Бұрын пластиктің кішкентай бөліктері Жердің ең терең нүктесі Мариана шұңғымасынан анықталған еді. Енді олар Жердің ең биік нүктесі Эвересттен де (8848 метр) табылды.
Мариана шұңғымасына сүңгіген ғалымдар күтпеген оқиғаға тап болды
5 миллиметрден кіші және одан үлкенірек микропластиктер Эвересттен алғаш рет анықталып отыр. Ұлыбританиядағы Плимут университетінің ғалымдары Эвересттің әртүрлі нүктелеріндегі 8 бұлақтан 900 миллилитр су және 11 300 миллилитр қар сынамаларын жинаған. Микропластиктер барлық жиналған қар сынамаларында және су ағындарының 3 үлгісінен табылған.
"Эверестте жүргізілген зерттеулер қызық және сынамалар өте жақсы болғанымен, біз қоршаған орта таза болып, пластмасса табылмағанын қалаған едік", - дейді зерттеушілердің бірі.
Эверестте табылған микропластиктердің көп бөлігі синтетикалық талшықтар, киім мен құрал-жабдықтар жасау үшін қолданылатын материалдар болып шыққан. Микропластикті айналада 20 минут жүру, кір жуу немесе пластик ыдыстың қақпағын ашу арқылы таратуға болады екен.
Зерттеушілердің айтуынша, адамдар осы кішкентай пластиктер экожүйеге, ағзаға және адам денсаулығына қандай проблемалар әкелуі мүмкін екенін әлі де толық білмейді.