Бүгін Қазанда Рустам Миннихановтың Татарстан Республикасының президенті лауазымына кірісу салтанатты рәсімі өтті. Рәсім Салих Сайдашев атындағы үлкен мемлекеттік концерт залында өтті.
Татарстан Президентін салтанатты ұлықтау рәсіміне 700-ден астам адам шақырылды. Оған депутаттар, Татарстан үкіметінің мүшелері, министрлік пен ведомстволар, кәсіпорын басшылары, федералдық билік органы, қоғамдық ұйым өкілдері, Ресей өңірлерінің басшылары қатысты.
Құрметті қонақтардың ішінде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Дариға Назарбаева, Татарстан бірінші президенті Минтимер Шаймиев, Түркия экономика министрі Нихат Зайбекджи, РФ президентінің Приволжск федералдық округінен өкілі Михаил Бабич болды.
Салтанатты ұлықтау рәсімін мемлекеттік кеңес төрағасы Фарид Мухаметшин ашты. Ол рәсімді ресми ашық деп жариялағаннан кейін Ресей мен Татарстан мемлекеттік туы мен ТР Президентінің байрағы енгізілді. Қолын Конституцияға қойған Рустам Минниханов салтанатты түрде ант берді.
«Татарстан Республикасы халқына адал қызмет етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, ТР мемлекеттік егемендігін қамтамасыз етуге, РФ Конституциясын, ТР Конституциясын және ТР заңдарын сақтауға, маған жүктелген ТР Президентінің жоғары міндеттерін адал орындауға салтанатты түрде ант етемін», - деді ол.
Дереккөз: Baq.kz