- Негізгі бет
- Әлемтану
- Фотограф көзімен: Байқоңыр...
Фотограф көзімен: Байқоңыр ғарыш айлағы
Ирландиялық танымал суретші Эндрю МакКоннелдің көрмесі Ресейде алғаш рет ұйымдастыралады. Көрме ақпанның 28-і мен наурыздың 31-і аралығында Мәскеудегі Космонавтика мұражайында "Оралу" ("Re-entry") деген атпен өтеді.
Көрмеге келушілер еліміздегі Халықаралық ғарыш айлағында түсірілген, осы көрменің негізі болып саналатын суреттерді тамашалай алады.
"Мені ғасырлық өмір салтын сақтап қалған мекен мен жоғары технология тоғысатын бұл жер таңқалдырды. Даладағы қазақтар қазіргі заманның өміріне енуіне қарамастан, өз дәстүрлерін сақтап қалған. Қазақ жерінің бірегейлігі үйлесімде өмір сүретін екі әлемді біріктіруден тұрады дегенге күмән жоқ", – дейді фотограф.
Эндрю МакКоннелл әлемге танымал фотограф. Ол Ганадағы қоқыс мәселесіне назар аударған, Сириядағы босқындар туралы құжатты фоторепортаж жасаған, сонымен бірге, Газа секторындағы шиеленіскен өмірді суреттеген. Ол "World Press Photo" конкурсының жеңімпазы. Сондай-ақ, БАҚ-фотограф ұлттық қауымдастығы сыйлығының 4 рет лауреаты атанған. Конго Демократиялық Республикасындағы дау-дамайды суреттегені үшін халықаралық Луиса Вальтуэнья атындағы фотобайқаудың жеңімпазы атанған.
Назарларыңызға Эндрю МакКоннеллдің Байқоңыр ғарыш айлағында түсірген фотосуреттерін ұсынамыз.
"Мен Қазақстандағы әрбір тоқтаған аймақтағы ауылдарға барып, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, олардың өмір салты мен табиғатын суретке түсіріп отырдым. Мен бұл далада адамзат тарихы шоғырланғанын түсіндім. Бұл жерде біздің өткеніміз бен болашағымыз әр зымыран көкке көтерілген сайын бір-бірімен бетпе-бет келеді. Адамдар қандай мақсатпен ғарышқа ұшпасын, әрқашан олар осы жерге қайтып оралады", – дейді суретші.
Құтқару тобы "СоюзТМА-15М" ғарыш кемесінің келуін күтіп тұр. Қазақстан, 2015 жылғы маусым.
Іздестіру-құтқару тобы "Союз МС-01" кемесін күтіп отыр. "Көгершін" отрядына тиесілі вездеход зымыран Жерге түскесін ауа райының қолайсыз жағдайында да ғарыштық кемелердің қай жерде тұрғанын анықтай алады және оны қауіпсіз жерге тасымалдайды. Қазақстан, 2015 жылғы маусым.
"Көгершін" іздеу-құтқару көліктері "Союз МС-01" капсуласын күтуде. Қазақстан, 2016 жыл, қазан.
Іздеу-құтқару жасағы дат ғарышкері Андреас Могенсенге "СоюзТМА-16М" капсуласынан шығуға көмектесіп жатыр. Қазақстан, қыркүйек, 2015 жыл.
"СоюзТМА-19М" ғарыш кемесі капсуласы Жерге қонды. Қазақстан, 2016 жылғы маусым.
Ресейлік ғарышкер Геннадий Падалка "СоюзТМА-17М" ғарыш кемесімен Жерге оралу сәті. XҒС-да жаңа піскен жемістер сирек кездеседі, сондықтан ғарышкерлерді Жерге оралған сәтінде Алматының апорт алмасымен күтіп алады.
Геннадий Падалка ғарышта ең көп болған ғарышкер. Ол Халықаралық ғарыш станциясында барлығы 878 күн зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Қазақстан, қыркүйек, 2015 жыл.
"СоюзТМА-19М" зымыраны №1 ұшу-қону жолағына тасымалданып жатыр. Қазақстан, Байқоңыр ғарыш айлағы, желтоқсан, 2015 жыл.
Т. Раушанұлы