Елі жоқ ең көп ұлттар

Жер бетінде елі жоқ, белгіленген шекарасы жоқ, ресми мемлекет болып танылмаған ұлттар аз емес. Тіпті осындай кей ұлттардың саны әлдебір тәуелсіз елдердің халқы санынан да асып түсіп жатады. Бүгінгі айтпағымыз елі жоқ ең көп ұлттар жайлы болмақ.

Еркіндікті сүймейтін жан, тәуелсіздікті аңсамайтын халық жоқ та болар, сірә? Бұл ұлттар да егемен ел болып, еңсесі түзу мемлекет құрғысы келеді. Бірақ кедергі көп, мүмкіндік жоқ.

• Күрдтер

Күрдтер - Таяу Шығысты ежелден мекендеп келе жатқан халықтардың бірі. Қазіргі таңда Түркия, Иран, Ирак пен Сирия елдері аумағында өмір сүреді. Бұл елдермен шектесетін Ауғанстан, Армения, Грузия мен Әзірбайжанда да күрдтер көптеп кездеседі. Әлем бойынша күрдтер саны бейресми деректер бойынша 38 миллионнан асады екен.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, күрдтер тәуелсіздігін алу үшін әр жылдары бас көтеріп отырған. Тіпті соңғы жылдары да өздерін егемен ел ретінде жариялап, референдум өткізуге талпынды. Бірақ Ирак та, Иран да, Түркия да күрдтердің бұл ұсыныстарын қабыл алған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, отау ішінен отау тігуге немесе жерін бөліп, еншісін алуларына түбегейлі қарсы.

Аталған аймақтардағы күрдтер өз жерлерін Күрдістан деп атайды. Өздерінің жеке мемлекеттік рәміздері бар. Медиа-холдингтері де жұмыс жасайды. Онға жуық телеарналары күрд тілінде хабар таратады.

Қазақстанда да күрд диаспорасы бар. Қазақ жерінде олардың тұра бастағанына 80 жылдан асып барады. Елімізде  12  этномәдени  орталығы  мен  күрдтердің  республикалық "Барбанг" қауымдастығы жұмыс істейді.

Қазақстанда тұрып жатқан күрдтер өздерінің дәстүрі мен  мәдениетінің  ерекшеліктерін  сақтай  отырып,  барлық этностар өкілдерінің арасындағы достық, бірлік пен түсіністік саясатын қолдайды. Негізінен Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында қоныстанған.

Сығандар

Сыған халқының тарихы V ғасырдан бастау алады. Сол кезеңде Үнді падишағы 1000-ға жуық әнші, бишілерден құралған, сауық-сайранмен өмір сүретін өнерпаздар тобын Парсы патшасына сыйға тартыпты. Осылайша сығандар Парсы жерінде өмір сүре бастайды. Уақыт өте парсыларға арабтар шабуыл жасап, жергілікті халықты күштеп Ислам дініне кіргізген. Осы кезеңде өздерінің наным-сенімдерін, дәстүрін, тілін сақтап қалу үшін сығандар жан-жаққа бытырап көше бастайды. Сол заманда өзінің тарихи мекенінен, отанынан айырылған сыған жұрты әлі күнге дейін Жердің түкпір-түкпірінде үйсіз-күйсіз күн кешіп жүр.

Антарктидадан басқа барлық құрлықта сығандар тобыры бар. New York Times басылымының ақпараты бойынша, қазіргі кезеңде олардың саны 11 миллионға жуық екен.

1971 жылы Лондонда тұңғыш рет Дүниежүзілік сығандар конгресі өтті. Өздерін ресми мекені жоқ ұлт ретінде жариялады. Сондай-ақ 8 сәуірді сығандар күні деп бекітті.

Тақырып бойынша толық ақпаратты "Массагет" сайтының "Біле жүріңіз" видеотоптамасынан біле аласыздар.

• Тибеттіктер

Тибеттіктердің өзіндік тарихы, мәдениеті, тілі мен діні бар. Тек тәуелсіз елі жоқ. Олардың өмір сүретін аймағы Қытай жерінде орналасқан.

