келе жатқан аты аңызға айналған британдық музыка фестивалі екі жылдан кейін алғаш рет қайта оралады.
2022 жылы фестиваль 22-26 маусым аралығында өтеді. Алдағы Гластонбери фестиваліне билеттер 2020 жылы сатылып кеткен, бірақ содан кейін биылғыдай пандемияға байланысты шара тоқтатылды. Кейін ұйымдастырушылар әртістердің қойылымдары 22 мамырда онлайн режимде өтетінін хабарлады.
Америкалық әнші Билли Эйлиш Glastonbury тобын басқарған ең жас жеке орындаушы болады. Фестиваль өтетін 2022 жылдың маусым айының соңында ол 20 жасқа толады.
Футболдан әлем чемпионаты
Футболдан әлем чемпионаты 2022 жылдың 21 қарашасы мен 18 желтоқсаны аралығында Катарда өтеді. Бұл ел өз тарихында алғаш рет футболдан әлем чемпионатын өткізеді. Сонымен қатар, әлем чемпионаты алғаш рет Таяу Шығыста және Солтүстік жарты шарда күзде және қыста өтеді. Катардағы жаздың қатты ыстығына байланысты кезекті ірі жарыс қарашаның аяғынан желтоқсанның ортасына дейін жалғасады, бұл мамыр, маусым немесе шілде айларында өтпейтін алғашқы турнир.
Араб әлемінде өтетін бірінші әлем чемпионаты – 2002 жылы Оңтүстік Корея мен Жапонияда өткен турнирлерден кейінгі Азияда өтетін екінші ірі жарыс және 32 команда қатысқан соңғы футболдан әлем чемпионаты болады.
Финал 2022 жылдың 18 желтоқсанында 80 000 көрерменге арналған Лусаил қаласындағы ұлттық стадионда өтеді.