- Негізгі бет
- Әлемтану
- Дегелек қандай құс?...
Дегелек қандай құс?
Қазақ халқы дегелекті аққу сынды өлең-жыр, аңыз ертегілерге көп арқау етпеген. Дегенмен ерекше қастерлейтін құстар қатарында.
Дегелекті Еуропа жұртшылығы ерекше құрметтейді. Тіпті жеткіншектер бойына "сәбиді ақ дегелек алып келеді" деген нанымды да қалыптастырған. Оны кей мультфильмдерден де байқауға болады.
Дегелекті кейде ләйлек деп те атайды. Бұл жайында ақын Есенғали Раушановтың "Дегелек (Досымның әңгімесі)" әңгімесінде: "Дегелек, шынында, әдемі құс. Өзбектер оны ләйлек дейді екен. Оңтүстік қазақтары болса бірде ләйлек, бірде дегелек дей береді" - деп жазады. Бұл құс туралы біраз деректер айтқан. (Танымдық құнды дүниені осы сілтемеге өтіп оқи аласыз).
Дегелек қазақ үшін бұрын таңсық болмаған. Адамға үйірсек келеді. Ұясын биік мұнара, мешіт, мазар төбелеріне салады. Өкінішке қарай, оны қазір кездестіру қиын. Оның басты себебі экологиялық ахуалға байланысты болса, екіншіден жұртшылықтың табиғатқа деген теріс әрекеті де дегелектің көбеюіне кері әсерін тигізуде.
Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген ақ және қара дегелек Жамбыл облысында сирек те болса бой көрсетіп тұрады. Оларды өзге құстардан ажырату қиын емес. Ұзын тұмсықтары мен сирақтары бірден көзге шалынады. Ақ дегелектің түсі ақ, қанатының ұштары қара, бауыры қарақошқылдау болып келсе, қара дегелектің түсі керісінше, үсті қара, қанаттарының ұштары ақ, бауыры бозғылт келеді.
Дегелектер адамнан қорықпайды, үлкен ұя салады. Бұлар көп жылдар бойы бір ұяда қоныстайды, сондықтан осыған байланысты махаббат пен сенімділік символы да саналған. Дауысы жоқтың қасы, күй-ойнақ кезеңінде аталығы басын арқасына қойып, тұмысығымен жиі соғып, барабан даңғылығындай дыбыс шығарады, ол кәдімгідей қашықтықтан естіледі. Ұясында 3-6 кұңгірт ақ жұмыртқасы болады. Ақ дегелек тек жануар тектес қорекпен (ірі жәндіктер, бақа, кесіртке, балапандар және көжектермен) қоректенеді.
Көктем жаршысы саналатын, яғни жылы жақтардан ерте көктемде ұшып келетін дегелек ауа райы қолайлы жылдары мекенінде қыстап та қалады.
Кей халықтар дегелекті "бақыт құсы" деп қастерлейді.
Н. Үсенова