Дүниежүзі елдері қорқатын сандар

"Сандар әлемді билейді" деген екен ұлы ғалым Пифагор. Ал пифагоршылар санның қасиетіне қатты мән беріп нумерологиямен айналысқан. Олардың айтуынша, әр адамның өмір жолын белгілейтін өз саны болады екен.

Батыс және Шығыс елдері қорқатын сандар

Әлем жұрттары кейбір сандардан өлердей қорқады. Мысалы, батыс пен орыс жұрты 13 санын аса жақтырмайды. 13 саны жұма күніне тура келсе батыстықтар тіпті үрейленеді. Себебі жұма, 13-і күні 1307 тамплиер рыцарьлары өлім жазасына кесілген. 13 санынан Шығыс халқы да қорқады оның басты себебі 13 санынынң қосындысы 1+3= 4 санын білдіреді. Ал төрт саны жапон, қытай тілінде "ши" деп оқылады, бұл өлім деген мағынаны білдіреді. Шығыс халықтарының 4 санынан  қорқуы ғылым тілінде "тетрафобия" деп аталады.

Бұл туралы жапонтанушы Шарафат Жылқыбаева: "Шығыс Азия халықтары 4 санын қоғамдық өмірде қолданбауға тырысады. Мәселен, аталмыш мемлекеттерде перзентхана, ауруханалар ғана емес, лифт нөмірлерінен де 4 цифрын кездестірмейсіз. Тұрғын үйлерде 4-ші нөмірлі пәтер жоқ. Көшедегі көліктердің нөмірінен де бұл цифр байқалмайды. Сондай-ақ Шығыс Азия халықтары нөмірінде 4 саны бар ұшаққа мінуден қорқады. ...Жапонияда 9 саны да азапталу иероглифімен мәндес. Бұл мемлекеттің ауруханаларында 9-нөмірлі палата жоқ. Тоғыздың азапталуды білдіретін "курушиму" деген сөзге негіз болатын "ку" иероглифімен дыбысталуы бірдей болғандықтан ауруханаларда тоғызыншы қабат, тоғызыншы палата деген атымен жоқ.”, - дейді.

Шынында да Шығыс Азия елдерінде 4 саны қолданылмайды. Оның орнына қытай, жапон, корейлер 3+a, 3+b деген таңбаны қолданғанды мақұл көреді. Лифтіде 12-ден кейін бірден 15 саны көрсетіледі.

Латынамерика елдері қорқатын сандар

Латынамерикалықтар болса 6 санын қолданбауға тырысады. Не себепті екені белгісіз. Ал көне кітаптарда 666 саны "жын саны" деп жазылған. Латынмерикалықтардың 6 санынан өлердей қорқатыны содан болса керек. Шынында да 666 нөмірлі автокөліктер басқа нөмірлі көліктерге қарағанда жиі апатқа ұшырайды екен.

АҚШ халқы қорқатын сандар

Ал АҚШ-та 11 санын ұнатпайды. Себебі 11 қыркүйекте егіз мұнараға ұшақ соғылып көптеген адам қаза болды. Олар 11 санын бақытсыздық деп есептейді.  Нумерологтар АҚШ-тағы апатты осы санмен байланыстырады. Олардың айтуынша: "Манхэттендегі қос мұнараға соғылған ұшақтардың рейс нөмірлері де "11" санымен таңбаланған. №11 рейсті алғашқы ұшақ бірінші мұнараға соғылған. Ұшақта 92 жолаушы болған. Енді бөлшектеп жіберсек, 9+2=11 деген сан шығады. Ал екінші мұнараға соғылған ұшақта 65 адам болғаны белгілі. Тағы да бөлшектеп жіберсек, 6+5=11.


Нумерологтар егіз мұнараның өзі ұзақтан қараған адамға 11 саны болып көрінетінін айтады.

Сондай-ақ үнді нумерологтары қаланың тарихына да зерттеу жүргізіпті. Сөйтсе, Нью-Йорк Америка Құрама Штаттарына есеп бойынша 11-болып еніпті. Ал қос мұнара (кей жерде егіз мұнара деп жатады) орналасқан Манхэттен аралы ХVII ғасырда 11 қыркүйек күні ағылшын теңіз саяхатшысы Генри Гудзон ашқан екен. Қаланың ағылшынша жазылатын транскрипциясына назар аударсақ та (New York City) 11 деген сан шығады. Бұдан кейін АҚШ "бізге шабуыл жасады" деп зымырандық соққы беріп, басып кірген ел – Ауғанстан да ағылшынша жазылғанда (Afghanistan) 11 саны шығып тұр. Ал сол 11 қыркүйек күні үшінші бір ұшақ құлаған Пентагонның (АҚШ Қорғаныс министрлігі орталығы) ағылшынша нұсқасына қарайтын болсақ, (the Pentagon) 11 деген санды көреміз.

Бұл жөнінде Ресей академигі, эзотерия саласын зерттеуші Борис Шапиро-Тулин: "11 саны барлық құпия кітаптарда "жын" деген мағына береді. Тіпті Каббалада – 11 саны екі бағанадан тұрады, бұл ашу-ыза, соқыр қара күш деген мағына береді", - дейді.

Қазақ халқы үшін 13 саны киелі саналады

Ал қазақ халқы керісінше сандардан жамандық іздемейді. Мысалы, Талғат Бигелдинов орыстар қорыққан 13 нөмірлі ұшаққа отырып, Кеңес Одағының 2 рет батыры атанды. Біздің елде 4, 11 және 13 санына қатысты ешқандай ырым-тыйым жоқ. Керісінше 13-те отау иесі деп, 13 санын қасиетті сан деп есептейді. Мысалы Шығыс халқы жазбайтын 40 санын да қазақтар қасиетті санайды. "Қырықтың бірі қыдыр", "қырық қысырақ" дейді. Сәби өмірге келгеннен кейін қырық күн өтіп қырық қасық суға шомылдырады. Адам өмірден өткенде де қырық күннен соң ас беріп, еске алады.