Тибет халқы әртүрлі тарихи кезеңдерді бастан өткерді. Тәуелсіз ел де болды. Бір кездері Моңғол империясы, Цинь империясына да бағынды. 1949 жылға дейін еркін болған ел Қытайдың қысымына ұшырады. Қысымына ұшырап қана қоймай, қанды қақтығыстан кейін аспан асты елінің қол астына енді. Дегенмен Тибет басшылығы бағынбай, Үндістан асты. Әлі күнге дейін өзіндік заңдары бойынша жұмыс жасап келеді.

Қазіргі таңда Қытай билігінің сол бір саяси ұстанымы мен әрекетін Далай лама ХІV геноцид деп айыптап келеді. Ал Қытай үкіметі 1959 жылдан кейін Тибетте құлдық жойылып, сауаттылық деңгейі көтеріліп, халықтың өмір сүру деңгейі артты деп жауап беріп келеді.

• Каталондықтар

Испан билігі бас қатыратын мәселелердің бірі - каталондықтар. Мәдениеті мен тарихы бай ұлт жыл сайын тәуелсіздігін алу үшін бас көтеріп келеді. Испан билігі Каталонияны қол астынан шығарғысы келмейді. Себебі бұл аймақ корольдіктегі ең ірі өнеркәсіп пен кеме порттары орталығы. Туристер де ең көп келетін мекендердің бірі.

Каталониядағы халық саны 7,5 миллионды құрайды. Бұл Испания халқының 16,4%-на тең. Каталондықтардың 95%-ы өз тілдерін жетік біледі. Бұл тіл Еуропада кең тараған тілдер рейтингінде 9-орында тұр. Бірақ Еуроодақтың ресми тілдер тізіміне енбеген.

Тәуелсіздік алу жайы бойынша Каталония билігі референдум да өткізді. Халықтың таңдауы екіге бөлініп келеді. Біреулер қолдауда, біреулер қарсы шығуда.

2017 жылы өткен референдумға халықтың 43%-ы қатысып, оның 90,18%-ы тәуелсіздікті қолдады. Бірақ жартысынан көбі дауыс беруге келген жоқ. Еуропадағы елдердің басшылығы да Испанияның біртұтас болғанын қолдап келеді.

• Сикхтер

Сикхизм қазіргі Үндістанның солтүстік аймағында XV-XVI ғасырларда пайда болған сенім. Бұл діни түсінік адамдар ортасын қалыптастырды. Олар өздерін бір ұлт деп санайтын дәрежеге дейін жетті.

1980 жылдар сикх сепартистері Халистан елін құрамыз деп билікке қарсы бас көтерді. Жер бетіндегі жан біткеннің барлығына құрметпен қарауды басты мақсат тұтатын сикхтер сенімі өзгергендей болды. Елде түрлі лаңкестік жарылыстар жасап, билікке қауіп төндірді. Тіпті Үндістан тарихындағы тұңғыш әйел премьер-министр Индира Ганди да осы сикхтер қастандығынан қаза болды. Осыдан кейін барып билік пен сикхтар арасындағы қақтығыс өршіді.

Сикх сепаратистері 1986 жылы ресми түрде Халистанды құрғанын жариялады. Әйткенмен ел билігі қатаң жазалап, басып жаншып қақтығысты тоқтатты. Қазіргі таңда Үндістан сикхтарға еркіндік беріп, діни автономия болуына рұқсат еткен.

• Ұйғырлар

Орталық Азияда ежелден өмір сүріп келген халықтардың бірі - ұйғырлар. Көп бөлігі Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында тұрады. Сондай-ақ Қазақстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда және Таяу Шығыс елдерінде де ұйғырлар саны басым.

Тарихқа зер салсақ, ұйғырлардың қағандығы да болған. Әр кезеңдерде әрқилы күй кешті. Ақыры әлем картасына тәуелсіз ел ретінде ене алмады.

Ұйғырлар Қазақстандағы халық саны көп диаспора қатарына жатады. Қазақстанның оңтүстік-шығысымен шектесіп жатқан Қытай елінде, яғни, Шынжаң-ұйғыр автономды  ауданында  11 миллионға  жуық  ұйғыр тұрады. Ал әлемдегі  ұйғырлардың саны 20 миллионнан асып жығылады екен.

Ұйғырлар Қазақстан аумағына алғаш рет XIX ғасырдың соңына таман келіп қоныстанған.