Ең көп сұранысқа ие 10 компания

Forbes журналы әлемде сұранысқа ие үздік 500 компанияның рейтингін жариялады. Тізімді жасау үшін 60 елдің 2 мың компаниясы берген жауаптарға сараптама жасалған. Олардың үздігін сұрыптау үшін Forbes пен Statista сервисінің сарапшылары 430 мыңнан аса пікір мен анкетаны тіркеген. Сараптамаға қатысқандар тек өз жұмыс орындарына ғана емес, өз саласындағы өзге компанияларға да дауыс берген. Нәтижесінде ең көп дауыс жинаған 500 компания Forbes рейтингіне енді. Назарыңызға жаңартылған рейтинг бойынша әлемдегі үздік 10 жұмыс беруші компанияны ұсынамыз.

Alphabet

Қызметкер саны – 80 110 адам
Капиталы – $766,4 миллиард

Alphabet Inc. – ірілі-ұсақты түрлі компанияларды сатып алып, өзара келісім орнататын холдингтік компания. Оның ең негізгі үлескері – Google. Әлемнің алпауыт компаниясы түрлі сервис пен технологияға ие екені мәлім. Іздеу жүйесі, интернет-сауда, жарнама, YouTubе, бағдарламалар, Android, Chrome, Google Play, Chromecast, Chromebook, Nexus, Google Fiber сияқты толассыз қызмет пен қосымшаның бәрін дәл осы Alphabet холдингі басқарады.

Microsoft Corporation

Қызметкер саны – 124 000 адам
Капиталы – $750,6 миллиард

Microsoft Corporation – сервер мен жеке компьютерлер үшін бағдарламалық жасақтама, технологияларды құру мен қызмет көрсету бойынша дүниежүзіндегі ең ірі компания. Microsoft Windows операциялық жүйесі арқылы танымал. Қазір корпорация сервер бағдарламаларының жинағы, ойындар, бағдарлама құру құралдары сияқты жаңа өнімдер шығаруда.

Apple

Қызметкер саны – 123 000 адам
Капиталы – $926.9 миллиард

Әйгілі Стив Джобс негізін қалаған компания бүгінде сұранысқа ие ірі корпорацияға айналды. Оның ең танымал өнімдері – компьютерлік Macintosh желісі, iPod, iPhone және iPad. 2011 жылдың тамыз айында Apple әлемдегі нарықтық капитализация бойынша ең қымбат компания болды.

Walt Disney

Қызметкер саны – 199 000 адам
Капиталы – $152,1 миллиард

1923 жылы аниматор Уолтер Дисней ашқан студия қазір түрлі сегментті қамтыған холдингке айналды. Көбі Walt Disney компаниясын анимациялық фильмдер арқылы таниды, алайда компания меншігінде түрлі демалыс орындары мен парктер, интерактив медиа құралдары да бар.

Amazon

Қызметкер саны – 566 000 адам
Капиталы – $777,8 миллиард

Amazon.com, Inc. – АҚШ-тың Уашингтон штатында орналасқан халықаралық электрондық саудамен айналысатын компания. Amazon табысының негізі мен жұмысшы көп жұмылдырылған ортасы интернетте. Бірақ Amazon өндірістік бағытта да дамып келеді. Оның өнімдері арасында Kindle электронды кітабы, Kindle Fire компьютер таблеті аса танымал. Қазір компания cloud computing қызметтерін қолға алды.

China National Offshore Oil Corporation (CNOOC)

Қызметкер саны – 19 030 адам
Капиталы – $78,8 миллиард

CNOOC – Қытайдағы CNPC пен Sinopec-тен кейінгі мұнай өндіруші ірі компания. Компанияның Қытайда мұнай және табиғи газ өндіретін бірнеше зауыттары бар. CNOOC– мемлекеттік компания, себебі компанияның 70%-ы ҚХР-ға тиесілі.

Daimler AG

Қызметкер саны – 289 321 адам
Капиталы – $85,7 миллиард

Daimler AG – коммерциялық және премиум-класс автомобильдерін жасайтын неміс компаниясы. Әйгілі Mercedes-Benz автокөліктері осы компанияда шығады. Одан өзге Daimler-дің төрт сегменті бар: Daimler Trucks, Mercedes-Benz Vans, Daimler Buses және Daimler Financial Services. 1886 жылы құрылған компания бүгінде әлемдік автомобиль өндірісінің үздігі атанып отыр.

Kasikornbank

Қызметкер саны – 34 000 адам
Капиталы – $85,7 миллиард

Kasikornbank Public Co. Ltd. коммерциялық банк және құнды қағаздар бизнесімен айналысады. Компания мынадай сегменттерге ие: бірлескен, жеке, қазыналық және қор нарығы, сондай-ақ Muangthai Group холдингі.

Kasikornbank оңтүстік-шығыс Азиядағы үздік банк емес, бірақ 1945 жылдан қалыптасқан оның беделі мен менеджменті біршама қаржыгерді қызықтарады.

Celgene

Қызметкер саны – 467 адам
Капиталы – $61,3 миллиард

Celgene Corporation – обырды емдеуге маманданған биофармацевтикалық, биотехнологиялық компания. Celgene 1986 жылдан бастап Revlimid, Abraxane, Pomalyst /Imnovid, Otezla, Thalomid, Idhifa сынды обырды емдейтін өнімдер шығарып келеді. Дүниежүзіндегі білікті дәрігерлер бұл компанияда өз таңбасын қалдырғысы келеді, себебі Celgene обырға қарсы профилактикалық емге ең озық технологияларды қолданады.

BMW

Қызметкер саны – 129 932 адам
Капиталы – $72,3 миллиард

Bayerische Motoren Werke AG автомобиль және мотоцикл шығаратын ірі компаниялардың бірі. BMW автокөліктер легінен өзге компанияға Rolls-Royce бренді де тиесілі. BMW неміс сапасы деген таптаурынның қалыптасуына зор ықпал етті. Себебі бұл компания 1916 жылдан бері тек сапаға жұмыс істеп келеді. Ал сапа бар жерде бедел де бар. Көп автомеханиктердің бұл компанияда қызмет еткісі келетіні де сондықтан.